Президенттің баспасөз хатшысы тағайындалды

Нұрмұхамед Байғараев 2019-2022 жылдар аралығында Аiqyn газетінің бас редакторы болды.

Нұрмұхамед Байғараев Президенттің баспасөз хатшысы лауазымына тағайындалды, деп хабарлайды Ақорданың баспасөз қызметі.

Бұған дейін саясаттанушы, «Болашақ» бағдарламасының түлегі Нұрмұхамед Байғараев Президент баспасөз хатшысының орынбасары қызметін атқарған. 

Нұрмұхамед Байғараев Аiqyn газетінің бас редакторы болды. «AMANAT» партиясының Саяси жұмыс департаментінің директоры қызметін атқарды.

Сондай-ақ  Qazaqstan  ұлттық телеарнасында саяси-сараптамалық бағдарламаларды эфирге шығарып, саяси ток-шоуларды тізгіндеген тележүргізуші ретінде көрерменге жақсы танылған.

Кейіннен республикалық  Egemen Qazaqstan  газеті АҚ Басқарма төрағасына кеңесші, бас редакторының орынбасары болды. Нұрмұхамед Байғараев әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетін «Саясаттану», «Болашақ» бағдарламасымен Ұлыбританияның Ланкастер университетін «Жобаларды басқару» мамандықтары бойынша тәмамдаған.