Өздеріңізге белгілі жуырда Шымкент қаласындағы №83 мектепте сабаққа 15 минут кешігіп келген 5 балаға айқайлап, қол көтерген география пәнінің мұғалімі туралы видео әлеуметтік желіде қызу талқыға түсті. Біз осы жәйтқа байланысты пән мұғалімі Батыр Әбдуғаниұлына хабарласқан едік. – Батыр Әбдуғаниұлы, жалпы мұғалімдік еңбек өтіліңіз қанша және бүгінде қандай сыныптарға қанша жүктемемен сабақ бересіз? – Жалпы педогогикалық еңбек өтілім – 22 жыл. Алдында Қостанай қаласындағы мектептерде сабақ бердім. Шымкентке келгеніме 8 жыл болды. №83 мектепте 7-11 сынып аралығындағы орыс сыныптарына географиядан 21 сағаттық жүктемемен сабақ беремін. Мектепте 2500-ге жуық оқушы бар. – Әлеуметтік желіге жүктелген видео төңірегінде не айтар едіңіз? Оқиға қалай өрбіді? Жалпы бұрын да балаға қол көтерген бе едіңіз? – Бұл жағдай үшін қатты ыңғайсызданамын. Түрлі бала бар. Ашу-ыза болады, тәрбиесі жақсы болу үшін ұрысамыз. Бірақ қол көтеру жағдайы болған емес. Ол балаларды сабаққа кіріп келе жатқанда әжетханада тұрғанын көрген едім. Олар 1-2 минут емес, 15 минут кешігіп келді. «Қайда болдыңдар?» деген едім. «Әжетханадан» келдік деді. Сонда 15 минуттан бері әжетханда болды ма, қандай да бір жағдайға ұшырап қалмады деп ашуландым. Тіпті олар екеу емес, 5-еуі бірінен соң бірі келіп тұр. Алдыңғы үшеуіне ашуланып айқайлап жатқанымда, соңғы екеуі кіріп келді. Сосын бірін қабырғаға қарай сілкіп жіберсем, екіншісін де түртіп қалғанымда тақтаға тиіп кетті. Егер сабақ үстінде бірнәрсеге душар болса, мұғалім кінәлі болады емес пе? Бірақ шынымды айтсам, осынша жасқа келіп, осындай жағдайға тап болғаныма өкінемін. Отбасымның алдында да дұрыс болмады. Ата-аналардан да, ұжымнан да кешірім сұрадым. – Осы оқиғаға байланысты сізге шара қолданды ма? – Қатаң сөгіс берілді. Ата-аналар кешірім бергенімен, ол жазаны алып тастай алмаймыз деді. – Естуімізше, 1 айлық жалақыңызды кескен сияқты.. – Жоқ, ондай болмады. – Өзіңіздің қанша балаңыз бар? Егер өз балаңызға мұғалім қол көтерсе, не істер едіңіз? – Менің бес қызым бар. Оларға мұғалім қол көтере қоймайтын шығар. Дегенмен өзіміз мектепте ағайлардан талай таяқ жегенбіз. Қазір заман басқа ғой енді. – Бүгінде мектептегі ахуал қалай? Тексерушілер жиі мазалап жатқан жоқ па? – Жағдай бірқалыпты. Директорға кіріп жатқан шығар. Жеке өзімді ешкім шақырмады. – Әңгімеңізге рахмет!
Назгүл НАЗАРБЕК, Шымкент қаласы