Қазақстанның көшбасшы теннисшісі Елена Рыбакина 4-орынға тұрақтаса, Юлия Путинцева 79-дан 78-ге көтерілді.
18 жастағы Аружан Сағындықова рейтингте күрт жоғарылап келеді. Ол бұл жолы 871-ден бірден 36 сатыны аттап өтіп, 835-ке шықты.
Әлемдік рейтингте бұрынғыша Польша өкілі Ига Швентек көш бастаса, белоруссиялық Арина Соболенко мен америкалық Джессика Пегула үздік үштікте қалды.
Жұптық сында чехиялықтар Катержина Синякова мен Барбора Крейчикова және аустралиялық Сторм Хантер топтың алдын бермей тұр.
Қазақстандық Анна Данилина 28-ден 29-ға төмендесе, Е.Рыбакина 111-ден 110-ға, Жібек Құламбаева 178-ден 176-ға ауысты.
Кәсіби теннисшілер қауымдастығы (ATP) рейтингісінде пәлендей өзгеріс жоқ.
Испаниялық Карлос Алькарас, сербиялық Новак Джокович және ресейлік Даниил Медведев бастапқы үштікте болса, Қазақстанның бірінші ракеткасы Александр Бублик 27-орнында қалды. Тимофей Скатов 128-ден 129-ға түсті. Михаил Кукушкин 243-тен 242-ге көтерілсе, Бейбіт Жұқаев 260-тан 263-ке, Денис Евсеев 270-тен 271-ге, Дмитрий Попко 380-нен 381-ге, Григорий Ломакин 1057-ден 1060-қа сырғыды.
Жұптық сында Александр Недовесов 45-інші, Андрей Голубев 73-орнынан жылжыған жоқ.