«Тіпті, ғаламшардың беті осы күйі қыза беретін болса, оның соңын көзге елестетудің өзі мүмкін болмай, алапат апатқа алып келеді екен». Осы тақылеттес болжамдарға бойымыз үйреніп кеткені сонша, ешқашан болмайтын, болса да жақын арада орын ала қоятын дүние емес деп жүре береміз. Әсілінде бұл әлемді мекен етушілер үшін өте қауіпті құбылыс екені анық.
1980 жылдан бастап жер жаһан шынымен де күрт жылына бастағанын зерттеген ғалымдар соңғы 40 жыл уақыт ішінде әлемдік жылынудың бір сәтке тоқтамай тұрғанын айтуда. 1998 жылы Массачусетс университеті мен Аризона университетінің ғалымдары Жер температурасының кейінгі 1000 жылдағы өзгерісі туралы зерттеулер жүргізе келіп, мыңжылдықтар бойы өзгеріссіз тұрған жер әлемі ХХ ғасырда температурасының жоғарылай бастағанын айтқан. Климаттың өзгеруі жөніндегі үкіметаралық сарапшылар тобының баяндамаларында парниктік газдардың, оның ішінде метан газының ауаға таралуы жылдан-жылға артып келеді. Бұған жер бетіндегі халық санының ұдайы өсуі өз әсерін тигізіп отырған. Соңғы жылдары ауаға тарап жатқан парниктік газдардың көрсеткіштері осыған дейін болмаған деңгейге жеткені туралы баяндалған. Ел аузында, біздің жер әлеміміз жылдар өткен сайын күн қабатына қарай тартылып, жылжып келеді екен-мыс. Соның салдарынан жер кеуіп, температура көтеріліп жатыр екен дегенге саятын алыпқашпа әңгіме бар. Шындығында ол мүлде басқа құбылыс. Сондықтан жер әлемді қыздыруға үлес қосып жатқандардың басты себепшісі адамзаттың өзі екенін түсінген абзал.
Адамзат өзінің жаратылысынан бері табиғаттың бар ресурстарын пайдаланудан жаңылған емес. Бірақ оның қарқыны өткен ғасырдан бастап жеделдеді. Ол, әрине, өз кезегінде табиғи ресурстардың сарқылуына алып келіп, қоршаған ортаның, атмосфераның жай-күйіне теріс әсерін тигізді.
«Табиғи парниктік газдар қатарына көмірқышқыл газы (СО2), метан мен азот оксиді жатады. Мыңжылдықтар бойы табиғат атмосферадағы бұл газдардың деңгейін өзі реттеп келді. Бұл адамдар энергия алу үшін тау жыныстарын пайдалана бастағанда өзгеріске ұшырады. Ал ол өз кезегінде СО2 эмиссиясының артуына алып келді. Атмосферадағы табиғи теңгерім бұзылғаннан кейін Жер шарының жылынуы басталады», – дейді климаттың өзгеруі бойынша әлемдік сарапшы Паскаль Педуцци.
«Жыл сайын атмосфераға шамамен 51 миллиард тонна парниктік газдар шығарылады. Бұл көрсеткіш әрдайым өзгеріп отырады, бірақ парниктік газдардың шығарылуы уақыт өткен сайын артып, жоғарылап отыр. Ал 2050 жылға қарай әлемде адам баласының өмір сүру деңгейі едәуір жоғарылайды. Бұл өз кезегінде энергияға деген қажеттілікті күрт арттырады деген сөз. Егер де, қазірден бастап оны қолға алып ретке келтірмесек, шығарындылар көлемі артатыны анық. Алдағы уақытта жер бетінде 10 миллиард адам өмір сүрмек. Осы уақытта халықтың тұрмысындағы қажеттіліктерді қамтамасыз ету үшін ресурстар ұлғайып кетеді. Біз сол уақытқа қазірден бастап дайындала бастауымыз қажет», – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD жасыл технологиялар саласының сарапшысы Серікхан Айдарханұлы.
