Премьер-министрдің орынбасары – Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрі Тамара Дүйсенова Астанада тұруға шектеу қойылмайтынын айтты, - деп хабарлайды Massaget.kz.
Бүгін түске дейінгі Үкімет отрысында Тамара Дүйсенова Астанаға көшіп барушыларға шектеу енгізу дұрыс шешім екенін айтқан еді. Министр түстен кейін журналистерді кеңсесіне шақырып, қойылған сұрақты дұрыс түсінбегенін айтты.
"Астанада тұруға байланысты шектеуге тоқталайын. Астанада тұруға, келіп-кетуге шектеу жоқ. Конституцияға сәйкес, бүгінге дейін елордаға келу мен кетуге ешқандай шектеу болмаған. Мұндағы шектеу тек адам тұруға арналмаған ғимаратты жалға бергендерге қатысты болады. Мысалы, гаражды жалға беретін адамдарға шектеу болады. Оны жалға алып тұрғандар бар. Ондай жерде адамды тіркеуге болмайды. Осы нысанды жалға берген адамның жауапкершілігін күшейту, яғни айыппұл мөлшерін 15 АЕК-тен 30 АЕК-ке (51 750 теңгеден 103 500 теңгеге, 1 АЕК – 3 450 теңге) дейін көтеру туралы ұсыныс жасалды. Қазіргі таңда бұл мәселені жұмыс тобы қарап жатыр", - деді Тамара Дүйсенова.
Министр Астанада тұрып, жұмыс істегісі келетін азаматтардың тұрғылықты мекенжайы болса, тұра беруге болатынын ескертті.
Фото: Tengrinews.kz