БҚО-да екі ересек адам мен кішкентай баланы қарумен жаралаған күдікті ұсталды

Күдікті аса ауыр қылмыс жасаған соң көлігімен оқиға орнынан бой тасалаған.

Батыс Қазақстан облысының полиция қызметкерлері екі ересек пен кішкентай баланы қарумен жаралаған ер адамды ұстады.
 
Күдікті жергілікті шаруа қожалығының иесі болып шықты. Полицияның мәліметінше, ол қаруды мас күйінде қолданған. Алдымен жанжал бірлесіп алкогольдік ішімдік ішу кезінде болғаны туралы ақпарат тарады, бірақ кейін баспасөз қызметі күдіктінің өзі ғана мас болғанын анықтады.
 
"Жанжал кезінде шаруа қожалығының басшысы әйелінің атына тіркелген аңшы мылтығын көлігінен алып шығып, қарсыласына қарай бірнеше рет оқ атқан. Салдарынан ауыл тұрғыны жарақат алған. Сонымен қатар 59 жастағы жергілікті тұрғын мен оның кішкентай немересіне бытыра тиген", – деп хабарлады полиция.
 
Күдікті аса ауыр қылмыс жасаған соң көлігімен оқиға орнынан бой тасалаған. Ол көп ұзамай ұсталды. Адам өлтіруге оқталу бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды.