Елордада жалған қағаз ақшаларды өткізудің 30-дан астам фактісі анықталды. Бұл туралы бүгін Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихатында Нұр-Сұлтан қалалық экономикалық тергеулер департаменті екінші тергеу басқармасының басшысы Олжас Сүлейменов айтты, - деп хабарлайды ҚазАқпарат. «Қаламызда қажетті техниканы сатып алып, өз үйінде қағаз ақша жасаумен тұрақты айналысып келген азамат ұсталды. Жалған қағаз ақшалар ҚР Ұлттық банкі банкноттарына барынша ұқсас. Жүргізілген жұмыстардың нәтижесінде жалған ақшаларды қала аумағында өткізудің 34 фактісін анықтадық», - деді ол. Оның атап өтуінше, қағаз ақшаны қолдан жасаған адамның кінәсін толық дәлелдейтін барлық айғақтар жиналған. «Бұлтартпайтын айғақтар жиналды. Олар: куәгерлердің жауабы, бейне бақылау камералары, сатушылар. Аталған адам ісі сотқа жіберілді. Ол бас бостандығынан айырылды. Ақша қаражаттарын қолданған кезде олардың жаңартылып отыратындығын ескерген жөн. Ұлттық банк тарапынан көзделген қауіпсіздік шараларына назар аудару қажет», - деді Олжас Сүлейменов.