Қазақстанда жастарға 90,5 миллиард теңгеге шағын несие беріледі

Сол арқылы жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіледі.

Жыл басынан бері барлығы 303,3 мыңнан астам жас азамат жұмысқа орналастырылды.

 

Үкіметтің мәліметінше, Президенттің «10 мың тұрғынға 100 жұмыс орны» бастамасын жүзеге асыру барысында – 142,9 мың адам, ұлттық жобаларды іске асыру кезінде – 80,9 мың адам, бос жұмыс орындарына 79,5 мың адам жұмысқа орналасты.

Осылайша, Мемлекет басшысының Қазақстан халқына Жолдауын іске асыру аясында жастарды жұмыспен қамту бойынша кешенді жұмыс жүргізіліп жатыр.

«Сонымен қатар биыл жастар арасынан 35,5 мың адам қоғамдық жұмыстарға тартылды, 18,7 мың ЖОО және ТжКБ түлегі игерген мамандығы бойынша бастапқы тәжірибе жинау үшін жастар практикасына жіберілді, 6,6 мың адам «Алғашқы жұмыс орны» жобасы бойынша жұмысқа орналастырылып, одан әрі қарай тұрақты жұмысқа шықты», – делінген хабарламада.

Бұдан басқа, Қазақстанда 5 жылға дейінгі мерзімге мөлшерлемесі 2,5%-дан аспайтын шағын несие беру арқылы жастардың кәсіпкерлік бастамаларына қолдау көрсетіледі.

«2023-2025 жылдары барлығы 90,5 млрд теңге сомасына 18,2 мың шағын несие беру қарастырылған.

Атап айтқанда, 2023 жылы – 28,9 млрд теңгеге 5,8 мың, 2024 жылы – 30,3 млрд теңгеге 6,1 мың, 2025 жылы – 31,3 млрд теңгеге 6,3 мың шағын несие», – делінген Үкімет хабарламасында.

Жыл басынан бері 12,9 млрд теңге сомасына 2 915 шағын несие берілді.