Парниктік газдар қатарына негізінен көмірқышқыл газы (СО2), метан және азот оксиді жатады деп жоғарыда айттық. Талай жылдан бері табиғат атмосферадағы газдардың деңгейін өзі реттеп келген еді. Бұл табиғи құбылысқа адам баласы қол салғаннан бастап барлығы өзгере бастады. Адамдар энергия алу үшін тұма табиғаттың қойнауын қопарып, қолдан алапат апаттар жасай бастаған. Ал ол өз кезегінде, СО2 эмиссиясының артуына алып келді. Атмосферадағы табиғи тепе теңдік жойылып, Жер шарының жылыну жағдайы басталады.
Болжамдар бойынша Жердегі орташа температура шамамен 15°C құрап отыр. Ал жер бетінің жылынуына халықаралық planetariodevitoria.org порталы Америка Құрама Штаттары, Жапония, Қытай және Ресей сияқты индустриалды елдер кінәлі деген ғылыми негізі бар жарияланым жасаған. Сонымен бірге ақпарат құралының жазуынша жаһандық жылынуға әсіресе тропикалық ормандарда болатын алапат өрттердің де өз әсері бар екен.
Былтыр жер мекендегі орташа температура 1,25°C жоғарылағаны байқалған. Бұл жағдай өз кезегінде мұздықтар жамылғысының еріп, кейбір көлдер мен өзендердің арнасының тартылып кетуіне әкеліп соқты.
БҰҰ-ға қарасты Әлемдік метеорологиялық ұйымының мәліметінше, 2001 жылы климаттың өзгеруі бойынша мемлекетаралық топ индустриялық кезеңге дейін мыңжылдықтар бойы атмосферадағы СО2 әр текше метрдегі концентрациясы 280 млн ppm-ді құрағанын, ал 1999 жылдан бастап 367 млн ppm-ге дейін жеткенін айтады. 2021 жылы бұл көрсеткіш 415 млн ppm -ға бір-ақ шықты. Мұндай жоғары көрсеткіш миллион жыл бұрын болған деседі. NASA Ғарыш зерттеу институтында климатты зерттеумен айналысатын маманы Бенджамин Кук. «Ғылымда ғалымдардың көзқарастары келіспейтін мәселелер көп. Дегенмен, жа-һандық климат мәселесіне келгенде ғалымдардың ойы бір жерден шығады. Климаттың өзгеруіне тау жыныстарын қисапсыз пайдалану себеп болды», – дейді ғалым.
Соңғы жылдары әлем ғалымдары жылынудың салдары мен себебіне байланысты барлығы 12 500-ден аса ғылыми мақала жариялаған екен. Мақала авторларының барлығы дерлік бұл жағдайға адами фактор тікелей әсер еткенін баяндаған.
Жылынудың әсерінен мұздықтар еріп тіпті, кейбір құздардың басында мұз да, қар да қалмай бара жатқанын күнделікті ақпарат құралдарынан немесе әлеуметтік желіден көріп жүрміз. 2020 жылдың 13 қыркүйегінде Арктикалық теңіз мұзы рекордтық екінші ең төменгі деңгейге түсті. Бұған дейін ең төменгі көрсеткіш 2012 жылы тіркелген. БҰҰ Қоршаған ортаны қорғау бағдарламасының мәліметінше, 2010 жылы теңіз деңгейі орта есеппен 3,3 мм-ге көтерілсе, 2010 жылдан бері қарайғы әр жылда орта есеппен 5,7 мм-ге көтеріліп келеді. Бұл өте үлкен қауіптің төніп келе жатқандығын аңғартса керек.
