Жалпы, жыл сайын облыс орталығында көпқабатты тұрғын үйлерді абаттандыру, қасбеттеріне күрделі жөндеу жүргізу, инженерлік коммуникациялық инфрақұрылымды дамыту бағытында атқарылған жұмыстар ұшан-теңіз. Соның ішінде маусым айынан бастап демеушілердің қолдауымен облыс орталығындағы 28 үйдің қасбеті заманауи панелдермен қапталуда. Соңғы үлгіде жаңарып, сапалы материалдармен қапталған тұрғын үйлердің қасбеттері қаланың сәулеттік келбетін айшықтай түсті. Аталған жұмыстар жергілікті демеушілердің ықпалымен жүргізілді. Нақты айтқанда, бұл қала құрылысшылары мен кәсіпкерлердің қолдауымен жүзеге асырылып отыр.
Сонымен қатар осы жылы облыс орталығының тұрғын үй құрылысын дамытуға, инженерлік және инфрақұрылымды жақсартуға бюджеттің барлық көзінен 121,2 млрд теңге бөлінген. Ауқымды жобалар сапалы жүргізіліп, ел игілігіне берілмек.
Бұған қоса, қалада құны 1,6 млрд теңгені құрайтын неке сарайының іргесі қаланды. Сондай-ақ 3,7 млрд теңгеге 1000 орындық «Өнер орталығы», 2,8 млрд теңгені құрайтын «Облыстық қан орталығы» мен Сырдария өзенінің сол жағалауынан жалпы құны 1 млрд теңге болатын автобекет құрылысы жүргізіліп жатыр. Сол сияқты өңірдің инфрақұрылымдық әлеуетін арттыруда «Қорқыт ата» әуежайының жаңа терминалы үлкен маңызға ие. Бұл нысан Болат Өтемұратов қорының қолдауымен 25 млн АҚШ долларына салынуда.
Облыс орталығында жүзеге асырылып жатқан өміршең жобалар мұнымен шектелмейді. Белгілі кәсіпкер Марат Дүйсенбаевтың демеушілігімен құны 1,5 млрд теңгені құрайтын «Анаға тағзым» орталығының құрылысы сәтті аяқталуға жақын. Көп ұзамай осы орталық пен «Неке сарайы» ел игілігіне пайдалануға беріледі деп күтілуде.
Биыл Қызылорла облысының 85 жылдық және қаланың 205 жылдық торқалы тойын кең көлемде атап өту жоспарланып отыр. Қос мерекенің арнайы жоспары бекітіліп, түрлі деңгейдегі мәдени-көпшілік шаралар өткізу көзделуде.
«Сыр өңірінің 85 жылдық мерейтойын жоғары деңгейде атап өту мақсатында облыс аумағында көп шара ұйымдастырылатын болады. Соның ішінде кітап көрмелері, жыр кештері, Қызылорда туралы ретро-концерт, халықаралық фольклорлық музыкалық өнер фестивалі, республикалық ақындар айтысы, бірқатар мемлекет және қоғам қайраткерінің өмірі мен қызметіне арналған танымдық конференциялар өтеді. Сондай-ақ аймақтың қоғамдық-саяси дамуы мен тарихи оқиғалардан сыр шертетін республикалық ғылыми-практикалық конференция өткізу жоспарлануда. Қазір облыстың тарихын кеңінен баяндайтын «Қызылорда облысы: тарих, бүгін, болашақ» тақырыбында арнайы деректі фильм түсіру қолға алынды. Жалпы, мереке қарсаңында атқарылатын жұмыстар мен өткізілетін шаралардың ауқымы кең», – деп түсіндірді бұл жайында арнайы өткізілген брифингте Қызылорда облысы әкімі аппаратының басшысы Шахмардан Байманов.
Мерейлі күнді қала аумағында да кең көлемді атап өту қазірден бастап жоспарланған. Бұл жайында Қызылорда қаласының әкімі Асылбек Шәменов былайша түсіндірді.
«Қала күні барша қызылордалық асыға күтетін мерекеге айналды. Биыл мерейлі күн аясында 20 тармақтан тұратын іс-шаралар жоспары бекітілді. Осы жоспарға сәйкес, қыркүйек айынан бастап қазан айының екінші онкүндігіне дейін қала тұрғындары мен қонақтарына мерекелік көңіл күй сыйлайтын түрлі іс-шара ұйымдастырылады. Соның ішінде Жастар ресурстық орталығының ұйымдастыруымен ауқымды шаралар, жастардың карнавал шеруі мен республикалық жайдарманшылардың фестивалі өткізіледі. Сонымен қатар облысқа қарасты 7 аудан ауыл шаруашылығы жәрмеңкесін ұйымдастырып, соңы мерекелік концерттік бағдарламаға ұласады», – деп атап өтті брифингте қала әкімі.
Жалпы, осы күні тәрбиелік-танымдық бағыттағы түрлі жиын мен көңілді кеш көпшілік назарына ұсынылып, мерекені жоғары деңгейде атап өту көзделіп отыр. Соған орай құрылыс алаңына айналған Сыр еліндегі әрбір серпінді іс қос мерекеге толағай тарту болары сөзсіз.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы