ҰҚК жұмысының нәтижесі баяндалды

Мемлекет басшысы Ұлттық қауіпсіздік комитетінің төрағасы Ермек Сағымбаевты қабылдады.

Президентке ведомствоның биылғы үшінші тоқсанның басынан бері атқарған жұмыстарының негізгі нәтижесі мен бұған дейін берілген тапсырма­ла­рының орындалу барысы және алдағы кезеңге арналған жоспары туралы мәлімет берілді.

Қасым-Жомарт Тоқаевқа Қазақстан аумағында лаңкестік әрекет жасауды жоспарлаған радикалды топтың құрықталғаны туралы баяндалды. Террорис­тік қылмыстар бойынша 7 сотқа дейінгі тергеу амалдары басталды және 3 экстремист сотталды.

Ермек Сағымбаевтың айтуынша, терроризмге қарсы іс-қимыл шараларын жетілдіру мақсатында ҰҚК Терроризмге қарсы орталығы 103 оқу-жаттығу жиынын ұйымдастырды.

Сонымен қатар Мемлекет басшысына крими­ногендік ахуалды жақсарту жұмыстарының нәти­желері туралы баяндалды. Атап айтқанда, қоғамға қауіп төндірген 5 қылмыстық топ әрекетінің жолы кесілді. Заңсыз қару айналымына қатысы бар 2 арна жойылды. Ұлттық қауіпсіздік органдары полиция­мен бірлесіп, қару жасырылған 12 орынды анықта­ды. Жалпы саны 59 қару, 3 граната және 3 339 оқ-дәрі тәркіленді.

Есірткіге қарсы күрес барысында 7 зертхана, 8 ха­лықаралық және аймақтық есірткі тасымалы­ның жолы кесілді. 660 келіден астам есірткі және 17 тоннадан аса прекурсор тәркіленді.

Бұдан бөлек, мемлекеттік шекараны қорғау және заңсыз көші-қонмен күрес саласында 4 257 құқық бұзушы ұсталды. Құны 3,8 миллиард тең­геден асатын валюта мен тауарлардың заңсыз тасы­малдануына жол берілмеді. Сондай-ақ қару, оқ-дәрі және есірткі алып өтуге қатысты 120 әрекетке тос­қауыл қойылды.

Ақпараттық қауіпсіздікті қамтамасыз ету барысында еліміздің аса маңызды инфрақұрылым нысандарына жасалған 36 миллионнан астам кибершабуыл мен 866 DDoS-шабуыл тойта­рылды.

Кездесу соңында Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық қауіпсіздік органдарының жұмыс бағыттары бойынша бірқатар нақты тапсырма берді.