Мұздықтардың тез еріп кетуі, дүниежүзілік мұхит деңгейінің көтерілуіне және құрлықтың зор аумағының су басуына апарып соғуы ықтимал. Климаттың жылынып жатқанына ешкімнің күмәні жоқ. Біздің ғаламшарымыз үнемі үздіксіз «ғаламдық климаттық өзгерістер» жағдайында тұр. Бұл үдерістер лезде жүзеге аспайды. Бірақ жоғарыдан құлдилай жөнелген кез келген заттың біртіндеп жылдамдық жинап алып, басқарылмай қалатынын ескерсе, біз сөз етіп отырған жағдай сәт сайын жылдам қарқын ала түсуі мүмкін. Егер жылыну жалғаса берсе, мұздықтар еріп қана қоймай, дүниежүзілік мұхит деңгейі көтеріліп, ағыстары өзгеруі ықтимал. Мұхиттар өз ағысынан жаңылса, тостаққа құйған суды шайқап жібергенмен бірдей жағдай туындайды екен. Демек, әлемде теңіз тасқыны болуы ықтимал.
Жер шарының 10 пайыз бөлігін алып жатқан мұздықтар жерге тікелей түсетін күн сәулесімен шағылысып, ыстықты ғарышқа қайтарып тұратын қасиеті бар. Былайша айтқанда, әлемнің бір сәтте лап етіп күйіп кетпеуінен қорғап тұрады.
Мұздықтардың 90%-ы Антарктидада, қалған 10%-ы Гренландияда екенін ескерсек, 2021 жылдың 13 қыркүйегіндегі зерттеу бойынша Арктикада еріген мұздың көлемі 3 709 миллион шаршы шақырымды құрағаны белгілі болды.
«Антарктидада әр 40 сағат сайын миллиардтаған тонна мұз жоғалады екен. Бұл жағдайды шындығында қадағалап тұру өте қиын. Өйткені біз жерсеріктерден мұздың белгілі бір аймақтарда айтарлықтай жұқарғанын көреміз. Бірақ қазір еру процесі мұз бетінен емес, астынан жоғарыға қарай жүріп жатыр, бұл енді өте жылдам жүріп жатқан құбылыс», – дейді Британиялық Антарктика зерттеуінің геофизигі Роберт Лартер есімді ғалым өз мақаласында.
Ғаламның жылынуын зерттеп жүрген ғалымдар тобы 100 мыңдық жылдар бұрын қатқан тоң астынан еріген мұзбен бірге әлемде болмаған вирустардың оянуынан қауіптенеді. Оған қоса, тұщы су қорының жоғалуы да түрлі ауруларды қоздыруы ықтимал деп болжайды.
«100 мыңдаған жыл бұрын пайда болып, қазір «ұйықтап» жатқан бір вирустың қай уақытта «оянатынын» дәл болжау қиын. Біз бұрын ешқашан кездестірмеген вирустар бар екенін шындық. Сондықтан COVID-2019 бізге мол тәжірибе болуы тиіс», – деді Нобель сыйлығының лауреаты Рае Квон Чунг.
Анықталғандай, ежелгі мұз үлгілерінде вирустардың 33 тобы болған, олардың ішінде микробиологтар 28 жаңа вирус тобын ашқан. Яғни Тибет тауларындағы мұз қабаттарында планетада бұрын кездеспеген вирустар бар және адамзат олармен бұрын ешқашан ауырмаған екен. Өркениеттің озып келе жатқанын ескерген кейбір сарапшылар мұз астында табылған мұндай вирустардың қазір адамдар үшін қаупінің аз болатынын айтуда. Дегенмен «Сақтықта қорлық жоқ», – деп қазақ бекер айтпаса керек.
Жер ғаламшарына бағытталған күн сәулесінің 1-5%-ға өзгерген уақытта біз айтып отырған алапат апаттар орын алады екен. Мысалы жер жаһан 1-5%-ға көп күн радиациясын тартатын болса мұздықтар еріп, континенттер су астына кетеді екен. Ал керісінше 1-5%-ға аз түсетін болса, бүкіл Жер беті, мұхит беттері қоса қатып қалады. Сондықтан адамзаттың міндеті климатты тұрақтандыруға барынша күш салуы керек.
