Ата заң – мемлекеттілігіміздің іргетасы

Қоғамның дамуына екпін беріп, халқымыздың бірлігіне жол бастаған Ата заңда бекітілген тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеуде.

Бағдарлы құжатымыз – Қазақстан Республикасының Конституциясы қабылданған 28 жыл тарих үшін аз болғанымен, біз үшін ол өткен жолымызды ой елегінен өткізу мүмкіндігі берілген кезекті кезең. Осы тұрғыда біздің өткен күнге баға беріп, келер күнімізді бағдарлау басты шартымыз. Ол үшін алдымен, бірлігімізді сақтай отырып, ұлан-ғайыр байтақ даланы ақ білектің күшімен қорғап қалған батыр бабаларымыздың асқақ аманатына адал болуымыз керек. Олар елі азат, жері тұтас қуатты мемлекет құруды, жерұйықта ғұмыр кешуді аңсады. Осы арманды ақиқатқа айналдыру біздің ұрпақ алдындағы ең басты мақсат болуы тиіс. Сол жолда қазіргі таңда нақты қадамдар жасалып жатыр деп толық сеніммен айтуымызға болады.

Қазақстан Республикасының қолданыстағы Конституциясы 1995 жылы 30 тамызда бүкілхалықтық референдумда қабылданды. Конституция – бұл мемлекеттік және қоғамдық қатынастарды, адам және азаматтың міндеттерін, бостандығы, негізгі  құқығы, сондай-ақ жергілікті өзін өзі басқару органдары қызметі мен ұйымдастыру принциптерін реттеуші және бекітуші, барлық заң салаларының заңдық негізі болып табылатын, жоғары құқықтық күшке ие мемлекет пен қоғамның негізгі заңы. Конституция барлық құқықтық жүйенің өзегі болып табылады.      

Бұл ретте айта кетерлігі, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жүргізіліп жатқан реформалардың міндетін нақты белгілеп – билік институттары арасында түбегейлі жаңа конституциялық тепе-теңдік қалыптастыру жөнінде 2022 жылғы 5 маусымда Конституцияға өзгерістер мен толықтырулар енгізу бойынша референдум өтетінін жариялады. Президенттің айтуынша, түзетулердің мақсаты - жаңа мемлекеттік үлгіге, мемлекет пен қоғамның өзара іс-қимылының жаңа форматына көшу, суперпрезиденттік басқару нысанынан ықпалды парламенті мен есеп беретін үкіметі бар президенттік республикаға көшу. Бұл, ең алдымен, суперпрезиденттік басқару формасынан түпкілікті көшу туралы бастамаға қатысты.

Аталмыш процестерді кеңірек әрі мұқият қарастыруымыз керек. Суперпрезиденттік биліктің уақыты өтті, қазір еліміздегі ахуал мүлдем басқа. Президенттің қолында билік өкілеттіктерінің шоғырлануы тәуелсіздіктің бастапқы кезеңінде, алғашқы нарықтық реформаларды жедел жүзеге асыру, мемлекеттік шекараны рәсімдеу және т. б. кезде қажет болды. Бүгінгі таңда ел алдында тұрған міндеттердің сипаты түбегейлі өзгерді. Барлық жауапкершілік пен шешімдер тек бір орталыққа бағытталған Модель енді жұмыс істемейді. Қоғамның экономикалық және әлеуметтік құрылымы едәуір күрделене түсті. Саяси жүйе де осы өзгерістерге сәйкес келуі керек. Осылайша кейінгі бір жылда елімізде болған саяси өзгерістерді, оның ішінде жалпыұлттық референдум, кезектен тыс Прези­дент сайлауы, Парламент Мәжілісі мен жергілікті деңгейдегі мәслихаттар сай­лауы тағы басқа өзгерістер «Жаңа Қазақстанды» бірге құру жолындағы нақты қадамдар деп тұжырым жасауымызға болады. Ал, халықтың өмір сапасы мен табысын арттыру мақса­тын­да қадам жасап келе жатқан «AMANAT» партиясының алға қойған міндеті ауқымды. Бұл ретте партияның сайлауалды бағдар­ламасын іске асыру бойынша Түркістан об­лысының 2023-2027 жылдарға арналған Жол картасы әзірленіп, төрт не­гізгі басымдық айқындалды. Атап айтсақ, «Табысты арттыру», «Өмір сапасын арттыру», «Өмір сүру жағдайын жақсарту», «Экологиялық ахуалды жақсарту».

Өңіріміздің әлеуметтік-экономикалық мүмкіндіктерін басшылыққа алып жасалған аталмыш бағыттар аясында партия мүшелері әр салада қажыр­лы еңбек етіп, ел дамуына өз үлесін қосып келеді. Демек, құрылғанына 5 жыл болған Түркістан облысының жаңа эконо­микалық бағдары халықтың әл-ауқатын арттыру барысында айтарлықтай қозғаушы күш болады деп санаймын. Ол үшін «AMANAT» пар­тиясының мүшелері өз міндеттеріне сай тиісті қызметтерін атқарып келеді.  

Қазақстан дамудың жаңа дәуіріне қадам басты. Біздің алдымызда түбегейлі саяси, экономикалық реформаларды табысты іске асыру, демократиялық қағидаларға негізделген Жаңа Әділетті Қазақстанды құру міндеті тұр. Сондықтан біз ортақ тарихи тағдыр біріктірген Қазақстан халқы, байырғы қазақ жерінде мемлекеттілік құрып отырмыз – деп басталатын Қазақстан Республикасының Конституциясы шын мәнінде еліміздің дамуының күре тамыры болып, тәуелсіздіктің негізін қалады. Мемлекетімізде бейбітшілік, тәуелсіздік, тұрақтылық орнады. Еліміздің барлық азаматтарына ұлтына, дініне, нәсіліне, жынысына, жасына бөлместен бірдей құқық берілді.

