Солтүстік Қазақстан облысының тұрғыны ҚР Қылмыстық кодексінің үш бабы - притон ұйымдастыру, алаяқтық және адам саудасы бойынша сотталды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
СҚО полиция департаменті баспасөз қызметінің мәліметінше, 2022 жылдың мамыр айында 39 жастағы Петропавл тұрғыны жалдамалы пәтерде притон ұйымдастырған.
WhatsApp арқылы массаж жасаушының жұмысын уәде етіп, Ақмола облысынан келген 18 жастағы жетім қызды алдау арқылы жезөкшелікке тартқан.
Бойжеткен бірнеше рет интимдік қызмет көрсетуден қашып, колледжде оқуын жалғастыруға тырысқан, бірақ әйел оған күш қолданып, моральдық қысым көрсетіп, кері қайтарып отырған.
Клиенттерден түскен барлық ақшаны өз қалтасына басқан.
Сондай-ақ асыраушысынан айырылуына байланысты қызға берілген 2,7 млн теңге шамасындағы жәрдемақыны, 150 мың теңге мөлшерінде жиналған шәкіртақыны да өзіне аударып алған.
«Осындай қылмыстар ұзақ уақыт бойы жасырын түрде жасалуына зардап шегіушілердің құзырлы органдарға жүгінбеуі себеп. Мәселен Ақмола облысының 18 жастағы тұрғынына қатысты бірнеше рет құқыққа қайшы әрекеттер жасалған, бірақ ол мүлдем полицияға жүгінбеген. Бұл мәселе басқа қылмысты ашу барысында анықталды», - дейді СҚО ПД ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының бастығы Жандос Басыбаев.
Әккі әйелді полицияның ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасының қызметкерлері биыл көктемде қолға түсірді.