Олай дейтініміз, күні кеше мәжілісмен Гүлдара Нұрымова «AMANAT» партиясы фракциясының мүшелері атынан Премьер-Министрдің бірінші орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, қуаңшылықты қолдан жасап, жұмысына салғырт қарағандарды қатаң жазалауды ұсынды. Халық қалаулысы өз сөзінде бірқатар деректерді келтіріп, Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» мекемесінің жұмысын қатаң сынға алды.
Гүлдара Алданышқызының сөзіне сүйенсек, Жамбыл облысындағы суармалы жерлерді ағын сумен қамтуды жақсарту мақсатында 2019 жылдан бастап Халықаралық қаржы институттарының несиесі есебінен 40,0 млрд теңге бөлініпті. Бұл қаражатқа ауқымды 2 жоба жүзеге асуы тиіс болған. Ал жобаның әкімшісі ретінде Су ресурстары комитетінің «Қазсушар» кәсіпорны танылған.
Жоспар бойынша 2 жобаның құрылысы 2021 жылы аяқталып, 114 мың гектар алқапты сумен қамту көзделген. Алайда жобалау-сметалық құжаттардың сапасыз әзірленуі, жосықсыз мердігерлердің жұмысы және «Қазсушар» мекемесі тарапынан бақылаудың әлсіздігі құрылыс жұмыстарын кешеуілдеткен. Нәтижесінде, жоспарлы жұмысты аяқтау ағымдағы жылдың желтоқсан айына шегерілген.
Мәжіліс депутаты Гүлдара Нұрымова желтоқсан айында да межелі міндеттің орындалатындығына күмәнмен қарайды. Себебі құрылыс жұмыстарының сапасы сын көтермеуде. Бүгінде жоба аясында жоспарланған 54 мың гектардың тек 34 мың алқабына ғана ағын су жетіп отыр.
Халық қалаулысы осы орайда шығынға батқан шаруаларға Үкімет тарапынан бөлінетін қаржының әділ жетуін талап етуде. Қаржыны қадағалау тетігіне қатысты да сұрақ көп.
Гүлдара Алданышқызы депутаттық сауалында шаруаларды сумен қамтуға сырттан алынған қарыздарды кім және қалай өтейтіндігіне қатысты да өзекті мәселені көтерген. Ал көршіліс қырғыз ағайынмен суға қатысты келіссөздердің дер кезінде жүргізілмеуі және өрескел кемшіліктердің қайталануы салаға жауапты тұлғалардың тиісті құқықтық жауапкершілікке тартылмауы деп отыр. Алдағы уақытта өзге де салаларда осындай олқылықтарға жол берілмеуі үшін Гүлдара Нұрымова қызметтік тергеу жұмыстарын жүргізіп, жауаптыларды жазаға тартуға шақыруда.
Әрине, халық қалаулысының депутаттық сауалын орынсыз дей алмассың. Себебі Жамбыл облысында барлығы он аудан болса, соның алтауында төтенше жағдайдың жариялануы жақсылық емес. Бұл салаға жауапты мамандардың жұмысының салғырттығын көрсетеді. Десе де, қуаңшылыққа қатысты бір ғана «Қазсушар» мекемесін кінәлі деп тану, «бастан құлақ садаға» деудің кері дейтіндер де көп. Осы орайда «Қазсушар» мекемесінің Жамбыл облыстық филиалына хабарласып, екінші тараптың да уәжін тыңдадық.
– Бүгінгі таңда Жамбыл облысының 5 ауданында (Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Меркі, Қордай) 53,9 мың гектар және Түркістан облысында (Шардара, Ордабасы, Отырар аудандары) 25,7 мың гектар алаңда «Актөбе, Жамбыл және Оңтүстік Қазақстан облыстарының су шаруашылығы және гидромелиорациялық жүйелерін қайта жаңарту» жобасы іске асырылуда.
Жобалардың жалпы құны 45 млрд теңгені құрайды. Оның бүгінгі күнге 37 пайызы немесе 17 млрд теңгесі игерілді. Құрылыс-монтаждау жұмыстарының физикалық көлемі 70 пайызға орындалып отыр.
Жамбыл облысы бойынша жоба шеңберінде жалпы ұзындығы 663,8 шақырымды құрайтын 264 суару каналдарында құрылыс-монтаждау жұмыстары жоспарланған. Жоба құны 27,5 млрд теңге. Қазіргі таңға қаралған қаржының 53 пайызы немесе 14,5 млрд теңгесі игерілді.
