Біздің кейіпкеріміз Сырым Мүсіреп – бала арманынан қанаттанып, бүгінде мүсін өнерін әлемдік деңгейде дәріптеп жүрген жастардың бірі. Түрлі материалдан қайталанбас туынды жасайтын мүсінші «Шабыт», «Дарын» сыйлықтарының лауреаты.
– Мүсін өнеріне сізді жетелеген қандай күш?
– Әлемнің бар әсемдігін танып-біліп, оны әртүрлі материалмен жеткізе білу балалық шағымнан басталды. Мысалы, әртүрлі өсімдік пен табиғаттың жаратылысын қызығушылықпен зерттеп, жақсы көретінмін. Энциклопедияның ішіндегі барлық жануар мен балықты ермексаздан жасап шыққанмын. Ермексазбен күнде бір туынды жасайтынмын. Тіпті, кейде тамақ ішуді де ұмытып кететін едім. «Дарынды адам данышпандығын білмейді» демекші, бала күнімнен бастап өз ісіме ерекше сүйіспеншілікпен қарадым. Бірінші адамдарды емес, қоршаған ортаны зерттейтінмін. Ал қазір жасым өскен сайын адамдарды зерттейтін болдым. Ойлап қарасам, мектеп кезімде ойын баласы да болмаппын. Үлкендердің қасында жүріп жаңбыр жауса балшық жинайтынмын. Жақсы көріп жасаған алғашқы туындыларымның бірі – бүркіт. Ермексаз еріп кетпесін деп тоңазытқыштың жартысын туындыларыммен толтыратынмын.
Мүсіндеме мен сурет тек қылқаламмен жұмыс істеу емес
– Бүгінгі қоғамда мүсін мен сурет өнеріне сұраныс бар ма?
– Әрине, сұраныс бар. Ойы бар адам бұл өнердің, мәдениеттің қаншалықты жоғары екенін біледі. Бірақ біздің мемлекетімізде бұл кенже қалған өнер. Қай экономиканы алып қарасаңыз да, тіпті көліктің дизайнын, яхтаның құрылымын, интерьердегі аксессуарларды мүсіншілер мен суретшілер жасайды. Олар кез келген материалдан әлем жасай алады. Киім дизайнын да, теледидардың дизайнын жасауда суретшілер мен мүсіншілерге сұраныс жоғары. Классикалық үш дағдыдан, яғни графика, кескіндеме мен мүсіннен басқа салалар басталады. Өндірісті құрайтын да осы үшеуі. Бізде бұл өнер енді қалыптасып келе жатқандықтан, халық мүсіндеме мен сурет салуды тек қылқаламмен жұмыс істеу деп ойлауы мүмкін. Бұл пікір мүлде дұрыс емес. Хобби ретінде айналысатындар тек сурет сала беретін шығар. Ал кәсіби деңгейде біз бұл өнерді әлемге жаңа форма енгізу, ауқымды мәселелерді туындымен жеткізу деп түсінеміз. Мысалы, қалаға креативті, адам психологиясына, мемлекет мәдениетіне әсер ететін мүсіндер қоюға болады. Маркетингтік бағытта қарасақ та материяның әсері адамға ықпал етеді. Айталық, бағасы қымбат көлік пен арзан көліктің дизайнында бәрібір айырмашылық болады. Адам санасына маркетингтік тұрғыда әсер ететін дизайн жасауда суретші мен мүсіншінің де еңбегі бар. Астана қаласындағы белгілі қонақүйдің алдында орналасқан екі арыстанның мүсінін көрген шығарсыз. Екі арыстан екі архитектуралық нысанның мысы сияқты. Егер сол екі арыстанның мүсіні болмаса, ғимарат та қатардағы нысан болып қалар еді. Өз басым әлемге жаңалық әкелетіндей креативті туындылар жасауға тырысамын. Қазіргі экономика эмоцияға басымдық береді. Біздің шығармашылығымыз да идея мен эмоцияға бағытталған.
– Байқаулар мен көрмелерге жиі қатысады екенсіз. Жалпы, шетелдіктердің туындыларыңызға қызығушылығы қандай?
– Иә, байқауларға жиі қатысамын. Осы уақытқа дейін төрт рет жеке көрме өткіздім. Бұл басқа суретшілер үшін үлкен деңгей болса да, маған әлі тоқтамау керек. Мақсатым – әлемдік деңгейдегі өнер адамы болу. Байқаулар мен көрмелер суретшінің өсуіне мүмкіндік береді. Көбіне адамдарға ой салатын туындыларды жасауға тырысамын. Алда шетелдерде жеке көрме өткізу ойымда бар. Әр мәдениеттің өзіндік өнері бар. Автор ұлттық мәдениетін әлеммен ұштастырып, ортақ тілде жеткізуі керек. Сонда әлемдік деңгейде көрермен табады.
– Өнер жолында бағыт сілтеген ұстаздарыңыз болды ма?
