Төгілген тердің өтеуі

Жетісу облысының әкімі Әлем чемпио­ны Исхар Құрбаевқа құрмет көрсетті. Қазақ балуандары грек-рим күресінен көптен бері әлемдік додада жүлде ала ал­май жүрген еді. Ересектерді айт­па­ғанда, жас­тар арасында топ жарма­ға­ны­мызға жеті жылдан асып­ты.

Ал жетісулық  балуан Нұрбақыт Теңіз­баев­ жастар арасында Әлем чемпионы атан­ғалы бері 20 жыл,  Олим­пиа­дада жүлде алғалы бері 15 жыл өтіп кетіпті. Әлем чемпионатында жүл­де бұйыр­ма­ған сол жеті жыл­дық үзілісті же­тісулық жас балуан Исхар Құрбаев бұзды. Ол Иор­данияның Амман қаласында грек-рим күре­сі­нен жастар ара­сында өткен Әлем чем­пионатында топ жарып, жеңім­паз атанды.  

Исхардың жетістікке жетуі жо­лын­да әкесі әрі жеке бапкері Мұхамет Нұ­ғымановтың үлесі зор. Бала­сы­ның бойындағы спортқа деген бейімділікті ерте байқаған әке оның ыңғайын тап ба­сып, жаттықтырудан жалыққан емес. Кіш­­­­кентайынан күрес әліппесімен та­ныс­тырып, өзі білетін айла-тәсілдің барлығын үйре­тіп, бала қырандай баулыды. Аянбай тер төкті және ұлының да жеңіске деген жі­герін жанып, тасқайрақтай қайрады. Сен­ді, үміттенді. Жыл сайын шеберлігі шың­далған Исхар да белестерді біртіндеп ба­ғындыра бастады. Облыста оза шауып, рес­публикада олжа салды. Халықаралық жа­рыстарда алдан көрінді, құрлықтық до­даларда жеңіске жетті. Осылайша, са­тылап өсіп, жастар арасындағы әлем чем­пионатына жолы түскенде барын са­лып, елімізге алтын медальмен оралды. Иор­дания астанасы Амманда өткен жас­тар арасындағы әлем чемпионатында 55 келіде күрескен қазақ балуанына қарсылас шақ келмей, тұғыр төрінде тұрды. Фи­налда әзербайжан Фарид Садихилиді ой­сырата ұтқаннан кейін қуаныштан кі­лем үстіне атып шығып, еліміздің көк Бай­­­рағын ұлының үстіне жауып, жа­на­рына жас үйірген әкенің үкілі үміті ақ­тал­ды. Грек-рим күресінен жастар арасында қа­зақ балуандары әлем чемпионатында жеңіс­сіз келе жатқан 7 жылдан соң жар­қын жеңіс барлығымызды қуантты. Бұған дейін Әсет Мәмбетов (2000, 2001), Нұр­бақыт Теңізбаев (2003), Артур Үмбетқалиев (2006) және Тамерлан Шадукаев (2016) сын­ды жастар арасында топ жарғандар қа­тарына тағы бір жаңа есім қосылды. 

Исхар бүгінгі биігіне аяқастынан жет­кен жоқ. Чемпиондыққа дейін шелектеп тер төкті. Талай сынақта қа­ра үзіп шықты. Ол грек-рим күресінен Қа­зақ­станның спорт шебері. 2018-2019 жыл­ғы кадеттер арасында әлем және екі дүркін Азия чемпионы. 2023 жылы ересектер ара­сында грек-рим күресінен Қазақ­стан­ның чемпионы. Сондай-ақ 2023 жылғы ақ­пан айында өткен Қазақстан Рес­пуб­ли­касының VI Жазғы спартакиадасының кү­міс жүлдегері. Әр белесті ретімен бағын­ды­рып келе жатқан балуанның алдағы жос­пары да осал емес. Жастар арасында әлем чемпионатының алтынын алып елге орал­ған сәтте әуежайдан қаумалап күтіп алғандар алдында басты мақсатын жайып сал­ған болатын. «Жаттығуларымды үзбей­мін, әлі де шыңдалу керек, кілем үстінде жі­берген қателіктерден сабақ алып, түзету ке­рек. Алдағы олимпиада ойындарына қа­тысып, ел намысын абыроймен қорға­ғым келеді. Мені қолдаған жанкүйерлерге, туған-туыс, достарыма алғысым шексіз. Еліміздің Туы әрдайым биікте желбіреп, Әнұранымыз әуелей берсін», – деген жан­күйер­лері алдында су жаңа әлем чем­пио­ны. 

Парижде өтетін олимпиада ойын­дары­на да бір жылдай уақыт қал­ды. Оған дейін Исхар бар күш-жігерін сол дүниежүзілік додаға жолдама алу жолында жұм­самақ. Грек-рим күресінен Нұрбақыт Теңізбаевтан кейін олимпиадада жүлде ал­ған қазақ балуаны жоқ. Жетісулық балуан­ның даңқты жолын келесі жеті­су­лық қайталайды деген сенім үлкен. 

Күні кеше жастар арасындағы әлем чем­пионы мен оның жаттықтырушысын арнайы қабылдаған Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев та өзінің құттықтауы барысында осындай ойды айтты. 

– Жетісу таланттарға кенде емес. Со­ның ішінде спорттан дарындыларымыз талай биікті бағындырып жүр. Осыдан 20 жыл бұрын жерлесіміз Нұрбақыт Теңізбаев осы грек-рим күресінен жастар арасында әлем чемпионы атанып, 2008 жылы олим­пиа­да ойындарында жүлдегер болған еді. Ен­ді, міне оның жолын сен жалғап, әлем жас­тары арасында үздік шықтың. Бұл же­тіс­тігің біріншіден, өзіңнің күш-жігерің мен тынымсыз еңбегіңнің арқасы, екін­ші­ден, сені 7 жастан осы күреске баулып, жат­тықтырған әкеңнің еңбегінің жемісі. Сен тек өз әулетіңді, Жетісу өңірін ғана емес, Қазақстанды әлемге таныттың. Енді ере­сектер арасында топ жарып, Олимпиа­да шыңына шығуыңа тілектеспін. Шар­ша­май-талмай жаттығып, еңбектен. Біз саған барлық жағынан қолдау көрсетеміз, – деді облыс әкімі.

Жас спортшы әкіммен әңгіме ба­ры­сында Әлем чемпионаты­ның қалай өткенін қысқаша айтып берді. Сол сияқты өзінің спорттық жолы, ең мықты қар­сыластармен белдесуден кейінгі түй­ген ойлары, алдағы жоспарлары жайлы баян­дады. 

– Жастар арасында Әлем чемпионы атан­ғаным менің ғана емес, еліміздің жеңі­сі деп білемін. Алда жоспарларым көп. Олар­дың бәріне тынбай жаттығудың ар­қа­сын­да жетемін деп ойлаймын, – деді Исхар Құрбаев. 

Жаттықтырушы Мұхамет Нұғыманов шә­кіртінің келесі жылы ересектер арасын­да белдесетінін білдірді. «Исхар қазір Алма­тыдағы Спорт және туризм акаде­мия­сының 3-курсында оқиды. Жаттығуға, үл­кен мақсаттарға жетуге барлық мүм­кін­дігі бар. Көрсеткен қолдауларыңыз үшін алғыс айтамыз», – деді бапкер әке. 

Облыс әкімі спортшы мен оның жат­тық­тырушысын Құрмет грамотасымен ма­рапаттап, чемпионға 1 млн теңгенің сер­тификатын тапсырды. 

Болат АБАҒАН,

Жетісу облысы