«Tomiris» жобасының екінші легі мәресіне жетті

Елордада әйелдер саяси көшбасшылығын ілгерілетуге бағытталған «Tomiris» жобасына қатысушыларды қарқынды оқыту курсы аяқталды. «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы жүзеге асырған жобаның 42 қатысушысы көпшілік алдында сөз сөйлеуді, тиімді қарым-қатынас орнатуды, PR негіздері, эмоционалды интеллект қалыптастыруды және жобаларды басқаруды үйренді.

Партия Хатшысы Шолпан Каринова жобаға қатысуға қызығушылық танытқан адамдар саны көп болып, бас-аяғы 300-ден астам өтінім келіп түскенін атап өтті.  

«Жалпы, еліміздің қоғамдық-саяси өмірінде әйелдердің рөлі артып келеді. Бұл жоба – соның жарқын дәлелі. Мемлекеттік басқару ісіне әйелдердің араласу аясын кеңейту, олардың басқарушылық және көшбасшылық әлеуетін арттыру – «AMANAT» партиясының басты мақсаттарының бірі», – деді ол.

Оқыту барысында қатысушылар көшбасшылық, саяси үдерістер, қақтығыстарды басқару стратегиясы, Қазақстанның партиялық-саяси жүйесі және тағы басқалар бойынша жетекші жаттықтырушылардан білім алды. Сондай-ақ қазақстандық танымал саяси қайраткерлер мен сарапшылар, атап айтқанда Мәжіліс депутаты, «AMANAT» фракциясының мүшесі Жұлдыз Сүлейменова және парламентаризмді дамыту қорының президенті Зәуреш Батталова, Қазақстан халқы Ассамблеясы хатшылығы меңгерушісінің орынбасары  Индира Рыстина дәріс оқыды.

«Осында алған білімімізді өз өңірімізде пайдаға асырамыз. Әділетті Қазақстанды құру, елдің әлеуметтік-экономикалық жағдайын жақсарту, отбасы институтын қолдау және қорғау жолында әйел көшбасшылар айрықша рөл атқарады», – деді «Tomiris» жобасына қатысушы Гүлшат Мұсаева.

Бұған дейін жобаға қатысушылардың алдында Бундестаг (Германия Парламенті) депутаты Кристиане Шендерляйн сөз сөйлеген еді. Оның айтуынша, әйелдердің басқарушылық әлеуетін жетілдіруге бағытталған жобалар – қоғамды дамытудың өте маңызды пункті.

«Екінші дүниежүзілік соғыстан кейін көп өзгеріс болып, соның нәтижесінде Германияда ерлер мен әйелдер теңдігі заңнамалық деңгейде бекітілді. Бұл қадам қоғамда, саясатта және өзге де салаларда әйелдер қауымы көптеп басшылық лауазымдарды атқара бастауына ықпал етті. Бүгінде Бундестагтағы әйелдер үлесі 36,5%-ды құрайды. 2019 жылдан бастап «Христиан-демократиялық одақ» партиясында паритеттік тізім пайда болды. Соған сәйкес, партияға қабылданатын әйелдер мен ер адамдар саны – теңбе-тең», – деді ол.

Еске сала кетейік, «Tomiris» жобасын «AMANAT» партиясының Саяси менеджмент академиясы ҚР Президенті жанындағы Әйелдер істері және отбасылық-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның және Қазақстандағы Конрад Аденауэр атындағы қордың қолдауымен жүзеге асыруда.

«Tomiris» жобасы осымен екінші мәрте өткізілді. 2022 жылы 30 қатысушы осындай бағдарлама бойынша оқудан өтті. Олар өз өңірлеріндегі әлеуметтік-экономикалық жағдайды жақсартуға бағытталған бірқатар саяси және қоғамдық жобаны жүзеге асырды.       

Айта кетсек, Қ.Айдарханова Ақтөбе облысында «Дем» әлеуметтік жобасын, Ұ.Шілібекова Түркістан қаласында қыздарға арналған көшбасшылық жобасын, А.Ақшалова Жамбыл облысында ауыл әйелдеріне арналған жобаны іске асырды. 

Сонымен қатар, қатысушылардан кадр резерві құрылып, оның 12-сі облыстық, қалалық және аудандық мәслихаттардың депутаты болып сайланды.