Жыл сайын мемлекет тарапынан орын жетпеген балаларды жекеменшік мектепте оқытуға арнайы субсидия бөлінеді. Алайда жеке мектепте тегін білім алып жүрген оқушылар оқулықсыз, ыстық тамақсыз, мектеп формасынсыз қалай оқиды?
«Жекеменшік» болып бөлінбеуі керек
Мемлекет тарапынан мектеп оқушыларына айырықша қолдау көрсетіліп жатыр. Айталық, биыл 450 мың мұқтаж отбасының балаларына мектепке керек-жарақтарын алу үшін 40 мың теңгеден бөлінді. Бұл «Мектепке жол» республикалық акциясы аясында ұйымдастырылған. Бұған оқушылар киім-кешек, оқу құралдарын алады. Ал жыл басында бастауыш сынып оқушыларының барлығы тегін ыстық тамақпен қамтылатыны туралы ақпарат шықты.
– Балалардың дамуы үшін сапалы тамақтанудың маңызы ерекше. Балаларды тамақпен қамтамасыз ету стандарттары қайта қаралды. Оның ішінде барлық бастауыш сынып оқушыларын бірреттік тегін ыстық тамақпен қамтамасыз ету сондай-ақ асханаларда қолма-қол ақшасыз есеп жүргізу жүйесін енгізу қарастырылды, – деді Оқу-ағарту министрі Ғани Бейсембаев.
Сондай-ақ оқушылар жыл сайын оқулықтармен де тегін қамтамасыз етіліп келеді. Бірақ министрліктің бұл шарапатын барлық бала бірдей сезініп отырған жоқ. Елордалық Әсем Азаматқызы биыл бірінші сыныпқа барды. Алайда үйінің қасындағы мектепте орын саны толып кеткендіктен, мемлекеттік субсидиямен жекеменшік мектепте білім алуға тура келген.
– Әсемнің құжаттарын мемлекеттік мектепке өткіздік. Бірақ директор мектеп жүктемесінің үш есе артқанын, әр сыныпта 30-40 баладан оқитынын айтып, бізді жекеменшік мектепке жіберді. Басында жекеменшік мектептің білімі жақсы деп қуанғанымыз рас. Бірақ бұл жақта баламыз тегін оқыса да оқулықпен, ыстық тамақпен қамтылмайды екен, – деді Әсемнің анасы.
Бұл мәселе Шымкент қаласында да бар. Жекеменшік білім қауымдастығының төрайымы Айман Бердімбетованың пікірінше, Президенттің мұқтаж оқушыларға бірреттік көмек беру туралы тапсырмасы толық орындалмайын деп тұр. Себебі жекеменшік мектептерде оқитын мұқтаж оқушыларға көмек беретін заң тетіктері жоқ. 2008 жылы қабылданған №64 қаулының бірінші тармағында «мемлекеттік мектеп» деген ғана сөз жазылған. Сол үшін жекеменшік мектептердегі тегін оқитын оқушыларға мемлекеттің көмегі толық жетпей отыр.
– Министр «1 сыныптан 4 сыныпқа дейін ыстық тамақ беріледі» деп айтса да, заң бойынша бұл талап 64 қаулымен байланысты. Біз Оқу-ағарту министрлігіне барып осы заңға өзгерту енгізуді талап етіп отырмыз. Өйткені жекеменшік мектеп болсақ та, біз оқушыларға мемлекеттік бағдарламамен тегін білім беріп отырмыз. 2008 жылы бұл қаулы шыққан кезде ірі қалаларда саусақпен санарлық қана жекеменшік мектеп болған. Ол кезде жекеменшік мектептерде тек қалталы азаматтардың балалары оқыған. Ал қазір еліміздегі мектептерде орын саны тапшы болғандықтан жекеменшік мектептер көп салынып жатыр. Жекеменшік мектептердің басым бөлігі арнайы квотамен мұқтаж оқушыларды тегін оқытуда. Мемлекеттік мектепте үш ауысымда оқыған оқушылар қазір жекеменшік мектепте бір ауысымға өтіп отыр. Жекеменшік мектептерге бөлінген бағдарламаның арқасында мектептердегі үш ауысым толығымен жойылып, оқу ордалары екі ауысымда білім беруде. Үш ауысымда оқыған әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың балалары, төтенше жағдайда жетім қалған оқушылар жекеменшік мектепте тегін оқып жатыр. Бірақ мемлекеттік мектептегідей бастауыш сыныптар ыстық тамақпен қамтылмады. Жоғарыда атап айтқан санатқа жататын отбасылар балаларына ыстық тамақ алып бере алмай отыр, – дейді Айман Бердімбетова.
