Шәмші мұрасының шырақшысы

Алматыдағы Ұлттық кітапханада Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, көрнекті композитор Қалдыбек Құр­ма­нәлінің фотоальбом-кітабының тұсаукесер кеші өтті.

Ком­позитордың тұңғыш рет жарық көрген фотоальбом-кіта­бын­да бұрын-соңды басылым беттерінде жарияланбаған, ба­лалық шақтағы сирек кездесетін фотолары, ком­по­зитор­дың әндері ноталарымен және әншілердің сурет­терімен қоса берілген. 

Кітаптың тұсаукесер кешіне Мем­лекет және қоғам қайрат­кер­лері, ақын-жазушылар, ғалымдар мен кітапхана қызметкерлері, БАҚ өкілдері, сондай-ақ хас өнер­ге іңкәр қауым қатысты. Белгілі ком­­­­позитор тұңғыш кітабының жа­­рық көруі үшін аз уақыт жұм­сал­мағанын атап өтті:

– Мен бұл кітапқа екі жыл бойы дайындалдым. Екі жыл бұ­рын жүрегіме күрделі ота жасалды. Сол кезде қанша ғұмырым қалды екен деп ойладым. Аман қалдым ғой, әйтеуір. Кітабымды кім шы­ғарады? Ұл-қыздарым бар ғой. Бір­ақ өз әндеріңнің тағдырын өзің­нен артық ешкім білмейді. Ән­дерім – менің перзентім сияқ­ты. Әрқайсысының мінезі бар. Жү­­­регімнен жарып шыққан ән­де­рім­нің халыққа жеткені де, жет­пе­гені де бар. Мойындалғаны, әлі ән­­­­шісін таппағандары бар. Сон­дық­тан осы фотоальбом-кітабым­ды шығарғым келді. Бұл – менің тұңғыш жарияланып отырған кітабым, алғашқы қарлығашым. Мен өтірік ән жазып, өзімді алда­ған емеспін. 40-қа жуық ән жа­зып­пын. Оның ішінде 10-ға жуы­ғы – халыққа танымал әндер. Мен өнер­ге адал болған жанмын. Өнер­ден басқа менің ешкімім жоқ, – дей­ді Қалдыбек Құрманәлі.

Композитордың шығарма­шы­лығы бүгінде қазақ музыкасының алтын қорына енген. Аты аңызға ай­налған «Қазақ вальсінің королі» Шәм­ші Қалдаяқовпен көзі тірі­сінде кездесіп, тырнақалды туын­ды­ларына оң бағасын алған ком­по­зиторды көпшілік бүгінде «Шәм­ші ағаның ескегі», «Шәмші мұ­ра­сының шырақшысы» атап кет­кен. Қазақстанның еңбек сіңір­ген қайраткері, ұстаз Аягүл Ми­ра­зова да фотоальбом-кітаптың ұр­пақ үшін құнды екенін айтты:

– Бұл кітап Қалдыбектің өзіне ға­на емес, халқымызға, өсіп келе жат­қан ұрпағымызға өте қажет дү­ние деп білемін. Сондықтан мұн­дай дүниелер көбірек келсін. Әри­не, композитор көп қой. Бірақ ком­позитордың ішінде де шоқты­ғы биіктері болады. Мен Қалды­бек­ті осы үшін құрметтеймін. Қал­­­дыбек – халықтың адамы, – де­ді ол. 

Қалдыбек Құрманәлі – белгілі өнер иелері Мәдина Ералиева, Тұң­ғышбай Жаманқұлов, Роза Рым­баева, Мақпал Жүнісова, Сем­бек Жұмағалиев, Майра Ілия­сова, Сәкен Жақсылықұлы, Та­мара Асар, Жұбаныш Жексенұлы, Тоқ­тар мен Бейбіт, Айгүл Иман­баева, Мирас пен Құралай, Әй­герім Қалаубаеваның орындауын­да­ғы халық арасына кең тараған – «Кірмеші жиі түсіме», «Қиялдағы қал­қа», «Бақыт жайлы ән», «Ән-ар­ман», «Жайықтың толқындары», «Телефонмен тіл қатшы маған», «Қариялар азайып бара жатыр», «Ән-аға немесе Шәмшімен сыр­ласу», «Шай ішіп кетсең қайтеді?», «Шағаласы Шардараның» тағы бас­қа әндердің авторы. 

Алтынай БАУЫРЖАНҚЫЗЫ