Мәулен Әшімбаев ел Президентінің бастамасымен қолға алынған реформалардың іске асырылуын сапалы түрде қамтамасыз ету Палата мен мәслихаттардың бірлескен жұмысындағы аса маңызды міндет екенін атап өтті.
«Мемлекет басшысының бастамасымен елімізде ауқымды өзгерістер болып жатыр. Бұл ретте біздің басты мақсатымыз – баршаға тең мүмкіндік беретін Әділетті Қазақстан құру. Осылайша, еліміз дамудың жаңа кезеңіне қадам басып отыр. Осындай ортақ мақсат жолында ел болып жұмылып, бекем бірлік таныту айрықша мәнге ие. Бұл мемлекеттілігімізді нығайтып, Тәуелсіздігімізді баянды ету үшін қажет», – деді Палата Спикері.
Сондай-ақ ол Сенаттың заң шығару қызметіне тоқталып өтті және өңірлермен тиімді өзара қарым-қатынас орнатудың маңызды екеніне назар аударды.
«Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаев объективті және тәуелсіз сот әділетті мемлекеттің негізі екенін айтты. Соған сәйкес Сенат жанынан сот жүйесін реформалауды заңнамалық тұрғыдан қамтамасыз ету үшін жұмыс тобы құрылды. Бұл бағытта қабылданатын заңдар тәуелсіз, ашық және кәсіби сот жүйесін құруға ықпал етеді деп сенеміз. Жаңа сессияда сенаторлардың бастамасымен әзірленген бірқатар заң жобасын қараймыз. Олардың қатарында жайылым жерлерді пайдалану, органикалық өнім өндіру мәселелері бойынша заң жобалары бар. Осындай ауқымды жұмыста өңірлердегі әріптестеріміздің тәжірибелері мен пікірлері аса маңызды. Сондықтан біз мәслихат депутаттарымен белсенді әрі тығыз жұмыс істеуді көздеп отырмыз», – деді Мәулен Әшімбаев.
Палата Төрағасы Сенат жанындағы Жергілікті өкілді органдармен өзара іс-қимыл жасау жөніндегі кеңес пен «Өңір» депутаттық тобының жұмысы жайлы да айтып өтті. Аталған екі институттың қызметі аймақтардағы проблемаларды шешуге ықпал етуге арналған. Өңірлердегі түйткілдердің басым бөлігі инфрақұрылымға, әлеуметтік нысандарға және мемлекеттік бағдарламалардың іске асырылуына қатысты екені белгілі.
«Жетісу облысында 2025 жылға дейінгі дамуды қамтамасыз ететін кешенді жоспар қабылданды. Онда ауыл шаруашылығын, шағын және орта бизнесті, инфрақұрылымды және туризмді дамытуға баса мән берілген. Жоспарда көрсетілген міндеттерді іске асыру үшін облыс экономикасына 1 трлн теңгеден астам инвестиция тарту көзделіп отыр. Осы ауқымды істі жүзеге асыруға Сенат тарапынан қолдау көрсетеміз. Біз бұл бағытта бірлесіп, жүйелі түрде жұмыс істегеніміз абзал», – деді Мәулен Әшімбаев.
Сонымен қатар Сенат Төрағасы Текелі қаласының тұрғындарымен кездесті. Бұл кездесуде де өңірді дамыту мәселелері кеңінен сөз болды. Оның ішінде қаланың инфрақұрылымына қатысты мәселені шешу барысына ерекше көңіл бөлінді.
«Қалада канализациялық-тазарту нысаны әбден тозған. Бүгінде бұл өте өзекті мәселе екенін білеміз. Осы проблеманы шешу үшін жаңа тазарту стансасы салынып жатыр. Алдағы уақытта бұл бағыттағы жұмыс Сенаттың бақылауында болады. Облыстың 2025 жылға дейінгі даму жоспарында экономиканы дамыту және инфрақұрылымды жақсартумен бірге әлеуметтік салаға да ерекше басымдық берілген. Соған байланысты алдағы үш жылда өңірде бірқатар тұрғын үй, мектеп, медициналық мекемелер салынбақ. Осы орайда облыс басшылығы Текелі қаласының да дамуына ерекше мән береді деп сенеміз», – деді Палата Спикері.
Сапар барысында Мәулен Әшімбаев Жетісу облысының боччашыларымен де кездесті. Қазір өңірде аталған паралимпиадалық спорт түрінен екі арнайы үйірме жұмыс істейді. Кездесуде Сенат Төрағасы елімізде инклюзивті қоғам құру бағытында атқарылып жатқан жұмыстар жөнінде айтты.
Одан бөлек, Палата Спикері Құлжабай Қасымов атындағы №28 ІТ мектеп-лицейіне барды. Ол жерде оқушылар мен педагогтердің өзін-өзі дамыту тәсілдерін үнемі жетілдіріп отыру және әкімдік тарапынан мектептердегі орын тапшылығы мәселесін шешу жайында сөз қозғалды.