Іс-шараға депутаттар, Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин, Қаржы вице-министрі Абзал Бейсенбекұлы және мемлекеттік органдардың өкілдері қатысты.
Қаржы вице-министрінің айтуынша, 2024 жылға түсімдер 20,4 трлн теңге деңгейінде болжанып отыр. Келесі жылы Ұлттық қордан 3,6 трлн теңге көлемінде трансферт тарту жоспарланған, соның ішінде нысаналы трансферт – 1,6 трлн теңге. Қаражат әлеуметтік маңызды және стратегиялық инфрақұрылымдық жобаларды қаржыландыруға бағытталатын болады.
– Бұл – автомобиль жолдарын, жылу, газ және сумен жабдықтау желілерін, инженерлік желілерді жаңғырту, сондай-ақ «Жайлы мектеп» және «Ауылда денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобалары аясында бірқатар әлеуметтік нысан салу. Бұл іс-шаралар Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындау шеңберінде және «AMANAT» партиясының сайлауалды бағдарламасының міндеттеріне сай келеді, – деді А.Бейсенбекұлы.
Бюджет шығыстары 2023 жылмен салыстырғанда 1,5 трлн теңгеге ұлғайып, шамамен 24 трлн теңгені құрайды. Атап айтқанда, бюджет шығыстарының негізгі үлесі әлеуметтік салаға тиесілі және 2024 жылғы бюджет шығыстарының 40 пайыздан астамына тең. 2024 жылға әлеуметтік төлемдерге арналған шығыстар 5,3 трлн теңге, халықтың табысын арттыру бағдарламасын іске асыру үшін 2024 жылы 3,5 трлн теңге көзделген. Сонымен қатар бюджет қаражаты білім және денсаулық сақтау, экономика, кәсіпкерлік және өнеркәсіп, спорт, туризм және мәдениет, көлік саласы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық және басқа да салаларды дамытуға бағытталады.
«Қазақстан Республикасының Ұлттық қорынан 2024–2026 жылдарға арналған кепілдендірілген трансферт туралы» заң жобасын Ұлттық экономика вице-министрі Азамат Әмрин таныстырды. Ол кепілдік берілген трансферт мөлшері 2024 жылы барреліне 43,4 АҚШ долларын, одан кейінгі жылдары барреліне 40,2-41,8 АҚШ долларын құрайтын бюджеттік ережелерге сәйкес кесімді бағамен анықталатынын атап өтті.
– Осы ретте Ұлттық қордан бөлінетін қаражаттардың мөлшерін қысқарту және оның валюталық активтерін 2030 жылға қарай 100 млрд АҚШ долларына дейін жеткізу мақсатын ескере отырып, Ұлттық қордан кепілдендірілген трансферт жыл сайын 2 трлн теңге мөлшерінде айқындалды. Сондай-ақ Ұлттық қор параметрлерінде 2024 жылғы 1 қаңтардан бастап іске асырылатын «Ұлттық қор балаларға» жаңа әлеуметтік бағдарламасы бойынша балаларға төлемдер міндеттемелері ескерілді, – деді А.Әмрин.