Оның айтуынша, оқу формасына мемлекеттен берілетін бірреттік көмек те жекеменшік мектепте оқитын оқушыларға берілген жоқ. Дәл сол сияқты оқулықтар да қарастырылмаған. Негізі мемлекеттік мектептерге оқулық алу үшін 2 миллиард теңгеге жуық қаражат аударылған. Мектептер үш ауысымда білім берген кезде сол қаржыға оқулықтар алған. Бірақ жекеменшік мектептерге ауысқан оқушылардың мүддесі қорғалмай отыр. Мұқтаж отбасылардан шыққан балалар оқулықсыз қалды.
– Облыстық білім басқармасы мектептерде асып қалған оқулықтарды оқулықсыз қалған жекеменшік мектептерге алып берсе деген ұсыныс айтамыз. Министр Ғани Бейсембаев: «Жекеменшік бала жоқ. Барлығы мемлекетіміздің баласы» деп айтты. Бірақ министрлік 64 қаулыға өзгеріс енгіземіз десе де, заң келесі жылы қаңтар айында ғана қолданысқа енеді. Сонда оқушылар сол уақытқа дейін оқулықсыз, ыстық тамақсыз жүре ме? 2008 жылдан бері орта білім саласында қаншама өзгеріс болды. Министрлік «бала санының бұлай тез өсетінін болжамадық» деп отыр. Оқушылар оқулықсыз қалмасыншы деп бір мектебіме 48 миллион теңгеге қарызға кітап алдым. Заң енгеннен кейін жекеменшік мектептерге алынған оқулықтардың ақшасын қайтарып берсе деп ойлаймыз. Осылайша, оқушыларды 70 пайыз оқулықпен қамтамасыз еттім. Бірақ барлық жекеменшік мектептер мұндай қадамға барып отырған жоқ. Ал ата-аналарға өз шамасы жеткен мектеп формасын кигізуге рұқсат бердік, – дейді Жекеменшік білім қауымдастығының төрайымы.
Қазір Айман Бердімбетованың №1 TALANT мектебінде 80 пайыз, №2 TALANT мектебінде 90 пайыз әлеуметтік жағдайы төмен отбасылардың оқушылары оқиды. Ата-аналар «балаларымызға барлығымен қатар ыстық тамақ беріңдер» деп отыр. Бірақ жекеменшік мектеп директоры «қолымыздан келер амал жоқ» дейді.
