Бішкектегі қақтығыс кезінде 22 адам жарақаттанды
Бішкектегі қақтығыс кезінде 22 адам жарақаттанды
© inbusiness.kz
Қырғызстанның Денсаулық сақтау министрлігінің соңғы мәліметі бойынша, зардап шеккендердің саны 22-ге жетті, - деп хабарлады inbusiness.kz. «Бішкек қаласының Денсаулық сақтау ұйымдарына 22 адам медициналық көмек сұрап жүгінген. Оның 3-еуі – бейбіт тұрғын, қалған 19-ы қарулы күш қызметкерлері», – деді ведомство өкілі. Бұған дейін ақпарат құралдары 19 адамның, нақтырақ айтқанда 18 тәртіп сақшысы мен бір әйел адамның жарақат алғаны туралы жариялаған еді.  Р Ресми дерекке сүйенсек, 22 адамның 21-іне алғашқы көмек көрсетіліп, амбулаторлық емдеуге жіберіліпті. Олардың жағдайы қалыпты. Ал миы мен омыртқасына зақым келген бір тәртіп сақшысы Ұлттық аурухананың нейро жарақат бөліміне жатқызылды. 2 наурызда бұрынғы депутат Садыр Жапаровтың 800-ге жуық жақтасы Бішкектің орталығындағы Ала-Тоо деп аталатын алаңға жиналып, биліктен оны тез арада бостандыққа шығаруды талап еткен. Ел президентінің баспасөз қызметі болса, олардың уәжін қарастыратынын мәлім етті. Дегенмен наразы топ тарай қоймады, сондықтан құқық қорғаушылар оларды күштеп таратуды қолға алған. Олар бас көтерушілерге қарсы көзді жасаурататын газ, жарық-шуылды гранаталар қолданса, ереуілшілер тәртіп сақшыларына тас лақтырған. Қырғызстанның Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, қақтығыстың басталуына наразы топ себепші болған көрінеді. Ескере кететін жайт, Қырғызстанның соты Жапаровты 2013 жылдың 7 қарашасында Ыстықкөлде болған митинг кезінде адамдарды кепіл тұтқынға алғаны үшін 11 жарым жылға бас бостандығынан айырған болатын.