Тар қапаста 6 жыл уақытын өткізген келіншектің жазасын толық өтеп шығуына әлі 4 жыл бар. Жастық ғұмырын салафизм ағымының құрбаны еткен келіншек ең үлкен өкініші, қорқынышы және арманы туралы айтып берді. Қазір Атырау қаласындағы әйелдер колониясында жазасын өтеп жатқан Жансая Ашықбаеваның жан сырын ақтарған сұхбаты көпке ой салады деген үміттеміз.
– Бізге ашық түрде сұхбат беруге келіскеніңізге рахмет. Алдымен өзіңіз туралы айтып беріңізші...
– Жамбыл облысының тумасымын. Кейін Алматыға көшіп келдік. Қазір ата-анам Алматыда тұрып жатыр. Өзімнің жоғары білімім жоқ. Орта кәсіптік білім алдым. Қазір жасым 35-те. Бостандықта жүрген кезімде түрлі орындарда жұмыс істедім. Кейін ағамның дүкенінің тірлігіне араластым. Бір кездері жылқы да бақтым. Сөйтіп жүріп, тұрмыс құрдым. Бірақ бірінші некемнен бала болмады. Бүгінде екінші рет тұрмыс құрып отырған жайым бар.
– Дінге қызығушылығыңыз қалай оянды? Дінге келуіңізге кімдер себепкер болды?
– Бала кезімде басқа балалар сияқты жазғы демалыста ата-әжемнің қолына баратынмын. Атам қуғын-сүргін, соғыс сияқты қиын замандарды көрген шежіре ақсақал еді. Әжеміз сол қиындықтарға шыңдалған қатаңдау кісі болатын. Бірақ бізге мейірімін төгуден шаршаған емес. Атам намаз оқитын. Бала болсам да, атамнан намаз туралы жиі сұрайтынмын. Сөйтіп, 14 жасымда намаз оқып бастадым.
Ауылдан қалаға көшіп келгеннен кейін маған әртүрлі жамағаттың өкілдері жақындай бастады. Әркім өзінің идеологиясына тартатын. Түрлі ағымдардың ішінен менің таңдауым салафизм ағымына түсті. Ол кездерде интернет қазіргідей дамымаған еді.
Біз бір-бірімізге кітап беріп араласатынбыз. Кітаптарда жазылғандарды түсінуге менің санам, қабылдау деңгейім дайын емес еді. Бірақ шамама қарамай, оқитынмын. Сөйтіп, еліктеу басталды. Біз кітаптардан конспект жасап, кейін қонаққа барғанда талқылайтын болдық. «Шейхтарымыз» бізге харам түсінігіне байланысты көп әңгіме-насихат айтатын болды. Мен олардың айтқанына имандай сенгендіктен, өзімнің мінезімдегі, ішкі дүниемдегі өзгерістерді байқамадым. Қазір ойланып отырсам, қалаға келіп, салафилер жамағатымен араласқаннан кейін мен радикалдана бастаған екенмін.
– Осы жерде нақтылай кетейікші, сіздің мінезіңіздегі өзгерістерді жақындарыңыздан бірінші болып кім байқай бастады?
– Менің бойымдағы, әсіресе мінезімдегі өзгерістерді бірінші ағам байқады. Сөйтіп, ол менің ортамдағы адамдармен араласуыма тыйым сала бастады. Үйдің еркесі болып өсіп қалған мен, әрине ағамды тыңдамадым. Туған бауырыма қарсы шығып, өзімнің эгомды таңдадым. Бір әңгіме айтыла қалса, өзімді кереметтей білімді діндар санап, қарсы шыға келетінмін. Уақыт өте келе мен әке-шешемнен безініп, оларды джахилге шығардым. Сол кездегі ойланбай істеген әрекетімнің зардабы ауыр екенін кеш түсініп отырғаным өкінішті...
– Сонда сіздердің ойларыңызша «джахил» деген кімдер?
– Ол кезде салафизм ағымының ел арасына енді-енді тарап жатқан уақыты еді. Бастапқыда біздің арамызда «кәпір» деген түсінік болған жоқ. Біз адамдарды мұсылман және джахил деп екіге бөліп қарастыра бастадық. Біз үшін ниқаб кимейтін, намаз оқымайтын адамның бәрі надан, джахил еді.
