Полицейлер республикалық маңызы бар тасжолда кешкі уақытта көкпар тартқан шабандоздарды анықтады.
Бұл туралы Алматы облысының полиция басшысы Бауыржан Әленов өзінің Іnstagram-дағы парақшасында мәлімдеді.
Айтуынша, осы жылдың 2 қыркүйегінде сағат 21:40-та Қонаев қаласында орналасқан «Береке» кафесінің жанындағы Алматы-Өскемен республикалық маңызы бар автожолының бойында, бір топ адам көкпар ойынын өткізгені туралы хабарлама түскен.
«1979 жылы туған азамат, балаларының туған күніне орай, Қонаев қаласының шетінде «Көкпар» ұлттық спорттық іс-шарасын ұйымдастырып, оған басқа аудандардың спортшылары қатысқаны анықталды. Қазіргі уақытта полиция қызметкерлері іс-шараның ұйымдастырушысы мен қатысушыларын Қонаев қалалық полиция басқармасына жеткізді. Барлық қатысушы ҚР ӘҚБтК-нің 434, 406, 590-бабы 5-бөлігі бойынша әкімшілік жауапкершілікке тартылды», – деп жазды Бауыржан Әленов.
Сонымен қатар, көкпарды ұйымдастырушы бұл әрекеті үшін кешірім сұрады.