Петропавлдық жедел жәрдем қызметкерлері клиникалық өлімге ұшыраған пациентті аман алып қалды

Жедел жәрдем қызметінің бригадасы оқиға орнына бес минутта жетті.

Петропавлдық фельдшерлер клиникалық өлімге ұшыраған ер адамды 20 минутқа жуық уақыт күресіп, аман алып қалды.

Солтүстік Қазақстан облыстық Жедел медициналық көмек көрсету орталығының директорының сөзінше, шақырту сағат кешкі 19:52 минутта түскен. Жедел жәрдем қызметінің бригадасы оқиға орнына бес минутта жетті, медицина қызметкерлері келген кезде ер адам ес-түссіз жатқан. Дәрігерлер зардап шегушіге клиникалық өлім диагнозын қойды.

Қарындасының сөзінше, 31 жастағы ер адамды 220 Вт электр тогы соққан. Жедел жәрдем келгенше 8 минут жатып қалған.

«Электр тогы соққанда дәрігерлер, ең алдымен, қауіпсіздікті естен шығармай, токтан ажыратылғандығына көз жеткізуі керек. Тек осыдан кейін ғана тез арада реанимациялық іс-шараларды бастайды. Бұл жолы да ACLS стандарты бойынша жүрек-өкпе жұмысын қалпына келтіру үшін жүрекке массаж, өкпені жасанды желдету, дефибрилляция және кеңірдекке интубация жасалды. Тек реанимацияның төртінші кезеңінде ғана науқастың беті бері қарады», – дейді Юрий Белоног.

Сағат 20:23-те медицина қызметкерлері клиникалық өлімнен кейін тірілген ер адамды Петропавл қалалық көпбейінді ауруханасына жеткізді.

«Кеше сырқат жансақтау бөлімшесінен шығарылды. Есін біледі.

Фельдшерлер биыл ақпан айында халықаралық мамандардың жетекшілігімен жедел жәрдем қызметінің халықаралық стандарттары бойынша білімін жетілдірді. Көлік жүргізушісінің базалық реанимация бойынша сертификаты бар. Біз бір орында тоқтап тұрған жоқпыз, сапалы медициналық көмек көрсету үшін үнемі білім жетілдіріп отырамыз», – дейді орталық директоры.

 

Фото: facebook.com/ Юрий Белоног