Ашық НҚА порталында Мемлекет басшысының Ұлттық қауіпсіздік комитетіне қосымша құзыреттер беруді көздейтін Жарлығының жобасы ашық талқыға шығарылды.
Ашық НҚА порталында ведомствоға мына қызметтер берілетіні жарияланған:
– ұлттық қауіпсіздік органдарының қызметкерлері мен әскери қызметшілерін, сондай-ақ азаматтық контингентiн мемлекеттік наградаларымен марапаттау туралы ұсыныс жасау қағидаларын әзірлеу және бекіту;
– Ұлттық қауіпсіздік комитеті әскери полициясы органдарының профилактикалық есепке алуды жүргізу және профилактикалық бақылауды жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;
– техникалық барлауға қарсы іс-қимыл қағидаларын әзірлеу және бекіту;
– ақпаратты және техникалық құралдарды қорғау тиімділігінің нормаларын және олардың қорғалуын бағалау әдістемесін әзірлеу және бекіту;
– бөлінген бюджет шегінде Ұлттық қауіпсіздік комитетінің Ақпаратты техникалық қорғау және мемлекеттік құпияларды қорғау саласында мамандар даярлау орталығында мамандарды даярлау, қайта даярлау және біліктілігін арттыру курстары бойынша оқытушылардың қызметін төлеу үшін 1 академиялық сағатының құнын белгілеу;
– ұлттық қауіпсіздік органдарының қарсы барлау, барлау, жедел-іздестіру қызметін және тергеу әрекеттерін психологиялық сүйемелдеуді ұйымдастыру және жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу және бекіту;
– ұлттық қауіпсіздік органдарында әскери қызметшілердің Қазақстан Республикасының сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл туралы заңнамасының талаптарын сақтауына тексерулерді жүзеге асыру қағидаларын әзірлеу және бекіту.
Жарлық-жоба 19 қыркүйекке дейін көпшілік талқылауында болады.