Олай деуімізге негіз де жоқ емес. Жолдауды тағы бір қарап, қайталап оқығанда түйгенім, еліміздің жаңару мен жаңғыру жолында еңсесін тік ұстап, қарқынды адымдап іс-әрекет жасауға толық мүмкіншілігі бар деуге болады. Мемлекетімізде кенжелеп қалған кейбір салаларды түрлендіріп, жетілдіруге бағытталған Жолдауда айтылған Президент тапсырмасы санаға сілкініс сыйлады.
Соның бірі – отандық туризм. Осы бағытта 15 ірі жобаны дайындауды тапсырған Мемлекет басшысы алысты аңдап, болашақты болжап отыр. Себебі еліміздің табиғаты тамаша, тарихы терең. Туристік нысанға айналдыруға әбден лайық орындары жетерлік. Алыс-жақын шет мемлекеттердің кейбірі тек туризмнен түскен қаржының есебінен бюджетін түгелдеп отырғанын ескерсек, Қазақстанның да туризмді дамытуға мүмкіндігі мол.
Қаныш Сәтбаевтан бері жалғасып келе жатқан тау-кен ісі, геология ғылымының соңғы кезде тоқырап қалғаны жасырын емес. Осыны ескерген Қ.Тоқаев жаңа қазба байлықтар кенін тауып, кеңейтуді тапсырды. Қойнауы қазынаға толы даламыз бен тауымыздың сырын ұққанға, тілін білгенге берері ұшан-теңіз. Бұл ретте осы сала ғалымдарына артылар жауапкершіліктің салмағы орасан. Жер астындағы қазба байлықтарымызды шикізат күйінде сатып, шетелден оның өңделген түрін бірнеше есе қымбат бағаға сатып алудың тиімсіздігін уақыт көрсетіп отыр. Ендеше өнімді өңдеу және өндіру – кезек күттірмейтін өзекті мәселе.
Көрші елдерде болып жатқан геосаяси жағдайлар, түрлі қақтығыс пен дау-дамай қазаққа етек-жеңін жиып, қымтану қажеттігін тағы бір еске салғандай. Елімізде болған орман өрті, су тасқыны сынды табиғи апаттар да ойландырмай тұрмайды. Қазақта «ауруын жасырған өледі» деген сөз бар. Бәрі жақсы, бәрі керемет дегеннен ешкімнің маңдайы жарқырап, жұлдызы жанбасына отыз жылда көз жетті. Ауыл шаруашылығын дамыту, отандық өнімді өндіру, оны қолдау – мемлекеттік деңгейде қадағаланып, жіті бақылауда болатыны да көңілге қуаныш сыйлады. Ауылдағы қарапайым шаруаның жанайқайы биліктің мінберінен қозғалып, Президент назарында болуы көп жайды аңғартады. Біле білсек, бұл қарапайым шаруаның ғана мәселесінің көтерілуі емес, ауыл шаруашылығының дамуына кедергі келтіріп отырған барлық келеңсіздікке қарсы үлкен күш деп білемін. Қажетті техникалардың жаңартылуы, соған сай мамандардың сұранысқа ие болуы жұмыссыздықты да шешуге оң ықпал етері сөзсіз.
Цифрлы сауаттылықты арттыру, цифрлы Қазақстан, сандық технология туралы ұғымдар өткен онжылдықтың еншісінде қалып, енді жасанды интеллект ұғымы белсенді қолданылуда. Тіпті, жасанды интеллектті меңгерген адамның әлеуеті өзгелерге қарағанда әлдеқайда артық және қоғамға пайдалы болатыны да ашық айтылып, жазылып жүр. Президент Жолдауындағы «Жасанды интеллектінің мүмкіндіктерін толық пайдалансақ, білім экономикасына тың серпін береміз. Жетекші халықаралық компаниялармен ынтымақтастық орнату керек. Білікті мамандар даярлауымыз қажет. Кемінде үш белгілі жоғары оқу орны жасанды интеллект саласына қажетті кадр даярлаумен және зерттеулер жүргізумен айналысуы керек» деген жолдар біздің ұжымға тың идеялар туғызды. Бұл тұрғыда арнайы жоба дайындауды бастап кеттік.
Егеменді еліміздің іргесі бекем, шекарасы мығым болуы әркез қырағылықты ғана емес, қорғаныс техникаларының заманауи талапқа сай жаңарып, жабдықталуын да талап етеді. Осы ретте Мемлекет басшысының қорғаныс техникаларын жаңартуға қатысты тапсырмасы айбынды армиямызды қуатты күшке айналдырады деп санаймын. Қорғаныс мәселесін өз деңгейінде заман талабына сай талқылайтын уақыт жетті. Бұл мәселеге үлкен мән беру керек, әйтпесе біз кешігеміз.
Газбен қамтамасыз ету жұмыстарының қарқынды жалғасуы халықтың әлеуметтік жағдайын одан әрі жақсартып, тұрмысын оңалтады. Соңғы жылдардағы көмір тапшылығынан туындаған оның бағасының өсуі халықтың қалтасына оңай түспей тұр. Сондықтан барлық елді мекенді газбен қамтамасыз ету маңызды.
Қазақ әуел бастан суды ысырап етпеген. Оны үнемдеп жұмсап, суға қатысты түрлі ырым-тыйымды, адам сенгісіз аңыз-әңгімелерді шығарған. Мұның барлығы көшпенді халықтың судың киесі бар деп ұғынуынан туған. Бүгінде Орталық Азия халықтарының ортақ мәселесіне айналып отырған су тапшылығы жыл өткен сайын айқын аңғарыла бастады. Суды үнемдеп жұмсауға қатысты отбасы тәрбиесінен бастап балабақша, мектеп қабырғасында тұрақты түрде айтылып, жұмыс жүргізілуі тиіс. Президенттің суды шектен тыс жұмсайтындар үшін арнайы тарифті енгізу туралы ұсынысын қолдаймын.
Атом электр стансасын салуға қатысты екіұдай пікір толастамай тұр. Осыған қатысты Президенттің референдум өткізу арқылы анықтауды ұсынғаны оңтайлы шешім болды деп есептеймін. Халықтың үнін еститін мемлекет АЭС салуға қатысты шешімін халықтың таңдауы арқылы жасайтын болады.
Екі жаңа министрліктің құрылып, бірнеше министрдің ауысуы да даму жолындағы Қазақстан үшін саяси маңызға ие дұрыс шешім болды. Үш жыл – жаңаша даму үлгісіне көшу мерзімі. Қас-қағым сәт. Олай болса, білек сыбанып нақты іске кірісейік!
Оңалбай АЯШЕВ,
ҰҒА академигі, педагогика ғылымдарының докторы,
Тәшенов университеті директорлар кеңесінің төрағасы