Қазақстандық бір топ жұмысшы Түркияның алғашқы атом электр стансасының құрылысында жұмыс істеп жүр. Күн сайын алып реактор ішінде еңбек етіп жүрген жұмысшылар не үшін шетелде жүргендерін айтты.
Шетелде жұмыс істеу үшін халықаралық деңгейдегі жобада тәжірибе мен әлемде мойындалатын сертификаттар керек. Қазір Түркияның Мерсин қаласындағы алғашқы атом электр стансасының құрылысында бірнеше қазақстандық еңбек етіп жүрміз. Барлығы кезінде Атыраудағы Теңіз кенішіндегі Үшінші буын зауытының құрылысында тәжірибе жинақтап, кейін компания ұйымдастырған арнайы курстан өтіп, Түркияға жұмысқа шақырту алған.
Әлемдік деңгейдегі жобада қызмет етіп жүргендердің бірі – 29 жастағы Медет Даутов.
Ол Теңіз кен орнындағы бірнеше мердігер компанияларда жұмыс істеп, кейін жұмыстан қысқарған.
"Қол қусырып отыру табиғатымда жоқ. Бір айдан кейін арнайы курсқа іріктеуден өтіп, төрт айдан курсты тәмамдап, кейін досымның көмегімен Түркияға жұмысқа орналастым.
-Атом электр стансасының құрылысында жұмыс істеймін деп мүлдем ойлаған жоқпын. Өйткені мен үшін шетелде жұмыс істеу – орындалмайтын армандардың бірі болған еді",- дейді Медет.
Теңіздегі жұмыс тәжірибем пайдаға асып, арнайы курсты тәмамдап, бауырлас Түркия еліне жұмысқа келген Медет алда жоспары көп екенін айтты.
"Теңізде жұмыс істемегенімде, қазір осындай әлемдік деңгейдегі жобада қолтаңбамды қалдырмас едім. Аргон дәнекерлеуші лауазымында қызмет етіп жатырмын, бұл мен үшін үлкен жетістік болды, - дейді Медет Даутов.
Медеттің айтуынша, түрік тілін білмегендіктен кейде қиыншылықтар болып жатады. "Бірақ ас мәзірі қазақ асханасымен өте ұқсас",- дейді ол.
Медет Қазақстанға күзде қайтуды жоспарлап отыр. Ол әлемдік деңгейдегі жобада жинаған тәжірибесі еліміздің энергетика саласында қажет болатындығына сенімді.
Түркияның алғашқы атом электр стансасы әрқайсысының қуаты 1200 МВт реакторлары бар төрт энергоблоктан тұрады.
Медет өзі сияқты арнайы курста оқыған әріптестерінің арасында қазір Франция, Испания, Уругвай, Ресей мен Сауд Арабиясы елдерінде қызмет етіп жатқандары бар екенін айтты.
Баян Жанұзақова