АҚШ-қа апарар жол

Америкаға бару – талай жанның арманы. Бірақ АҚШ-тың ви­засына көптің қолы жете бермейді.

Салдарынан соң­ғы жыл­дары Мексика арқылы Америка шекарасын заң­сыз кесіп өту фак­тілері көбейген. Мұның ішінде қа­зақстандықтар да бар. Аме­рикадан жарқын өмір із­де­ген­дер­дің алды алаяқтарға ал­данып, шекара заңын бұзғаны үшін ұсталып, депортация мен «қара тізімге» ілініп те жа­тыр. Тіпті, Мексикада түрлі қатер­ге ұшырап, із-түзсіз жо­ғалып кеткендер де бар екен. Бірақ миг­ранттардың заң­сыз көшін қауіп пен қатер тоқтата алмай отыр.

Бірнеше ай бұрын Ақ үй ше­караны заң­сыз кесіп өткендерді бірден депортация жасауға мүм­­­кіндік беретін ереже қабылдаған. Бірақ жаңа тәртіп күшіне енбей тұрып, он мыңдаған мигрант елге кіріп үлгереді. Штаттардың көбі нөпір халықты қайда орналас­­­ты­­­рарын білмей бастары қатты. Тіпті, Нью-Йорк мэрі мигранттар үшін мектептердің спорт залдарын бо­­­сатып бер­ген. Ал республикашыл штаттар Бай­деннің жұмсақ миг­­­рациялық саясатына қарсылық ре­­тінде мигранттарды демократтар басқа­­­ратын өңірлерге лек-легімен тоқтаусыз жі­берді. Салдарынан кейбір өңір оларды сыйдыра алмай әлек болды. Мәселен, Нью-Иорк шаһардағы 900 орындық тарихи қонақ үйді босқындарды қабыл­­­дайтын орталыққа айналдырды. Бірақ мұның өзі мәселені шешкен жоқ. Қала мэрі ата-аналардың қар­­­сылығына қарамастан миг­­­рант­­тар­ды мектептердің спорт залдарына орналас­­­тырды. Ал жергілікті ха­лықтың бір бөлігі келімсектердің көбейіп кеткеніне және қомақты қаржының оларға жұмсалып жат­қанына наразылықтарын ашық білдірді. Американың үшінші ірі қаласы саналатын Чикаго да Мек­сикамен арадағы шекара­­сынан жет­кен мигранттарды игере алмай жатыр. Босқындардың бір бөлігі тіпті орын жоқ болғандықтан полиция бөлімшелеріне де түнеген. АҚШ-қа басын қатерге тігіп, тар жол тайғақ кешіп жеткен босқындар елдеріне мүлдем қайтқысы жоқ. Егер көші қон полициясы оларды депортация жасаса 5 жыл бойы АҚШ-қа қайтып кіре алмайды. Шекараны заңсыз кессе жазаға тартылады. Бірақ миграциялық тәртіпті қатаңдақтан жаңа ереже күшіне енгелі шекараны заңсыз кесіп өту екі есе азайғанымен тоқ­таған жоқ. 

Шытырманға толы сапар

Алда қандай қауіп күтіп тұр­ғанын білсе де, қазақстандықтар Мексика арқылы Америкаға жап­пай кетіп жатыр. Біз ма­­­қаламызға кейіпкер іздеп отырып, теле­грам­дағы «Амери­­каға Мексика арқылы бару» чатына қосылдық. Бұл жерде мыңға жуық отандасымыз жина­лыпты. Көбісі Мексикаға билет алып, жолға шығуға дайын отыр. Арасында Америкаға жетіп, жұмыс істеп жүр­гендері де бар. 