– Ақтөбеде қарапайым орта мектепте оқыдым. Алайда ата-анам бойымдағы қабілетті дер кезінде байқаса керек, көркемсурет лицейіне апарды. Бар қызықты сәттер сонда өтті деп ойлаймын. Көркемсурет лицейінен біраз нәрсе үйрендім. Мұғалімдерім жарыстарға қатыстырды. Кейін лицей жетекшілігі де байқап, қатардағы байқауларға емес, салмақты, ірі жарыстарға жолдама берді. Айжан Әділгерейқызы, Дина Мұсақызы, Ботагөз Болатқалиева сынды ұстаздарыма әлі күнге дейін алғысымды білдіремін. Лицейде жеті жыл оқығаннан кейін жергілікті жеке колледждердің біріне «Интерьер дизайны» мамандығы бойынша құжаттарымды тапсырдым. Шынымды айтсам, ондағы студенттердің білімі көркемсурет лицейінің 3-сынып оқушыларының деңгейінен төмен болды. Дегенмен мен тек өзіме сендім, көпшілікке еріп, жұтылып кетпей, өздігімнен көп дайындалу керек деп шештім. Арасында байқауларға қатысып жүрдім. Кейін Астанадағы «Шабыт» өнер академиясына түстім. Бірақ грантқа іліге алмадым. Әділетсіздікті көре тұра байқамаған кейіп таныттым. Дегенмен әжем марқұм жиі айтып отыратын «құлаған сайын орныңнан тұрғанда мықты бола түсесің» деген сөзі жадымда сақталып қалған. Әр қиындыққа кезіккен сайын «мықты бола түсем» деп өзімді қамшылап отырдым. Ата-анам ақылы бөлімге түсірді. Осыны көре тұра мен өзіме үлкен жауапкершілік арқалауым керек деген ойда болдым. Егер стипендия алып, әдемі киініп, асханада шай ішіп отыратын болсам, бүгінде басқаша болар ма еді. Бірінші курстан-ақ іздене бастадым. Оқу жылдары біраз ұстазым тани бастады, студенттер арасында да танымал бола түстім. Жеке көрмемді өткіздім. Ірі байқауларда бағымды сынап, үлкен ортада да есімім кеңінен таныла бастады. Университетте оқып жүріп халықаралық «Шабыт» фестивалінің лауреаты атандым. Есте қалған үлкен жетістігім 2019 жылы «Дарын» жастар сыйлығын алдым. Сол кезде жасым небәрі 21-де болса да, еңбегім ақталды. Мұндай жетістіктер өнер адамы үшін маңызды болмауы керек. Бастысы, сенің әлемге не беретінің маңызды. Сондықтан «Әлемді өзгерту жолында сен не істедің?» деген сұрақты өзіме жиі қоямын. Мақсатың мен тақырыбың ауқымды болса, Жаратушы да үлкен күш береді деп ойлаймын.
Өнерді кәсіпкерлікке айналдыру маңызды
– Шығармашылықты кәсіпкерлікке айналдыру жайлы айтып беріңізші?
– Шығармашылық – рухани әлемге әсер ететін күш. Бірақ қазіргі қоғам кәсіпкерлікті де меңгеріп, шығармашылықты тұрмысқа бейімдеуді талап етеді. Өнердің ауқымды әсер етуі үшін кәсіпкерлікті де меңгердім. Бала кезімде атам мен әкем қызық көріп, маған ақша санататын. Негізі, баланың ұяда алған тәрбиесі болашақ дағдыларына да әсер етеді екен. Оқушы кезімде резеңкеден секіретін асықтарды достарыма жасап беріп жүрдім. Трендтегі дүниелерді өз идеяларыммен дамытып, басқа балаларға сататынмын. Өсе келе ауқымды жобаларға кірістім. Өнерді кәсіпкерлікке айналдыру маңызды. Адам өз сұранысынан мықты дүние жасаса, қоғам да алға жылжиды. Өнер саласы жақсы дамыған мемлекеттің экономикасы да мықты болады. Әлемнің атақты брендтерінің барлығы суретші мен мүсіншінің қолынан шыққан. Компаниялар бір-бірінен озу үшін адамдардың сұрағанынан да артық дүниелер жасайды. Дамыған компанияның барлығынан өнердің иісі шығып тұрады. Түстердің әсері, форманың ыңғайлылығы, жаңа дизайнның тууы, бәрі-бәрі өнерден басталады.
– Сіз туындыларыңызда ұлттық нақыш пен заманауи үлгіні ұштастырасыз. Шабытты қайдан аласыз?
– Шабытты жүрегімдегі тақырыптардан аламын. Ақылмен, зерттеумен келген тақырыптарды көрермендерге әсер ететіндей жасаймын. Әр туындымды көрген адам жігер алса екен деп ойлаймын. Қазір әлемдік деңгейдегі тақырыптарды көтеріп жүрмін және оларды ерекше жеткізуге тырысамын. Қазақ ұлтының мәдениетіне қызығатын шетелдік көп. Сондықтан басқа тілде жасалған заманауи туындыларымды, қазақ жасағаны көрінетіндей етуге тырысамын. Жақсы энергия Жаратушыдан, сосын жақсылық жасағаннан келеді. Өнерде де екі энергия болады. Азған өнерді жасайтындар энергиялық қуатты теріс әрекеттерден алады. Ал жақсы энергияны алу үшін өнер иесінің жүрегі, ішкі әлемі таза болуы керек. Осыған аса мән беремін. Шабытты күтіп жүрмеймін. Қылқаламды ұстаған сәтте-ақ шабыт келеді.
– Әңгімеңізге рақмет!
Сұхбаттасқан Көктем ҚАРҚЫН