Қордай ауданында жоспарлы жұмыстар 100 пайызға аяқталып, нысандар пайдалануға беріліп қойды. Жуалы ауданы бойынша құрылыс 95 пайызға бітіп, қалған жұмыстар жылдың соңына дейін аяқталады деп күтілуде.
Жамбыл ауданы бойынша жұмыстар 70 пайыздық межені діттесе, вегетациядан кейін 20 пайыз, қалған 10 пайызын 2024 жылғы вегетацияға дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Байзақ ауданында да 50 пайыздық жоспар орындалып, вегетациядан кейін 30 пайыз, 20 пайыз келер жылғы вегетация кезеңіне дейін аяқталады деп көзделуде.
Меркі ауданында да жағдай жоғарыда айтылған қос ауданға ұқсас. Жоба бойынша жұмыстар 40 пайызға бітсе, вегетациядан кейін қалған 20 пайызы аяқталмақ. Ал 40 пайыздық жұмыс келер жылға қалып отыр, – дейді «Қазсушар» РМК облыстық филиалының басшысы Ерлан Өтегенов.
Иә, осылайша, «Қазсушар» мекемесінің басшысы «барды» бар, ал «жоқты» жоқтай айтуда. Бұл әрине дұрыс шешім. Себебі «ауруын жасырғанды өлім әшкерелейтіні» байырдан белгілі нәрсе.
Осы орайда айта кетерлігі, Меркі ауданында құрылыс-монтаждау жұмыстарын себепсіз тоқтатқан «Трейдинтерком» ЖШС-мен келісімшарт бұзылып, жаңа мердігерді анықтау жұмыстары жүргізіліп жатыр.
Ал Байзақ ауданында жауапсыздық танытқан ORION CONSTRUCTION LTD ЖШС-на қатысты Астана қаласының Полиция департаменті тарапынан алаяқтық фактісі бойынша тергеу амалдары жүргізілуде. Қазір бұл ауданда да жаңа мердігерді анықтау жұмыстары қолға алынған.
Ерлан Өтегеновтың айтуынша, құрылыс жұмыстарының созылуына бірнеше фактор әсер еткен. Біріншісі, нысандардың жобалық-сметалық құжаттамасы 2017-2018 жылдары әзірленген. Ал қазіргі құрылыс материалдарының бағасын ол кездегі құнмен салыстыруға келмейді. Сондықтан «Қазсушар» мекемесі мамандары серіктестіктермен барынша мәмілелік жағдайда сөйлесуге тырысуда.
Екіншіден, конкурстық рәсімдер 2019 жылы аяқталғанымен коронавирус пандемиясына байланысты құрылыс жұмыстары 1 жылға кешеуілдеп басталған.
Үшіншіден, барлық жобалардың сметалық құны түзетуден өткізілген. Міне, осындай жұмыстар құрылысты ерте бастауға кедергі болып, жобаларды межелі мерзімде аяқтауға мүмкін бермей отырған көрінеді.
Жауаптылардың айтар уәжі – осы. Алайда бұл қуаңшылықтан болған шығынның орнын толтыра алмайтыны анық. Облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасы берген ақпаратқа сүйенсек, ағын су тапшылығынан алты ауданда 364 шаруашылық зардап шеккен екен. 8,7 мың гектар егістік алқабы жарамсыз күйге түскен. Басты дақылдар қант қызылшасы, көпжылдық шөп, дәндік жүгері, көкөніс сынды өнімдер қурап кеткен. Ал алдын ала болжамдық есеп бойынша шаруалардың шығыны 3,7 млрд теңгені құраған.
Күні кеше облысқа еліміздің су жаңа Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов арнайы іссапармен келіп кетті. Нұржан Молдиярұлы сала ардагерлерінің басын қосып, ағын су мәселесін шешуге қатысты ұсыныстарын тыңдады. Енді одан министр қандай ой түйгені белгісіз. Алайда Нұржан Нұржігітов Жамбыл облысының әкімі болып тұрған кезде өңірден 11 су қоймасын салу туралы бастама көтерген болатын. Бәлкім министр Үкімет үйінде отырып бұл мәселені шеше алар. Сондай-ақ айыр қалпақты ағайынмен де байланысымызды нығайтар. Әйтпесе, жылда ағын су мәселесін сансыз жиындарда талқыға салғанымызбен одан түк шықпай жатқанын көз көруде.
Саятхан САТЫЛҒАН,
Жамбыл облысы