Жылқыны қолға үйреткен көшпенділер әлем өркениетіне теңдесіз үлес қосты. Бүгінде ұлттық ат спорты – мәдениетіміз бен болмысымыздың маңызды бөлігі. Осы бір болмысымызды айшықтап, дәстүріміз бен мәдениетімізді жаңғыртатын ат спортына соңғы уақытта жақсы көңіл бөлініп келеді. Бұған мысал ретінде осымен екінші рет өтіп отырған «Ұлы дала жорығы» жобасын айтуға болады.
Аталмыш марафон-бәйге елімізде ұлттық спорт түрлерінен өтіп жатқан VI фестивальдің аясында ұйымдастырылған болатын. Бір күн бұрын фестивальдің ашылу салтанатында сөз сөйлеген Парламент Мәжілісінің Спикері, «AMANAT» партиясының Төрағасы Ерлан Қошанов елімізде ұлттық спорт түрлері мемлекет қолдауымен қарқынды дамып келе жатқанын атап өткен еді.
«Төл мәдениетімізді дәріптеп, ұлттық спортты дамыту – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың әрдайым ерекше назарында. Оның ұрпақ тәрбиесіндегі маңызы туралы Президентіміз Түркістанда өткен Ұлттық құрылтайда айтқан еді. Ұлттық спорт түрлері – бұл біздің тарихымыздың және қазақ халқының өзіндік ерекшелігінің айнасы. Оны дамыта отырып, рухани мұрамызды болашақ ұрпақтың игілі үшін сақтап қаламыз», – деді Е.Қошанов.
Сондай-ақ Мәжіліс Спикері алдағы жылы Қазақстанда Мемлекет басшысының қолдауымен өтетін V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының мәні мен маңызына тоқталды. Бірнеше мемлекеттің спортшылары бас қосатын халықаралық жарыста қазіргі Қазақстанның әлеуетін танытуға мүмкіндік беріледі.
Фестиваль аясында ұйымдастырылған «Ұлы дала жорығы» марафон-бәйгесі «АMANAT» партиясы, республикалық JORYQ ат спорты федерациясы, Мәдениет және спорт министрлігі мен Ұлттық спорт түрлері қауымдастығы қолдауымен жүзеге асырылады. Бірегей ұлттық бренд құру, дәстүрлі ат спортын, атап айтқанда, қазақтың «қазанат» жылқы тұқымын танымал етуді мақсат еткен жоба Ақмола облысының Қаражар ауылынан бастау алды. Іс-шараның ашылу салтанатында сөз алған Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Исламбек Салжанов бұл марафон-бәйгенің маңызын тілге тиек етіп, қатысушыларға сәттілік тіледі.
«Кеше ғана ұлттық спорт түрлері бойынша VI фестивальдың ресми ашылуын өткіздік. Ал бүгін баршамыз екінші рет ұйымдастырылып отырған «Ұлы дала жорығының» басталу салтанатына жиналып тұрмыз. Ұлттық спорт қауымдастығы 2 жыл қатарынан серіктес болып, «Ұлы дала жорығы» жобасын қолдап отыр. Ұлттық спортымыз ата-бабаларымыздан бізге қалған асыл мұрасы және аманаты. Ұлттық спорттың артында ұлтымыздың рухы мен намысы, тарихы мен салт-дәстүрі тұр. Ұлттық спортымыз елімізді біріктіретін негізгі факторлардың бірі.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев ұлттық спорттың дамуы мен насихатталуына ерекше назар аударып отыр. «Ұлы дала жорығы» әлемде жоқ республикалық марафон-бәйге. Бүгін осы бәйгеге еліміздің барлық аймағынан 100-ден астам шабандоз қатысуда. Олар 14 күнде 1 300 шақырым жерді шауып өтеді. Астанадан басталған бәйге Түркістанда мәресіне жетеді. Мен барлық шабандозға сәттілік тілеймін!
Осы жобаны ұйымдастырып, қолдап отырған Қазақстан Республикасы Туризм және спорт министрлігіне, «АMANAT» партиясына және Әлібек Әлденей бауырымыз бен барлық атсалысқан азаматтарға алғысымды білдіремін! Қазақ елінің аспаны ашық болып, Көк туымыз мәңгі желбірей берсін!», – деді Исламбек Салжанов.
«Ұлы дала жорығы» жобасының авторы Бақытжан Тұрлыбек биылғы бәсекенің ерекшеліктеріне тоқталып өтті.
