Полиция қызметкерлері Астана қаласының тұрғынын аяусыз сабағаны туралы ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады

Тәртіп сақшылары 46 жастағы ер адамды қоғамдық орында мас күйде жүргенін көрген.

Абай облысының Полиция департаменті әлеуметтік желіде «Семей қаласының полиция қызметкерлері Астана қаласының тұрғынын аяусыз сабағаны» туралы ақпаратқа қатысты ресми мәлімдеме жасады.

Облыстық Полиция департаментінің мәліметінше, тәртіп сақшылары 46 жастағы ер адамды қоғамдық орында мас күйде жүргенін көрген. Сол үшін оған әкімшілік хаттама толтырған.

«Бұл мәселе бойынша тексеру жүргізілді. Полицейлердің бақылау камералары мен бейнежетондарының жазбалары зерттелді. Жазбаларда полицейлердің ер адамды медициналық айықтырғышқа апарып, медицина қызметкері жеткізілген адамды тексеріп, «орташа дәрежелі» мас күйде болғандығы туралы куәландыру жүргізгені көрініп тұр. Айықтырғышта ол полицейлер тарапынан алған дене жарақаты туралы еш хабарлаған жоқ», – делінген ақпаратта.

Кейін оған әкімшілік хаттама толтырылған. Азамат хаттамамен танысып, келісіп, полицейдің планшетіне өз қолымен қол қойған.

«Бірақ кейін Instagam-дағы блогында өзін соққы алған адам ретінде көрсетіп, орталық полиция бөліміне барып, басқа полицейлерден оған жедел жәрдем шақыруын өтінген. Қазір ҚР ҚК 419-бабымен (Көрiнеу жалған сөз жеткiзу) бойынша қылмыстық іс қозғау мәселесі қаралуда», – делінген хабарламада.