Осы орайда, конституцияның ел тағдырындағы рөліне баға беру үшін тарихымызға кішкене шолу жасасақ. Қазақ елін мекендеген ұлттар мен ұлыстар қашан да бейбіт өмір қағидасын ұстанған және өз елін, жерін қорғауда ерекше ерлік танытып келген. Өткен кезеңде қара халықтың басынан кешкендерін естігенде бей-жай отыру мүмкін емес. Сол қиын-қыстау кезеңдерде дана бабаларымыз ел болу ниетінен тайған емес, ел арасында бір ауыздан болу ойымен Есім ханның ескі жолы, Қасым ханның қасқа жолы, Әз тәукенің «Жеті жарғысын» басшылыққа алып, ортақ заңға бас иіп отырған.

Одан бері де елімізде Тәуелсіздік таңы атқанға дейінгі тынысы өз заманына қарай түрлі заңдық құрылымдардан өтті. Осылайша егемендіктің ақ таңы атып көк байрағымыз желбіреген күн келді. Ширек ғасырдан астам уақытты артта қалдырған азат еліміздің баянды тұрмысы жолында түрлі шешімдер қабылданып, мемлекеттілігіміздің тұғырын нығайту істері жалғасып келеді. Осы бағытта «AMANAT» партиясы өткеннен сабақ алып, бүгінімізді әділ бағалап, болашағымызға бағдар жасайтын мезгіл жетті деп санайды. Партия төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов: – «AMANAT» партиясы – бұл Президен­ті­­­­­міздің қоғамдық тірегі. «AMANAT» пар­тия­сы – бұл реформалар партиясы және Жаңа Қазақстанның жасампаздығы. Құр­мет­ті партияластар, бізді үлкен сынақтар, үл­кен науқандар күтіп тұр. Еліміз бен Пре­зи­дентіміздің бізге берген сенімін, ама­­натын бәріміз бірігіп абыроймен атқа­райық», – деген болатын. Ел болашағы – мықты басшы, бірлігі бекем халық, жігерлі жас, білімді ұрпақ арқылы жүзеге асатыны сөзсіз. Осы ұстаным аясында жүйелі түрде жұмыс жоспарлар бе­кітіліп, әртүрлі бағыттарда жұмыстар ат­қарылуда. Азаматтық қоғам қалып­тас­тыру негізінде халық қалаулылары жұрт­шы­лықпен етене араласып, елдегі күрмеулі мәселелерді шешуге тікелей ықпал жасап жатқаны партиямыздың басым бағыт­тарының бірі.

Астанада «AMANAT» партиясынан барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының бірінші республикалық форумы өткені белгілі. Осы басқосуда партия Төрағасы Ерлан Жақанұлы Қошанов аманаттық депутаттар әкімдіктермен өзара тиімді қарым-қатынас жасауы тиіс екенін, себебі сайлауалды уәделерді орындау осыған келіп тірелетініне тоқталған. Сол кезде: «Мәслихат депутаттарының өкілеттілік аясы кең, олар өңірдің дамуына ықпал ете алады. Дәл осы мәслихат депутаттары облыс әкімін сайлайды, тексеру комиссияларын құрып, аумақтарды дамыту бағдарламалары мен бюджетті бекітеді. Бұл – мәслихаттар әкімдіктермен қатар өңірлердегі өмір сапасына жауапты деген сөз», - деген болатын. Қазіргі таңда өңірімізде осы міндеттер төңірегінде бірқатар жұмыстар өз нәтижесін беріп үлгерді десек болады. «Аманаттық» халық қалаулылары өз құзіреттері шегінде аймақтағы БАҚ өкілдерімен брифинг өткізіп, қолға алған жұмыстары мен атқарып жатқан тірліктері жөнінде баяндауда. Сол сияқты партия мүшелері Түркістан облысының әр саласындағы өзекті мәселелер бойынша партиялық тыңдаулар өткізуде. Осы секілді жұмыстардың барлығы жоғарыда атап өткен міндеттерді іске асырып, партиямыздың еліміздегі бар­лық жаңару мен жаңғырудың ұйыт­қысы болуына өз үлесімізді қосуымыз керек және «AMANAT» партиясы биліктің емес, керісінше билікті жасақтауға себепкер болып жатқан саяси ұйым деп білуіміз тиіс.  

Қорыта айтқанда, қоғамның дамуына екпін беріп, халқымыздың бірлігіне жол бастаған Ата Заңда бекітілген тұғырлы қағидаттары бүгінде өзінің өміршеңдігін дәлелдеуде. Осы орайда, әрбір қазақстандық келешекке керуен тартқан мемлекетіміздің тұрақты дамуының кепілі Конституцияның мемлекет пен қоғам үшін ғана емес, өзінің жеке басы мен отбасы үшін де маңыздылығын терең сезінетінін де айта кетуіміз қажет.

Ендеше, біздің басты құндылықтарымыз – Тәуелсіздігіміз, Келісім мен Бірлігіміз нығая берсін дегім келеді. Биік мақсаттарға ұмтылған баршаңызға еліміздегі ынтымақ пен бірлігіміз нығая берсін дей отырып, жалпы қазақстандықтарды Конституция күні мерекесімен шын жүректен құттықтаймын! Өңіріміздегі әрбір азаматтың отбасыларына амандық, ырыс пен береке тілеймін!

 

Алтынсары ҮМБЕТӘЛИЕВ,

«AMANAT» партиясы Түркістан облыстық

филиалының төрағасы.