Мектеп тапшылығын жоюға әсер етеді
Бұрын жекеменшік мектептерде тек жағдайы жеткен отбасының балалары ақылы оқитын. Бірақ қазір мектеп тапшылығының артуына байланысты мемлекет тарапынан орын жетпеген балаларды жекеменшік мектепте оқытуға бөлінетін субсидия саны да артқан. Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, 2023-2024 оқу жылы еліміздің мектептерінде 3,9 миллион оқушы білім алуда. Туу көрсеткіші өскен сайын мектептегі орындар саны да көбейіп отыруы керек. Мәселен, соңғы бес жылда Қазақастанда 2,8 миллион бала дүниеге келген. Ал 2020 жылдан бастап бірінші сыныпқа баратындардың жалпы саны 1,5 миллионға жеткен. Мектептегі тапшылық қазірдің өзінде 270 мың орынды құрайды. Туу деңгейінің өсу динамикасын ескере отырып есептейтін болсақ, алдағы үш жылда кемінде 670 мың жаңа орын пайдалануға берілуге тиіс. Апатты мектептер санының 37-ден 55-ке дейін ұлғаюы, үш ауысымда оқитын мектептер санының 143-тен 138-ге дейін баяу қысқаруы бұл мәселені күрделендіре түспек. Ал 132 мың орындық 154 жаңа мектептің пайдалануға берілуі осы оқу жылындағы орын тапшылығын түбегейлі шеше алмасы анық. Мектептерді пайдалануға берудің мұндай қарқыны мен көлемі орын тапшылығының 48,8 пайызын ғана өтей алады. «Қаржы орталығы» АҚ басқарма төрағасы Асқар Ибраимовтың айтуынша, еліміздегі оқушылар саны жыл сайын артып келеді, сондықтан орта білім беру саласындағы маңызды міндеттердің бірі – толып кеткен мемлекеттік мектептердің жүктемесін азайту, сондай-ақ білім беру сапасын арттыру үшін күресте мектептер арасында бәсекелестікті дамыту.
– 2018 жылдан бастап жекеменшік білім беру ұйымдарында орта білім беруге мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру мүмкіндігі заңды түрде бекітілді, – деді А. Ибраимов.
Қазір мемлекет тарапынан балаларды жекеменшік мектепке оқытуға жылына 532 мың теңге субсидия бөлінеді. Бірақ кәсіпкерге бұл қаржыдан келер пайда аз. Бөлінетін қаржы балалардың тек түске дейін оқуына ғана жетеді. Бала таңнан кешке дейін жүрмегендіктен, үй тапсырмасын мектепте орындамағандықтан, қосымша дамымайды. Ендеше екі ауысымды жекеменшік мектептің мемлекеттік мектептен еш айырмасы жоқ. Astana Garden School мектебінің негізін қалаушы Нұрмұхаммед Досыбаевтың айтуынша, мектеп тапшылығын жекеменшік мектептер шешеді. Бірақ бұл көптеген факторға байланысты. Мысалы, 200-300 балаға арналған мың мектеп саладағы тапшылықты шешпейді. Сондықтан жекеменшік мектептердің сыйымдылығына мән беру керек. Ашылып жатқан жекеменшік мектептер неге шағын? Өйткені мемлекеттің бөліп отырған субсидиялары үлкен мектеп соғуға мүмкіндік бермей отыр.
– Осы мәселені шешу үшін, ең бірінші мемлекет тарапынан бала басына шаққандағы қаржыландырудың көлемін кемінде екі есе көбейту керек. Екінші, Үкімет тарапынан 1000-2000 бала оқитын мектеп салуға жер бөлінуі тиіс. Жер беру процесін жеңілдету керек. Үшінші, мектеп салатын жерлерге коммуникация жеткізу мәселесі реттелсе, бөлінген жер не суы, не жолы жоқ айдалада орналасса, жеке инвесторға қиын соғады, – дейді Нұрмұхаммед Досыбаев.
Оның пікірінше, мектеп мәселесі түбегейлі шешілгенге дейін банктер мектеп соғуға 0 пайызға дейін жеңілдетілген несие беруі керек. Мектеп ашатын инвестордың кепілге қоятын инфрақұрылымы болмауы мүмкін. Сондықтан кепіл сұрамай несие алу жағын қарастыру артық етпейді.
2019-2021 жылдары 287 жекеменшік мектеп (94 696 орындық) ашылды. Жалпы, елімізде жекеменшік мектептердің жалпы саны 408-ге жеткен.
Өңірлер бойынша жекеменшік мектептерді ашуда Түркістан облысы (56), Шымкент қаласы (52), Алматы қаласы (41), Астана қаласы (29), Жамбыл облысы (30) көш бастап тұр.
Көктем ҚАРҚЫН
© коллаж: Елдар ҚАБА