Бұл туралы Қылмыстық атқару жүйесі комитетінің баспасөз қызметі мәлімет таратты.
«Қазіргі таңда сотталғандардың ұялы телефон қолдануы және бейнебақылау камерасының обьективін жауып тастау фактісі бойынша қызметтік тергеу тағайындалды. Қылмыстық атқару жүйесі комитеті жеке құрамның заңдылықты бұзуына қатысты түбегейлі ұстанымға берік. Келіп түскен әр ақпарат тыңғылықты тексеріледі. Заң бұзылған жағдайда қолданыстағы заңнама аясында шара қолданылады», - делінген комитеттің ресми мәліметінде.
Ондағылардың сөзінше, Серік Күдебаев пен жанындағылар жайғасқан дастарханның үстінде тәртіпке қайшы келетін азық-түлік өнімі жоқ.
«ІІМ бұйрығымен бекітілген ішкі тәртіп ережелері бойынша қылмыстық атқару жүйесінде қамауда отырған сотталушылар азық-түлікті сырттан сәлемдеме ретінде немесе туысқандарымен кездескен кезде қабылдауға хақылы. Олар ол тамақты арнайы бөлінген орында бос уақыттарында тұтына алады. Бұл талап қылмыстық атқару жүйесіндегі мекемелердің барлық түріне ортақ. Алдын ала мәлімет бойынша, Шығыс Қазақстан облыстық қылмыстық атқару жүйесі департаментінің №22 мекемесінде сотталғандар туысқандарынан дайын тамақ қабылдап алған. Тексеру кезінде тыйым салынған азық-түлік өнімдері табылған жоқ», - деп жазады комитеттің баспасөз қызметі.
Естеріңізге сала кетейік, Серік Күдебаев 28 сәуір күні 10 жылға сотталған болатын. Оған лауазымдық өкілеттігін асыра пайдалану және азаптау баптары бойынша айып тағылды.