Өскеменде біреу қасақана өрт қойған көпқабатты үйден 15 адам құтқарылды

Өрт сөндірушілер қою түтін арасында отпен күресуге және адамдарды құтқаруға мәжбүр болды.

Өскемен қаласында біреу қасақана өрт қойған көпқабатты үйден 15 адам құтқарылды.

ШҚО Төтенше жағдайлар департаменті баспасөз қызметінің мәліметіне сүйенсек, бүгін қаладағы Қабанбай батыр көшесінде орналасқан 6 қабатты тұрғын үйде өрт шықты. Оқиға орнына құтқарушылар шұғыл келіп жетті.

«Өрт сөндірушілер барлау жүргізіп, үшінші қабаттағы пәтерді қою қара түтін басқанын көрді. Ең алдымен олар автосатының көмегімен 15 тұрғынды, оның ішінде 4 баланы құтқарды», – делінген ақпаратта.

 

Одан кейін көпқабатты үйден 34 адам эвакуацияланды. Оның ішінде алтауы бала.

«Өрт сөндірушілер қою түтін арасында отпен күресуге және адамдарды құтқаруға мәжбүр болды. Үйлесімді іс-қимылдардың арқасында жалпы ауданы 40 шаршы метр тілсіз жау толықтай ауыздықталды. Зардап шеккендер  жоқ», – делінген хабарламада.

Қызыл жалынмен күреске барлығы 10 техника және жеке құрамнан 42 адам жұмылдырылған. Алдын ала болжам бойынша, біреу пәтерге қасақана өрт қойған.