– Егер Америкаға Мексика арқылы бару қауіпті деп қарасаңыз ол дұрыс емес. Қауіп барлық жерде бар. Мен Мексикаға жолға шығуға дайындалып жүрмін. Жолды жақсы білемін. Бұған дейін Америкада болғанмын. Сондықтан жалғыз жолға шығудан қорық­паймын. Әпкем бала-шағасымен Мексика арқылы Америкаға кеткен. Жол жүруге билеттен бөлек 6 мың доллар керек. Негізі ақшаны есепшотта ұстаған дұрыс. Арғы жақта та­ныс­тарыңыз болмаса, бұдан да көбірек қаржы алып шыққаныңыз дұрыс. Себебі Америкада пәтерді ұзақ мерзімге, қымбат бағаға жалға бе­реді. Тамаққа да біраз шығын­да­ласыз. Қазір интернетте Мек­сикаға бару туралы барлық ақпарат бар. Бастысы, Америкада жұмысқа тұрғанша жететін қалтаңызда қар­жы болуы керек. Егер жұмыс та­былмаса, АҚШ ұнамаса, елге қай­тып кетуге де болады. Бірақ екінші рет Америкаға кіру мүм­­кін­дігінен айырыласыз. Көбі Амери­­каға үйреніп кеткеннен кейін, елге қайт­­­қың келмей қалады дейді. Сондық­­­тан мен бірінші өзім ви­­засыз барып, кейін ата-анамды гринкартамен Америкаға алдырғым келеді. Әрине, оған дейін жағ­дайымды жасап аламын. Ол жақта жұмыс істесең күніне кемі 200 дол­лар табуға бо­лады. Бала кезде Амери­­када тұруды армандай­­­тынмын. Сондық­­­тан осы мақ­сатыма жетуім керек. Кейін бала­ларымның да болашағы бар оқу орындарында оқығанын қалай­мын, – дейді Аслан Айдаров. 

Ал астаналық Мақсат Сматов отбасымен Америкада тұрмақшы. Ол бұған дейін бірнеше мәрте гринкартаға тапсырып көріпті. Бірақ жолы болмаған. 

– Әйелім мені Мексикада күтіп жатыр. Сондықтан Америкаға Мексика арқылы қорықпай бара берген жөн. Қаншама отбасы бала­ларымен жұмыс істеуге кетіп жатыр. Бастысы, маршрутты дұрыс жоспар­­лау қажет. Біз еріккен соң заңсыз шекарадан өтуге бел буып отырған жоқпыз. Қазақстанда өмір сүруіміз қиындап кетті. Тапқан та­бысым тамақтан артылмайды. Сонда біз қашан баспаналы болып, ел қатарлы өмір сүреміз? Үй алсақ та, оның ипотекасын өмір бойы жабуымызға тура келеді. Сол се­бепті қауіпке бел буып, Америкаға жолға шығып кеттім. Ол жақта еңбегіңді лайықты бағалайды. Ағылшын тілін жақсы білмесек те, жұмыс істеп, жағдайы­мызды жасауға болады, – дейді Мақсат Сматов. 

Ал біздің тағы бір кейіпкеріміз Ырысжан қазір аман-есен Амери­каға жетіпті. Оның айтуынша, АҚШ-қа Мексика арқылы бара­тындарға арнайы делдалдық жа­сайтын, жол көрсетіп беретін туристік агенттіктер бар. Әр елде сондай агенттіктердің өкілдері не­месе құпия түрде жұмыс істейтін адамдар бар. Олар орта есеппен бір адамды немесе отбасын Мексика арқылы АҚШ-қа жеткі­зудің жолын көрсетіп, картасын жасап бергені үшін ғана 10 мың доллар алады. 

– Америкаға бару үшін міндетті түрде Pfizer вакцинасын алуыңыз керек. Біз бұл вакцинаны Алма­тыдағы бір жекеменшік клиникадан «алдық» деп жасаттық. Ақша­сын төлесеңіз болды, ПЦР тест жасап береді. Біз Мексикаға дейін билетті 45 күн бұрын арзанға алдық. Екі адам Манагуаға бір ай бұрын билет алса 1 миллион 400 мың теңге шығады. Америкаға бару үшін виза ашты­рып, оны күтіп қажет емес. Арнайы тур­агенттіктердің көмегіне жүгініп, Мекси­каға дейін билет алып алсаңыз болды. Біз Милан арқылы келдік. Виза сұраған жоқ. Миланнан Ла-Романаға келіп, ары қарай Колумбия астанасы Боготаға келдік. Одан Манагуаға жетіп, Нораға отырдық. Бұл мемлекеттің барлығы Қазақстанмен визасыз режимде. Ал Америкаға Мексика арқылы өту оңай, – дейді Ырысжан. 