Әлемдік экология саласының сарапшысы М.И.Будыко «Адамзат атмосфераға көмірқышқыл газын (СО2) шығарып, кезекті мұз дәуірінің алдын алды» деп болжайды. Былай қарасаңыз, таңғаларлық пікір. Шынымен де біз әрекетіміздің арқасында ғаламды мұз басудан аман алып қалған болсақ, демек ғалам жылынуынан да өзімізді сақтап қала алатындығымыз анық деген сөз. Бұл туралы төменде ғалымдар мынандай пікірлерді алға тартып отыр.
Парниктік газдар шығарындыларын азайтудың ең оңай жолы – заттарды өзімізге қажетті мөлшерде ғана сатып алу. Барлығы осыдан басталса керек. Мысалы, бензинді және дизельді автокөліктерді аз жүргізу немесе қайта пайдалануға болатын азық-түлік өнімдерінен шығатын қалдық пен сол азықты салып таситын полителен қалташаларды пайдаланбай, сынды қарапайым ғана мысалдар парниктік газдардың шығарылуын азайтуға әр адам үлес қоса алады екен. Тұтынудың артуы бүкіл әлем бойынша өнімді өндіру және жеткізу үшін көп қазба отындарын жағуға әкелетіні шындық.
«Жыл сайын шамамен 12 миллион гектар орман жойылады. Ормандарды кесу, ауыл шаруашылығы және жерді пайдаланудың басқа түрлері әлемдегі парниктік газдар шығарындыларының деңгейін арттыруда. Бұл жағынан ағаштарды жалғыз немесе ұжым болып отырғызу арқылы бәріміз бұл қауіптің алдын алуға сәл болса да ықпал ете аламыз. Осылайша, әр адам, Жер шарымыздағы климаттың өзгеруі процесін төмендетуге атсалысуы қажет. Ол үшін адамдар экологиялық транспортқа, энергияны үнемдейтін шамдарды пайдалануға, тұрмыстық заттарды оңтайлы пайдалануға және қайта өңдеуге әрекет жасауы керек. Егер біз жаһандық жылынуды тоқтатып, климаттың өзгеруінің қорқынышты салдарын алдын алу үшін, атмосфераға парниктік газдар шығарындыларын бөлінуін тоқтата алмасақ не үшін адам болып жүрміз. Бұған әр адам өз үлесін қоса алатыны анық», – дейді әл-Фараби атындағы ҚазҰУ PhD жасыл технологиялар саласының сарапшысы Серікхан Айдарханұлы.
Сарапшының айтып отырғаны, қазба отындарын пайдалануды азайту және жаппай жаңартылатын энергия көздеріне көшу, энергия тиімділігін арттыру және энергия үнемдеу технологияларын жаңғырту, жер жамылғысын қалпына келтіру, өйткені топырақ бетіндегі қара шіріктің жоғалуы парниктік әсерге тікелей әсер етеді екен. Қалалы жерлерде жеке көліктен бас тартып, велосипедтерге, қоғамдық көліктерге және электромобильдер-ге ауысу және ағаштарды көптеп отырғызу.
Билл Гейтстің айтуы бойынша атмосфераға шығарылатын парниктік газдардың 50%-ға төмендеуі температураның көтерілуін тоқтатпайды, тек оны баяулатады. Егер бұл шығарындылар 99%-ға қысқарған кезде экономика салалары қандай жағдайда болатыны белгісіз болып отыр. 2050 жылға қарай парниктік газдарды жоюға бағытталған технологиялар, саясат және нарықтық құрылымдар бойынша қарқынды жұмыс кезеңі болуы керек деп санайды. Қазіргі таңда шығарындыларды ең төменгі мөлшерге дейін төмендетудің әртүрлі тәсілдері және оларды іске асыру әдістері егжей-тегжейлі қарастырылып жатыр. Егер қоғам мен саяси билік мәселеге асқан жауапкершілікпен қарайтын болса, әлем апаттан құтылып шыға келуі бек мүмкін.
Бердібек ХАБАЙ