Ол кезде мен небары 17-18 жастағы қыз болатынмын. Өздерін «брат, сестра» ретінде көрсеткен жамағат маған «мұсылман адам Құран және сүннетпен жүруі керек» деп үйретті. Одан кейін мәзһаб ұстанудың дұрыс еместігін айтты. Осындай насихаттардан кейін бойымда қоғамға деген агрессивті қарым-қатынас қалыптаса бастағанын өзім де байқамаппын.
– Сіз не үшін істі болдыңыз? Түрмеге түсуіңізге қандай әрекетіңіз себеп болып отыр?
– 2014 жылы ДАИШ өзін «ислам мемлекеті» деп жариялады. Бұған салафилер қатты қуанды. Жамағатымыздың арасында «шариғат заңдарымен жүретін мемлекетте тұрамыз. Сол үшін күресу керек» деген насихат қатты жүрді. ДАИШ-ке дейін де «дін үшін соғыс» деген тақырыптағы ақпараттарға әбден тойынып алған мен де бұл жаңалықты «керемет өзгеріс» деп қабылдадым. Маған Сирия жеріне баруға болатыны туралы ақпаратты жамағат өкілдері 2015 жылы жеткізді.
Сөйтіп, хабар жеткеннен кейін ДАИШ туралы видеоларды қарай бастадым. Олар адам өлтіреді, бірақ оны өлтіру себебінің дәлелін хадистермен түсіндіреді. Кейінірек, ұйымның мемлекет ретіндегі туы, шекарасы, валютасы пайда болды. Оның үстіне, видео арқылы үнемі мұсылмандарды бірігуге шақырған үндеулер таратылып жатты. Онсыз да радикалданып, әбден бұрмаланған ақпаратқа тойып алған маған Сирия нағыз жұмақ болып көрінді. Сол кезде менің алдымда халифатқа бару немесе Қазақстанда қалу деген екі таңдау тұрды. Мен, әрине халифатты таңдадым.
Сөйтіп, Сирияға өтіп кеткен таныстарымды ортақ телеграм каналдарымыз арқылы іздей бастадым. Көп ұзамай таныстарымды таптым да. Олар маған қыркүйекте Қордай шекарасы арқылы өтуге кеңес берді. Мен Сирияға аттанатын уақытымды 15 қыркүйек деп белгіледік. Жақындарыммен ат-құйрығын кесіскендіктен, ешкімге ештеңе деп жатпадым. Индрайвер арқылы таксиге тапсырыс беріп, Қордайға келе жатқан жерімнен Қарағанды қаласының жолында ұсталдым. Бұл осыдан алты жыл бұрын болған оқиға еді.
Түзету мекемесіне түскен кезімде де мен өзімнің қателескенімді түсіне қоймадым. Алдыма келген мекеме қызметкерлеріне де «джахил» деп, өте дөрекі сөйледім. Менің ол әрекеттерім үшін үстімнен қосымша іс қозғауға да болатын еді. Мамандар менімен көп жұмыс жүргізді. Атырау облысы Дін істері басқармасына, «Шапағат» қоғамдық қоры жанынан үнемі келіп, дәріс беретін теологтарға алғысым шексіз. Жекелеген оңалту жұмыстары бір менімен ғана емес, осындай радикалды көзқараста жүрген басқа да жазасын өтеушілермен жүргізілуде.
Дәл қазіргі уақытта мен жазамды өтеп отырған Атыраудағы әйелдер колониясында «Терроризм» бабымен сотталған 6 адам бар. Олардың бесеуі – Жусан операциясымен елге әкелінгендер.
– Осыдан он жыл бұрынғы Жансая мен қазіргі Жансаяның арасында айырмашылық бар ма?
– Он жыл бұрынғы Жансаяның жан дүниесі, көзқарасы радикалдық идеяға әбден тойынған еді. Ол Жансая өзінің көзқарасын өзгелерге дәлелдеу үшін бәріне дайын болатын. Қазіргі Жансая – бүкіл әрекетін, істерін ой сүзгісінен өткізе алатын саналы адам. Ең бастысы, Жансая тәубесіне келді. Және ол радикалдық салафизм ағымынан толықтай бас тартты.
