Мекеме ақпараты бойынша, Әл-Хауз, Марракеш, Уарзазат, Азиляль, Шишауа және Тарудант провинция мен префектураларында 296 адам мерт болған. Сонымен қатар 153 адамның зардап шеккені расталды. Олар қазір ауруханада, қажет көмекті алып жатыр, - деді ІІМ өкілдері.
Жерасты дүмпуі корольдіктің бірнеше ірі қаласында, оның ішінде Агадир, Касабланка, Кенитра, Рабат, Эс-Сувейрада сезілген. Қазір материалдық шығын есептеліп, құтқару қызметі үйінділерді жинап жатыр. Қалалық және облыстық ауруханаларға зардап шеккендер үздіксіз түсіп жатыр.
Марокко Ұлттық геофизика институтының мәліметі бойынша, кеше жергілікті уақытпен сағат 23.11-де 7 балдық зілзала болған. Эпицентрі Марракеш-Сафи ауданының құрамына кіретін Әл-Хауз провинциясындағы Игиль ауданында болды. Ошағы 8 шақырым тереңде жатыр. Еуропа-жерорта теңізі сейсмология орталығының ақпараты бойынша, жер сілкінісі магнитудасы 6,9 болған, ал эпицентрі Марракештен оңтүстік-батысқа қарай 77 шақырым жерде орналасты.
Мароккода бұған дейінгі жойқын зілзала 2004 жылдың 24 ақпанында Әл-Хосейма провинциясында болды. Сол кезде магнитудасы 6,3 балдық жер сілкінісінен 628 адам қаза тапқан еді.