Жазушы Оралхан Бөкейдің 80 жылдық мерейтойы Астанада тойланады

15 қыркүйек Астана қаласында жазушы, драматург Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына орай бірқатар іс-шаралар ұйымдастырылады.

Мерейтой Қазақстан ұлттық академиялық кітапханасында Оралхан Бөкейдің өмірі мен шығармашылығына арналған кітап көрмесімен ашылады. Ол 15 қыркүйек күні сағат 15.00-ге жоспарланған. Дәл осы күні Ұлттық кітапхананың Конституция залында жазушының 80 жылдығына орай мерейтойлық конференция ұйымдастырылады.

Филология ғылымдарының докторы, профессор Сауытбек Абдрахманов жүргізетін конференцияға ҚР Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева, алаштанушы ғалым Сағымбай Жұмағұлмен қатар Төлен Әбдікұлы, Тұрсын Жұртбай, Асқар Алтай, Алдан Смайыл, Роза Мұқанова, Жарылғап Бейсенбай, Айгүл Кемелбаева, Қуаныш Жиенбай, Сұраған Рахметұлы бастаған бірнеше зиялы қауым өкілдері қатысады.

Ғылыми конференция соңында «Шолпандай таң алдында туып – батты» кітабының тұсаукесері болады.

Айта кетерлігі, Оралхан Бөкейдің 80 жылдығына арналған шаралар жазушының туған жері Шығыс Қазақстан облысындағы Қатонқарағай ауданынан басталды. Мерейтойды республикалық көлемде атап өту Ауылдық аймақты тұрақты дамыту қорының ұйытқы болуымен өтіп жатыр. Іс-шаралар легі 28-30 қыркүйек күндері Алматы қаласында жалғасады.

фото:egemen.kz