– Алда қандай мақсаттарыңыз бар?
– Бостандыққа шыққаннан кейін жұмыс істеп, қоғамның дамуына пайдалы адам болғым келеді. Жан дүниемді төңкеріп жатқан ойларымды ашық жазғым келеді. Менің жазбаларым адасып жүргендердің жол табуына ықпал етсе екен деймін.
– Жан дүниемдегі ойлар деп қалдыңыз, егер атаңыздың көзі тірі болса, сіздің қазіргі жағдайыңызды көрген жағдайда, ол кісіге не айтар едіңіз? Осы жағын ойлап көрдіңіз бе?
– Жалпы, кез келген немере үшін, әсіресе қазақ әулеттерінде немереге ата-әженің тәрбиесін көру өте маңызды. Ата-ананың өмірлік тәжірибесі ата-әжеге қарағанда аздау болады. Оның үстіне, балалардың қамымен жүргенде ата-ананың балаға көңіл аударуға уақыты жеткіліксіз болуы да мүмкін. Ал ата-әже немере үшін әркез уақыт табады.
Бала күнімдегі атам мен әжемнің маған төккен мейірімі, тәрбиесі өмірге қайта келуіме әсер етті деп айта аламын. Себебі менімен жұмыс жүргізілген кезде теолог, психологтердің айтқан әңгімелерінің астарына үңілген уақытта, ата-әжемнің өсиеттері есіме түсетін.
Бала күнімде риясыз берілген ата-әжемнің махаббаты радикалдық көзқарасыма анализ жасауға ықпал етті деп жүз пайыз сеніммен айта аламын. Ал адасқан немересінің қазіргі жағдайын атам көретін болса, ол жағын елестете де алмаймын. Атамның жүзіне қарауға жүрегім шыдамас еді.
– Жат ағымнан зардап шеккен адам ретінде айтып беріңізші. Радикалдардан қалай сақтануға болады?
– Қоғамға агрессиямен қарау – бұл бірінші белгі. Салафизмнен бөлек, қоғамда «ұйықтап» жатқан ағымдар да бар. Олардың көпшілігі мемлекеттікке, тұрақтылыққа қарсы. Сондықтан таныс емес адамдармен байланысқа түсуде сақ болу керек. Және дінге қатысты сұрақтарды білікті мамандардан сұраған дұрыс.
– Сұхбат соңында қоғамға не айтар едіңіз?
– Жаттың арғымағын ерттеп, радикалдық көзқарас жетегінде кетіп бара жатқанымда, ештеңенің қадірін білген жоқпын. Мен істі болып жатқан кезде, жанымда жүріп, мені отбасымнан бездірген «бауырлардың» ешқайсысы жағдайымды біліп келген жоқ. Мен радикалды ағымның жетегінде кеткен кезде де, істі болған кезде де шырылдаған ата-анам. Кейде мен ана болудан қорқамын. Егер балаларым мен сияқты жағдайға түсетін болса, мен ата-анам сияқты ол сынақты қайсарлықпен көтере алмай қаламын ба деп қорқамын.
Қазақта «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» деген керемет сөз бар. Бұл сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Қазақтың жері – бізге аманат етіп берілген жер. Сондықтан әр адам өзінің жерін, өмірін, туғандарын және болашағын ойлау керек. Ол үшін тарихымызды білу маңызды.
Тарих дегеннен шығады, қазір менде кітап оқуға уақыт көп. Шоқан Уәлихановтың, Қаныш Сәтпаевтың еңбектерін оқып, ол кісілердің ғибратты ғұмырларына, еңбектеріне тәнті болып жүрмін. Ілияс Есенберлиннің «Көшпенділер» романын да бірнеше рет оқып шықтым. Айтқым келгені, қазақ болып тууымыз бекер емес. Әр ұлттың өзінің дәстүрі, тарихы бар. Біз – мынау дархан даламызды болашақ ұрпаққа аманат етіп табыстау үшін еңбектенуіміз керек.
Сұхбаттасқан
Баян ЖАНҰЗАҚОВА