Руслан Юсупов «Уеб технология» бағыты бойынша қатысқан. Жарыста әлемнің 32 елінен 25 жасқа дейінгі 600 мықты жас маман бақ сынаған.
EuroSkills Gdańsk 2023 VIII еуропалық чемпионатының үш конкурстық күнінің қорытындысы бойынша Қазақстан ұлттық құрамасының мүшелері бір күміс және бір қола медаль иеленіп отыр.
– Бұл жарыс кезінде бізге уеб-сайт және жасанды интеллектіге арналған уеб-бағдарлама құрастыруды тапсырды. Талап бойынша уеб-сайт жоғары IT компаниялар ойлап тапқан уеб-бағдарламалар жасағандай сапалы болуы қажет. Біз бес модуль жасап шығардық. Жарыс үш күнге созылды. Бұл үш күн біз үшін кәдімгідей стреске толы күндер болды, – дейді жүлдегер.
Орал ақпараттық технологиялар колледжінің қабырғасында білім алған Руслан ұстаздары берген білімнің ақталғанына қуанышты. Колледж директоры Елдос Сафуллин колледж қабырғасында білім алушыларға барлық жағдай жасалғанын айтып өтті.
– Біздің колледжде 500-ден астам студент білім алады. Оқу орны заманауи құралдармен қамтамасыз етілген. Соның ішінде IT бағытта білім алатын студенттер үшін барлық жағдай жасалған. Біздің студентіміздің халықаралық додада жүлделі орын алғаны қуантады. Студенттеріміздің жетістігіне әрқашан қуаныштымыз, – деді ол.
Айта кетейік, Қазақстан үшін бұл – еуропалық чемпионаттағы үшінші медаль. 2021 жылы Павлодар колледжінің түлегі Дина Афанасьева «Уеб-әзірлеу» құзыреттілігі бойынша үшінші орынға ие болған еді.
Биыл жарыс Польшаның Гданьск қаласында 5-9 қыркүйек аралығында өткен еді. Қазақстандықтар 25 құзыреттілік бойынша сынға түсті.