Олар «АМАNАТ» партиясы сайлауалды бағдарламасының Жол картасының жүзеге асырылу барысымен және Алматы қаласының әлеуметтік-экономикалық даму жағдайымен танысты. Осылайша, халық қалаулары алматылық жастармен кездесу барысында лудомания мәселесінің өршуі және оған қарсы жаңа заң жобасының тетіктерін талқылады.
Осы күні мәжілісмендер «AMANAT» партиясының Алматы қалалық филиалының кезекті XXXIV конференциясына қосылды. Конференция жұмысына Парламент Сенатының Қаржы және бюджет комитетінің төрағасы Сұлтанбек Мәкежанов, Мәжілістің Халықаралық істер, қорғаныс және қауіпсіздік комитетінің төрайымы Айгүл Құспан, Алматы қаласы әкімінің орынбасары Әлішер Әбдіқадыров, мәслихаттағы фракция мүшелері, қалалық Саяси кеңес мүшелері және партия белсенділері қатысты. Сондай-ақ фракция жетекшісі Елнұр Бейсенбаев «Қалқаман» метростансасының құрылысы барысымен танысты. Бүгінде метрополитеннің үшінші іске қосу кешенінің құрылысы бойынша жұмыстар қарқынды жүргізілуде. «Қалқаман» метро стансасын салу жобасы Алматы қаласы бойынша «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының 2.3-бөліміне енгізілген, онда 4 станса салумен 7,2 шақырым метро желісін кеңейту көзделген. Жоспарға сәйкес «Қалқаман» стансасының құрылысын аяқтаудың жоспарланған мерзімі – 2025 жыл.
Алматы қаласының Кемел шағынауданында «AMANAT» партиясының Сайлауалды бағдарламасын іске асыру жөніндегі Жол картасы шеңберінде салынып жатқан жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулатория жыл соңына дейін ашылады деп жоспарлануда. «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері Айгүл Құспан мен Никита Шаталов Жетісу ауданында салынып жатқан осы орталыққа барып, жұмыс барысымен танысты. Қазір бұл ауданда 124 мың емделушіге қызмет көрсететін үш емхана жұмыс істейді. Қалған 50 мың тұрғын көрші аудандардағы ауруханаларда ем алуға мәжбүр. Медициналық мекемелердің ең өткір тапшылығы Кемел шағынауданында, «Саяхат» автовокзалының жанында және Жұмысшы кентінің тұрғын алабында сезіледі.
«Жаңа отбасылық-дәрігерлік амбулатория жалпы практика дәрігерлерінің, педиатрлардың, акушер-гинекологтардың кабинеттерін, сүзгі кабинетін, отбасын жоспарлау кабинетін, дені сау бала кабинетін, дәрігерге дейінгі, рәсімдік және егу кабинеттерін қоса алғанда, медициналық қызметтердің кең спектрін ұсынатын болады. Мұнда азаматтарға білікті медициналық көмек алу үшін барлық жағдай жасалмақ. Тұрғындар бұл амбулаторияның іске қосылғанын асыға күтіп жүргенін және онда ұсынылатын барлық медициналық қызметті қуана пайдаланатынына сенімдімін», – деп атап өтті мәжілісмен Айгүл Құспан.
Қазір нысан 97%-ға аяқталды. Жарықтандыру және әрлеу бойынша құрылыс-монтаждау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Нысанды биыл жыл соңына дейін пайдалануға беру жоспарлануда. Медициналық мекеме ашылғаннан кейін Кемел шағынауданының 22 мыңнан астам тұрғыны өз аймағында білікті медициналық көмек ала алады.