«Әділетті Қазақстан – адал адам»

Қазақстандықтар 2023 жылдың 1 қыркүйегінде Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың кезекті Жолдауын тыңдады.

Соңғы жылдардағы Президент Жолдауының 1 қыркүйек Білім күнінде жолдануының да терең мәні бар деп білемін.

Мемлекет басшысы өз Жолдауында мемлекетіміздің өркениетке жету жолындағы өзекті  қағиданы ұсынды.  Оны қазақстандықтардың еліміздің гүлденуі жолында адал іс-әрекетімен азаматтық борышын өтей білуі деп түсіндірді. Халқымызда:  «Адалдық – ардың ісі» деген даналық сөз бар.  Халқымыз табиғаттан адам бойына даритын сол адалдық қағидасын ұстану арқылы ғасырлар бойы өзінің ұлттық құндылықтарын сақтап,  кейінгі ұрпаққа аманат етіп келеді. 

Қазіргі біздің еліміздің алдында тұрған басты мақсат – әділетті мемлекет,  таза қоғам құру.  Қоғам таза болу үшін сол қоғамда өмір сүріп жатқан адамдардың санасы таза болуы тиіс.  Президент Қасым-Жомарт Кемелұлы осы мәселеге ерекше тоқталып, «Әділетті Қазақстан – адал адам» қағидасын қалыптастыру үшін орта және жоғары білім беру ұйымдарында білім алып жатқан жастардың тәрбиесіне айрықша мән беру керектігін алға тартты. Білім беру ұйымдары алдына жастарды дарынды, ұшқыр ойлы және креативті маман етіп шығару мақсатын қойды. Біз де осынау мақсат жолында жастардың бойына сапалы білім мен тәрбиені сіңіруге аянбай еңбек ете береміз.

Ғ.Ш. Битұрсын,
Ж.Тәшенов университетінің әлеуметтік және тәрбие
жұмыстары жөніндегі проректоры

Назгүл НАЗАРБЕК