«Биылғы «Ұлы дала жорығы» жарысында 19 облыстың командасы бақ сынайды. 2022 жылы Қостанай облысында алапат өрт болып, салдарынан соңғы сәтте бас тартқан еді. Ал қазір белгісіз себептермен Атырау облысы жарысқа қатыспайды. Біріншіден, былтыр қатысқан 95 шабандоздың барлығы қайта қатысып жатқан жоқ. Мысалы, жеңімпаз атанған Маңғыстау облысының 4 қатысушысы алғаш рет келіп тұр. Сол секілді өзге облыстардың шабандоздары құрамында да 70%-дай өзгеріс бар. Неге? Өйткені бірінші «Ұлы дала жорығында» барлық облыстар өздерінің қателіктерін байқады. Қандай? Ұзақ қашықтыққа шабатын аттарда отыратын адамның салмағы жеңіл болғаны тиімді. Сондықтан да облыстар салмағы жеңіл шабандоздарға басымдық берген. Ал біз өз кезегімізде ереже бойынша 18 жастан асқан азаматтарға ғана рұқсат береміз. Екіншіден, «Ұлы дала жорығында» шетелдің бәйге аттарын қосу тиімсіз. Оны былтырғы қатысушылар ескеріп, қазақы қазанаттарға басымдық берген. Былтыр адай жылқысы өз мықтылығын мойындатса, биыл олардан бөлек, Қостанай жылқысы мен Шығыс Қазақстанның Кабардин аттары жүлдеге таласады. Үшіншіден, 2022 жылы қатысушылардың көптеген аттары Ұлытау облысында аяқтарын жарақаттады. Өйткені Ақмола облысында аттар тағасыз жүре бергенімен, Ұлытау облысының жері тас. Сондықтан аттардың төрт аяғын тағалауға кеңес бердік. Төртіншіден, алғашқы марафонда қатысушылар даладағы палаткада ұйықтады. Түннің салқындығын ескере отырып, биыл автобусқа түнейді. Бесіншіден, қатысушылардың барлығы таңғы 7:00-де 2 минут уақыт айырмашылығымен бірге бастайды. Түскі 12:00-ге дейін қатысушылар 5 сағатта 50 шақырымды бағындырып, 2 сағат тынығады. Түстен кейін барлығы 14:00-де бірге жалғастырады. Былтыр шабандоздар 50 шақырымға жетіп, ешкімді күтпей, 2 сағаттан соң, бөлек кететін. Яғни, қазір бірінші команда 50 шақырымды 11:00-ге дейін бітсе, 3 сағат демалады. Ал ерекшеліктеріне келсем, Қостанай облысы бірінші рет қатысады. Ақмола облысы бірінші рет 4 қызды жарысқа қосты», – деп атап өтті жоба авторы.
Марафон-бәйгенің ұйымдастырушысы Ғани Дүйшеновтың айтуынша, жорық барысын 2 халықаралық және 2 қазақстандық судья бағаласа, ал жол бойы аттардың жағдайын 2 халықаралық және 3 қазақстандық мал дәрігері қадағалайды.
«Жорық 14 кезеңнен тұрады. Бірінші кезең – 50 шақырым. Одан кейін 12 кезеңде 100 шақырымды жүріп өтеді. Шабандоздар соңғы 14-кезеңде тағы 50 шақырым жолды бағындырып, Түркістанда мәреге жетеді. Жорыққа Атырау облысынан басқа барлық өңірлердің командалары қатысып жатыр. Барлығы марафон-бәйгеге сақадай сай. Кеше аттар ветеринариялық тексеруден өтті», – деді Ғани Дүйшенов.
Осы орайда бүгінгі бірінші кезеңнің үздіктері де анықталғанын атап өткіміз келеді. Бірінші кезеңнің 50 шақырымын алғашқы болып Жамбыл облысы 2 сағат 23 минут 37 секундта бағындырды. Екінші орын Солтүстік Қазақстан облысының еншісінде. Олардың нәтижесі – 2 сағат 57 минут 04 секунд. Ал Жетісу облысының командасы үздік үштікті 2 сағат 58 минут 32 секунд уақытпен түйіндеді.
«Ұлы дала жорығы» республикалық марафон-бәйгесінің бас серіктесі – Sport Qory туризм индустриясы мен спортты қолдау қоры.
Былтырғы өткен жарыста Маңғыстау облысының құрама командасы бәйге марафонының жеңімпазы атанса, Жетісу облысының спортшылары екінші орынды, Түркістан облысының құрамасы үшінші орынды иеленген болатын. Марафонға қатысушыларға түркілердің киелі жерлері – Жошы хан, Алаша хан кесенелері, сондай-ақ Қазақ хандығының алғашқы астанасы Созақ қаласы пен түркі руханиятының бесігі Түркістан қаласы сияқты тарихи орындарға, Әзірет-Сұлтан кесенесіне зиярат жасаған еді. Жоба YouTube-те 5 миллионнан астам және TikTok-та 30 миллионнан астам қаралым жинаған.
ТҮЙІН:
Мұндай жарыстар БАӘ, АҚШ, Испания, Франция, Ұлыбритания, Германия, Канада және Аустралия сияқты елдерде Халықаралық ат спорты федерациясының (FEI) қамқорлығымен үнемі өткізіліп тұрады. Бірақ әлемдік атжарыстардың ішінде ең ұзақ қашықтық 160 шақырымнан аспайды. Ал 1 300 шақырымды тұлпар тұяғымен басып өтетін шабандоздардың бұл жарысы әлемде тек біздің елімізде ғана ұйымдастырылып отыр. Ендеше бұл – Қазақстанды ат спорты мен ат туризмінің отаны ретінде мойындатуға жол ашатын шара болмақ. Енді осы шара халықаралық сипат алып, ұлттық бренд ретінде қалыптастыру – алдағы басты міндет. Келесі жылы Қазақстан V Дүниежүзілік көшпенділер ойындарын өткізеді. Мемлекет басшысы оны жоғары деңгейде ұйымдастыруды тапсырды. Бұл жоба соның ішінде, еліміздің инфрақұрылымының көшпенділер ойындарына да, басқа да болашақ жарыстарға дайындығын тексеруге тамаша мүмкіндік болмақ.
Наурызбек САРША