Бұл жаңа жатақханаға Алматы қаласындағы жоғары оқу орындарының жатақханаға мұқтаж білім алушы жастары орналастырылады.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың жатақхана тапшылығын жою бойынша берілген тапсырмасын жүзеге асыру мақсатында 300 орындық жаңа жатақхана студенттер үшін пайдалануға беріліп отыр.
“Елімізде жатақхана мәселесі өте өзекті. Алматы қаласында жатақхана тапшылығы жоғары. Осы мәселе бойынша біз екі бағыт бойынша жұмыс істеп жатырмыз. Біріншісі, жекеменшік хостелдермен және қонақүйлермен келісімшартқа қол қойылды. Осы келісім арқылы қосымша 10 000-нан астам төсек-орын табылып отыр. Бүгінде қалада жер тапшылығы бар. Сондықтан, екінші бағыт – ол қайта жөндеу жұмысы. Яғни, бизнесі құлдырап кеткен академиялық немесе жекеменшік ғимараттарында біз қайта жөндеу жұмыстарын жүргізіп, жатақхана ретінде қайта жасақтап жатырмыз. Бүгінгі жатақхана осы екінші бағыт бойынша ашылып отыр”, – деді министр Саясат Нұрбек.
Ғимаратта қайта жөндеу жұмыстары 2023 жылдың бірінші жартысында басталған болатын. Жатақхананың ішкі сәулеті шетелдік көшбасшы университеттердің дизайны негізінде жасалды. Нысан тиісті талаптарға толық сәйкес келеді.
Төрт қабаттан тұратын жатақханада асхана, демалыс бөлмелері, кір жууға және кептіруге арналған тұрмыстық бөлме, әр қабатта өз ас үйі мен оқу залдары қарастырылған. Сондай-ақ әр секцияға тоңазтқыш, заманауи душ кабиналары мен жаңадан жиһаздар қойылған. Қауіпсіздікті қамтамасыз ету үшін бейнебақылау жүйесі орнатылған.