Көкшетауда инфекция жұқтырған 44 сарбаздың жағдайы белгілі болды

Кеше олардың жалпы саны 45-ке жеткен. Ал бүгін түнде тағы үш сарбаз аурухана төсегіне таңылған.

Көкшетау қаласында әскери бөлімнен жұқпалы аурулар ауруханасына жеткізілген сарбаздардың жағдайы белгілі болды, - деп хабарлайды qazaqstan.tv.

 

Телеарна мәліметінше, олардың жағдайы бірқалыпты. Біреуі қалалық көпбейінді аурухананың жансақтау бөлімінде жатыр. Олар дене қызуы, бас айналу, жүрек айну, әлсіздікке шағымданған. Науқастанғандардың алғашқы легі ауруханаға осыдан бірнеше күн бұрын түскен. Ал кеше олардың жалпы саны 45-ке жеткен. Ал бүгін түнде тағы үш сарбаз аурухана төсегіне таңылған.

«Жансақтау бөлімінде жатқан сарбаз тыныс алу мүшелерін қорғау аппаратынан ажыратылды. Оның жағдайы туралы айту әлі ерте. Өте ауыр жағдайда түсті. Бір сәтке жүрегі тоқтап қалды. Біз қолымыздан келгеннің барлығын істеп, аман алып қалдық», - дейді қалалық көпбейінді аурухананың директоры Сәкен Қалымжанов.

Еске салайық, бұған дейін Көкшетауда 44 сарбаз инфекциялық ауруханаға жедел жеткізілгені хабарланған еді.  Кейін Денсаулық сақтау министрлігі өкілі Ақмола облысында бір күн бұрын ауруханаға жатқызылған 40-тан аса мерзімді сарбаздың жағдайы туралы айтты.