Қызылордада жолақы қымбаттады

90 теңгемен қатынаған автобустардың бағасы енді 130 теңге болып бекітілді.

Күздің алғашқы айынан бастап Қызылордада қалаішілік автобустардың билет құны өсті. Бұған дейін барлық бағытта 90 теңгемен қатынаған автобустардың бағасы енді 130 теңге болып бекітілді. Ал электронды төлем жасағандарға жол жүру ақысы бұрынғыдай 85 теңге болып қалып отыр

Қызылорда қаласында қалаішілік бағыттарға қатынайтын автобустардың жол жүру ақысын көтеру мәселесі бұған дейін көтерілген болатын. Автобус паркі тарапынан, бұл бастама автобустарға бірнеше жыл бұрын орнатылған Alempay электронды төлем жүйесіне түбегейлі көшу мақсатында жүзеге асырылып отырғанын алға тартады.

«Соңғы өткен қалалық мәслихаттың отырысында қалалық тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі тарапынан «Қызылорда» автобус паркі» ЖШС-ға қарасты қоғамдық көлік бағыттарында қолма-қол төлемді 130 теңгеге көтеруге ұсыныс беріліп қолдау тапқан болатын. Бірақ электронды түрде төлем ақысы 85 теңге болып қала бермек. Бұл - өз кезегінде жолаушылардың электронды түрде төлем жасауын арттырып, көлеңкелі кәсіптің алдын алудың бірден-бір жолы. Жаңашылдық қоғамдық тасымалдауда ыңғайлы және қаржы ағындарының ашықтығын қамтамасыз етеді. Сондай-ақ автопарктің кірісін арттырып, жолаушы тасымалдауда мәдениеттілікті қалыптастырып келеді», - дейді «Қызылорда автобус паркі» ЖШС тарапынан.

Автобус паркінің мәлімдеуінше, бүгінде қалаішілік жолаушылар тасымалына күнделікті 150 дана автобус қызмет көрсетуде. Облыс орталығы тұрғындары мен қала қонақтарына сапалы қызмет көрсету мақсатында алдағы уақытта қосымша 150 дана үлкен сыйымдылықтағы автобустар алу көзделіп отыр. Соған орай «Өнеркәсіпті дамыту қоры» АҚ арқылы лизингке алу жөніңдегі ұсынысқа облыстық және қалалық мәслихат депутаттары қолдау көрсетіп отырғанын мәлімдеді.

Ербақыт ЖАЛҒАСБАЙ,

Қызылорда облысы