Алқалы жиынға «AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев, Парламент Мәжілісіндегі фракция мүшесі Мархабат Жайымбетов, партия филиалының Саяси кеңесі мен Саяси кеңес бюросы мүшелері және аумақтық партия филиалдарынан сайланған 249 делегат қатысты.
Конференцияда облыстық партия филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов биылғы атқарылған жұмыстарды кеңінен жеткізді. Қазір «AMANAT» партиясының Қызылорда облысында 1 аймақтық, 9 аумақтық филиалы, 241 бастауыш ұйымы, 45 мыңға жуық мүшесі және мыңдаған жақтасы бар. Биылғы есеп беру-сайлау кезеңінде өңірден 78 немесе 47,9 пайыз бастауыш партия ұйымының жетекшілері жаңадан сайланды. Соңғы сайлау қорытындысымен барлық мәслихаттағы орынның 79,6 пайызын иеленуде. Жалпы, есепті мерзімде партияның 1 облыстық, 1 қалалық және 7 аудандық сайлауалды бағдарламасы бойынша жоспарланған 1 499 іс-шараның 97 пайызы орындалған.
«Негізінен, өңірде бағдарлама аясында балабақшалар желісінің өсуі нәтижесінде 2-6 жастағы балалардың мектепке дейінгі тәрбие мен оқытумен қамтылуы 88,8 пайызға артса, 3-6 жастағы балалардың қамтылуы 100 пайызға жеткен. Сондай-ақ тұрғындарының көгілдір отынды пайдалану деңгейі 70 пайызды құрайды. Оның ішінде қалалық тұрғындар 100, ауыл тұрғындары 50 пайыз газ тұтынады. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 75 пайызға артады деп күтілуде. Жол мәселесінде де жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Бұл тұрғыда өңірдегі нормативтік жағдайдағы жергілікті маңызы бар жолдардың үлесі 82 пайызға тең. Жыл соңына дейін бұл көрсеткіш 87,5 пайызға артады деп күтілуде. Облыс тұрғындарының орталықтандырылған ауызсумен қамтылу деңгейі 98,1 пайызды құрайды. 2025 жылы бұл көрсеткішті 100 пайызға жеткізетін боламыз. Негізінен, халықтың әртүрлі тобымен жұмыс істеуде бұрыннан жүзеге асырылып келе жатқан партиялық жобалармен қатар жаңа жобалардың іске қосылуы да қоғамдағы түрлі өзекті мәселені шешуге септігін тигізіп отыр», – дейді партияның облыстық филиалының төрағасы Наурызбай Байқадамов.
Есепті мерзімде партияның қоғамдық қабылдау бөлмелеріне тұрғындардан 8 005 өтініш түскен. Нәтижесінде, олардың 64,2 пайызы оңтайлы шешімін тапқан. Соның ішінде 3 мыңға жуық өтінішке заң тұрғысынан тиісті түсіндірмелер мен құқықтық кеңестер беріліп, 35 ауылда мобильді қабылдаулар өткен. Мобильді қабылдауда көтерілген 579 мәселенің 43,3 пайызы шешіліпті. Сол сияқты биылға жоспарланған 16 қабылдаудың 8-і өтіп, оларда 96 тұрғынның 29 сұрағы қанағаттандырылған.
Сонымен қатар «Ауыл аманаты» жобасы бойынша облысқа биыл 3 млрд теңге бөлініп, 600 микрокредит беру және 636 жаңа жұмыс орнын ашу жоспарланған. Бүгінгі күнге 199 млн теңгені құрайтын 30 жобаға несие берілген. Сонымен қатар «Жер аманаты» жобасы бойынша көлемі 157,1 мың гектар болатын 256 жер учаскелері мемлекет меншігіне қайтарылған. Биыл 200 мың гектар жерді қайтару жоспарланып, меже 69 пайызға орындалып отыр. Ал «Кедергісіз келешек» партиялық жобасы аясында 742 әлеуметтік нысанның мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін бейімделуіне мониторинг жасалып, нәтижесінде 314 нысанға қайта қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Жиында Парламент Мәжілісінің депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Мархабат Жайымбетов партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің есепті кезеңде атқарған жұмыстарына оң бағасын берді.
«Мен есепте айтылған жұмыстарды кеше ғана ауыл-аймақтарды аралап, көзбен көрдім. Халықпен тікелей тілдесіп, жағдаймен таныстым. Онда көтерілген мәселелер партияның алға қойған міндеттерінде көрініс тапқан. Енді сайлауалды уәделердің уақытылы және сапалы орындалуына Мәжілістен бастап барлық деңгейдегі мәслихаттардағы фракция мүшелері, партия филиалдары мен бастауыш ұйымдары бір кісідей күш салуымыз қажет», – деді депутат.
Өз кезегінде қалалық мәслихаттағы депутаттық фракцияның жетекшісі Талғат Мақашов, партияның Жалағаш аудандық филиалына қарасты «Қаракеткен» бастауыш партия ұйымының төрайымы Мирамкүл Жүсіпова мен Қазалы аудандық «Жастар Рухы» жастар қанатының төрағасы Нұрбек Ақпанбетовтер ұсыныс-пікірлерін білдірді.
«AMANAT» партиясының Хатшысы Ержан Жылқыбаев тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық әл-ауқатын жақсарту мен партия жұмысын күшейту бағытындағы алдағы мақсат-міндеттерді атап өтті. Конференция барысында партияның облыстық филиалы Саяси кеңесінің және бақылау-тексеру комиссиясының жаңа құрамы сайланып, алдағы жұмыстар пысықталды.
Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,
Қызылорда облысы