Бірақ барлығының сапары ойлағандай сәтті аяқталмаған. Елжас есімді кейіпкеріміз тур­агент­терге ақшасын қимай өз бетінше Бразилияға билет алады. 

– Өзім интернеттен әртүрлі ақпаратты қарай отырып, алдымен Бразилияға бір жетейін деп шештім. Сөйтіп, Бразилияның Сан-Паулу қаласына дейін билет алдым. Жо­лай Дохада ұшаққа ауысып отыр­дым. Елден Бразилияға жеткенімше жолға 45 са­ғат кетті. Тіл білме­ге­німнен қатты қиналдым. Бірақ соған қарамастан, арзандау қона­қүйден орын алып, дүкеннен бірдеңе алып жеп, жүрек жалғап жүріп, енді әрі қарай шығып кетер жол іздедім. Шығу оңай бол­мады. Жол іздеп, бір штаттан бір штатқа баруға тура келді. Солай әр қаласын кезе жүріп, Бразилияда 19 күн өткіздім. Тіл білмеймін, тамағы да бөлек ел, бір ұшақтан екінші ұшаққа отырып, қалай да Рио-де-Жаней­роға жетсем екен деп жол іздеумен болдым. Одан әрі Коста-Рикаға, Коста-Рикадан Кан­до­росқа, одан Владималаға, одан кейін Мексикаға өтуім керек бо­латын. Өзімше интернет ақта­рып, ізденіп ойлас­тырған маршрутым осы болды, – дейді Елжас. 

Алайда Бразилиядан Мексикаға жетке­нінше тағы он күн өтеді. 

– Тапачуладан Тынық мұхиты арқылы Сан-Педроға қайықпен 11 сағатта жеттік. Кішкентай қайыққа адамдарды сыйғанынша отырғызды. Біз 25 адамдай отыр­дық. Содан Сан-Педро қаласына жеттік. Сол жерде талонға кезекке тұрдық. Жан-жақтан әр­түрлі көп ұлт өкілдері жиналды. Ол жерден әрі қарай Рейносаға бардық. Онда да кезекті біраз күтуге тура келді. Рейноса Техас шта­тымен шекара­ласатындықтан, сол жерден Амери­каға заңды түрде өтпек болғанбыз. Оған кезек баяу жылжыды. Ара­мызда, әсіресе, қытайлықтар мен орыстар көп болды. Амери­каның шекарашылары бізді бірден ұстап, тексерді. АҚШ-та әр қалада осы елде уақытша немесе тұрақтап тұруға иммигрант болып келген­дерді қабылдап, оларға қызмет көрсететін Welcom Family Center де­ген орталық болады екен. Бізді сондай орталыққа апарды. Жататын орын болмай, түрегеліп тұрған кезіміз де болды, – дейді кейіп­керіміз. 

Осылайша, Елжастың Амери­каға жету жолы екі айға созылыпты. Кеткен шығыны – 11 мың доллар. Жолда маңдайына қару кезеп, бар ақшасынан айырылған сәті де, есірткі контрабандасына қарсы сақ­шыларға ұсталған кезі де б­олыпты. 

Алаяқ агенттіктер пайда болған

Қазір АҚШ-та 11 миллионнан астам заңсыз мигрант бар. Бұрын миграцияның көшін көрші қырғыз бен өзбек ағайындар бастайтын. Қазір бұл көшке қосылып жат­қан қазақтар да баршылық. Сәйкесінше, «Орта Азиядан Мексикаға дейін маршрут ұйымдастырып, виза жасап беремін» деген алаяқтар да көбейіпті. Айталық, қырғыз­стандық Зарина Мексикаға кетудің жолын іздеп, интернетте «4 мың еуроға виза дайындап беремін» деген түрік азаматымен танысқан. Жарты ақшасын аударып, Түр­кияға бар­ғаннан кейін алданып қал­ғанын түсінген. Ол әділдік іздеп, Ыстан­бұлдағы Мексика консул­дығының табалдырығын тозды­рыпты.

– Ақшаны бекер берген екенбіз. Мен ғана емес, бірнеше қырғыз азаматының алданып қалғанын естідім. Ыстанбұлдағы Мексика консулдығы Орталық Азиядан келгендерге виза бермейді. Өзімді алдап соққан Түркия азаматының үстінен арыз жаздым. Қазір қалай да Мексикаға жетіп, ары қарай АҚШ-қа өтудің амалын қарас­тырып жатырмын, – дейді ол.

