Бруцеллез биыл Қарағанды, Саран, Шахтинск қалаларында, Абай, Бұқар Жырау, Қарқаралы, Нұра аудандарында анықталды. Шет, Абай, Ақтоғай, Нұра және Бұқар Жырау аудандарында адам үшін бруцеллез қоздырғышының негізгі көзі ірі және ұсақ мал арасында бруцеллез жұқтырған мал саны 2022 жылмен салыстырғанда 337 басқа көп.
Бұл туралы Қарағанды облысы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Гүлжан Байғұтанова айтты.
«Эпидемиологиялық тексеру барысында адамдардың 61,8% бруцеллезді сүт пен сүт өнімдерінен жұқтыратыны белгілі болды. Ет, сүтті жеке адамдардан сатып алатыны, 38,2% жағдайда жеке мал иелерінің мал ұстау кезінде санитариялық-гигиеналық нормалар мен ережелерді бұзатыны, жануарларды уақтылы зертханалық тексермейтіні анықталды. Сыртқы ортадан алынған сынамада бруцеллез қоздырғыштары сүт өнімдерінің 13,2%-ынан, жемнің 25%-нан табылды», – деді Гүлжан Байғұтанова.
Бруцеллез – ауру малдан адамға жұғатын зоонозды инфекция.
Адамда бруцеллез белгілері, әдетте, біртіндеп білінбей дамиды.
Науқастар көбіне әлсіздік, тәбеттің төмендеуі, бас ауруы және тез шаршау симптомдарына шағымданады.
Емделмеген жағдайда ауру күшейеді. Науқастың дене температурасы 38-39 градусқа дейін көтеріледі. Қол мен аяқта шаншу, бел ауруы, түнге қарай терлеу, ұйқысыздық, көбінде мойын және қолтық астында лимфа түйіні пайда болады, көлемі аздап ұлғаяды және ұстағанда ауырады.
Дәрігерлерге жүгінбей өзін-өзі емдеу кезінде ауру созылмалы түрге ауысып кетуі әбден мүмкін.
Инфекцияның негізгі көзі – төрт түлік, негізінен, ұсақ және ірі қара мал. Жылқы, шошқа, түйе, иттер де ауырады.
Ескерте кетейік, аурудың алдын алу үшін:
- ауылшаруашылық өнімдерін ветеринарлық бақылау бар дүкендерден немесе базарлардан сатып алған дұрыс;
- өнімдерді термиялық өңдеу өте маңызды: етті мұқият қуырып, сүтті қайнату керек;
- ауыл шаруашылығы жануарларын күту, ұстау кезінде гигиенаны сақтау, қолды сабынмен жуу, әсіресе ауру жануарлармен байланыста болған кезде қорғаныш құралдарын (қолғаптарды) пайдалану;
- жеке гигиена ережелерін қатаң сақтау.
Фото: uralskweek.kz