Астанада студенттер тарақан жайлаған жатақханада тұрады

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар рухы» Жастар қанаты 14 тамыздан бастап еліміз бойынша жаппай студенттік жатақханаларға мониторинг жүргізуді бастады.

Мониторинг барысында жедел желіге келіп түскен студенттердің арыз-шағымдарына сүйенсек, жағдай адам шошырлық дейді. Бұл туралы «Жастар рухы» ЖҚ төрағасы Нұржан Жетпісбаев әлеуметтіктік желідегі парақшасында жариялады.

«Студенттер үшін жатақхана мәселесі бойынша өтініштері мен шағымдары бойынша жедел желіні іске қосқан болатынбыз. Еліміздің әр аймағынан өтініштер келіп түсуде. Желіге келіп жатқан арыз-шағымдардың ішінде, мойындау керек, адам шошырлық жағдайда тұруға мәжбүр жатақханаларды кездестірдік. Соның ішінде «Астана медициналық университетінің» студенттерінен жедел желіге, жеке өзіме де шағымдар көп келуде. Осыған байланысты, бүгін қайта мониторинг жүргізуді жөн көрдік. 

 

Рейдте байқағанымыз, санитарлық-гигиеналық нормалар сақталмаған. Оқу залында үстел жетіспейді. 2 адам тұратын бөлмеде 4 студентті қоныстандырған. Адам тұратын ғимаратта тарақандар мен жәндіктер қаптап кеткен. Дәл осы жатақхананың тұрғындарымен тілдесіп, тіпті бір қабатта қыздар мен жігіттердің араласып тұратындығын естідік. Осындай өзге де жаға ұстатарлық жағдайлар кездесті. Сол себептен, дәл осы университеттің жатақханасы бойынша мәселе шешілмегенге дейін біздің қатаң бақылауымызда болады», – деп айтып өтті Нұржан Жетпісбаев.

Қазір  «Жастар рухы» Жастар қанаты мүшелері мониторинг бойынша жалпы 389, оның ішінде 149 ЖОО-дағы, 240 ТжКБ-лардағы студенттер үйін қамтыды. 

«Ауруын жасырған өледі». Кездесіп жатқан олқылықтарға көз жұмбай, бәрін қаз-қалпында, ашық айтуға студенттерді, жастарды шақырамыз. Мәселені нақтылап, көзбен көріп, тиісті орынға хаттамалар жолдап, керек болған жағдайда партия жанындағы республикалық Жастарды қолдау кеңесінде көтеруге дайынбыз», – деді Жастар қанатының төрағасы Нұржан Жетпісбаев.