Қырғыз Республикасының Ыс­танбұлдағы кон­сулдығы 40 шақ­ты азаматтан арыз түскенін, Ыстан­бұлдың бас прокуратурасы «алаяқ­тық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғаға­нын мәлімдеді. Қырғыз­стандық­­­тардың арасында қазір «Бішкек – Ыстанбұл – Амстердам – Канку» – Мексикаға апаратын та­ны­мал ту­ристік бағыт­тардың бірі. Жыл өткен сайын Мексикаға Эк­вадор арқылы бара­тын шетелдік миг­ранттардың да саны артып ке­леді. 

Кейде Мексикаға виза алған адам­­дар Америкаға кіре алмай қалады. Сәуір айында Серік есімді азамат әйелімен және төрт бала­сымен бірге Мәскеуден туристік агент­­­тіктен Мехико қаласына тур сатып алған. Алайда олар Мексикаға жеткенімен, ше­карадан өте ал­ма­ған. 

– Алған визамыз жалған болып шықты. Біз оны білген жоқпыз. Екі сағаттан кейін бір қызметкер келіп, «сіздерді Мәскеуге депорта­ция­лайды» деп, билетімізді қолы­мызға ұстатты. Мәскеу әуежайында бізді «алаяқтық жасадыңдар» деп айып­тап, елімізге қайтарды. Осылай 20 мың доллар ақшамыздан айы­рылдық, – дейді Серік. 

«Америкаға Мексика арқылы бару» чатынан байқағанымыздай, қазір Ресейден түрлі алаяқ агент­тіктер хабарласып, «виза жасап беретіндерін» айтады екен. Оларға алданып, қыруар ақшасынан айы­рылып жатқандар да баршылық. 

– Азаматтардың көбі Америкаға визамен келіп, заңсыз қалып қояды. Сондықтан АҚШ виза беру процесін қиындатып жі­берді. Осыдан соң адамдар АҚШ-қа заң­сыз жолмен келуге тырысады. Амери­када заңсыз Орта Азия мигранттары көп, олар жақсы жұмысқа орналасып, ел қатарлы еңбек ете алмайды. Ұсталса, кез келген сәтте депор­тациялануы мүм­­­кін. Сондықтан АҚШ-қа грин­картамен көшкен дұрыс, – дейді туристік агенттік жетекшісі Ұлжан Исина. 

Гринкарта – АҚШ-тың тұрақты тұрғыны яки резиденті екеніңізді растайтын жеке куәлік. Осы құжаты барлар елде еш кедергісіз жұмыс істеп, кіріп-шығып жүре береді. АҚШ азаматтарымен тең оқып, бизнес ашып, әлеуметтік көмек ала алады. Елде 5 жыл тұрғаннан кейін гринкарта иесіне АҚШ азамат­тығын алуға мүмкіндік бар. Бас­тысы, Америка заңын бұзбауы керек. Салықты уақытылы төлеп, ел аумағында көбірек тұруға тиіс. Гринкарта лотереясы (Electronic Diversity Visa Lottery) — АҚШ-тың Мемлекеттік департаменті ұйым­дас­тыратын арнайы бағдарлама. Жыл сайын ол қазанның басы мен қарашаның басы ара­лығында өтеді. Қатысу үшін арнайы сайтта өтінім қалдыру керек. Жеңімпаздарды кез­дейсоқ сандар генераторы ар­қылы арнайы бағдарлама іріктейді. Был­тыр гринкартаны 1 613 қазақ­стан­дық алды. Ал АҚШ аза­мат­тығын ал­ған отандас­тары­мыз­дың саны – 945, бұл 2021 жылмен са­лыстырғанда 100 адамға көп. 

Бірақ гринкарта жыл сайын мың шақты адамға ғана беріледі. Ал АҚШ-қа виза алу қиын. Мұндайда азаматтар амалсыздан «қауіпті са­парға» бел буады. Өз арман­дарын­дағы жарқын өмірге жету үшін...

Көктем ҚАРҚЫН

© коллаж: Елдар ҚАБА