Астанада кітап үйі ашылды

Ұлтымыздың Ұлы ұстазы – Ыбырай Алтынсарин: «Өнер, білім – бәрі де оқуменен табылған» деп, кітап оқудың маңыздылығын ерекше атап өткен.

Кейін Ыбырайдың ізбасары – Ахмет Байтұрсынұлы: «Білімнің бас құралы – кітап» деп нақтылап кеткен болатын. Бір қызығы, Астанада Алматыкітап баспасының «Ыбырай Алтынсарин атындағы Кітап үйінің» ашылуы Ахмет Байтұрсынұлының туған күнімен тұспа-тұс келді. 

Іс-шараға елорда әкімі Жеңіс Қ­а­­сым­бек, Астана қаласы Есіл ауданы әкі­­­мінің орынбасары Тимур Чудров,  Астана қа­ласы Білім басқармасының басшысы Қасымхан Сенғазиев, қоғам қайраткері Күләш Шәмшидинова, Ы. Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының президенті Мәдина Тыныбаева, балалар жазушысы Зәуре Төрехан және Оқу-ағарту министрлігінің өкілдері, жазу­­­шылар, ғалымдар жиналды. Заманауи кітап дүкенінің қабырғасы Алматыкітап баспасы Директорлар кеңесінің төрайы­­мы  Элеонора Баталованың бастамасы­­мен қаланды. Нысан Астана қаласының сол жағалауында, ЭКСПО-2017 кешені мен «Нұр Астана» мешітінің ортасында ор­наласқан.

Елорданың рухани келбетіне айна­­­­лар Кітап үйіне ұлтымыздың Ұлы ұста­зының есімі берілуі де бекер емес. Баспа басшы­­лығының айтуы бойынша, «Алма­тыкітап баспасы» оқу-әдістемелік ке­шен­дерді шығаратын қазақстандық үш ірі кәсіп­­орынның бірі, балалар әдебиетін шыға­ра­тын баспалардың көшбасшысы. Сон­­дықтан да сан жылдар оқу-ағарту жүйе­­­­­­­­­­сімен тығыз байланыста. Отыз жыл­дан астам тарихында балалар әде­­­­биетінің дамуы мен таралуына, отандық оқу­лықтарды құрастыратын авторлар құ­ра­мын жасақтауға өзіндік үлесін қос­ты. Ба­спа Алматыдағы Кітап үйіне Ұлы тұл­­ға – Абайдың есімін берсе, күні кеше есігін айқара ашқан Астанадағы нысанды ұлт ұстазы – Ыбырайдың аты­мен ай­шық­таған. 

Ыбырай Алтынсарин атындағы Кітап үйі – заманауи кітап дүкені ғана емес, жаңа кітаптардың тұсаукесері, қа­лам­гер­­лермен кездесу, балаларға арналған ше­­бер­­лік сабақтар мен түрлі мәдени-ағарту­­шылық, ғылыми-танымдық іс-шаралар өткізетін әдеби салон. Жаңа Кітап үйі көптеген мемлекеттерге көз тартар көр­­­кем­­­дігі мен ерекше дизайны арқылы та­нымал болған, Тәуелсіз Мем­лекеттер Достастығы конкурсында «Үз­дік кітап дүкені» атағын иелегенген Ал­маты қала­сын­­дағы Абай атындағы Кітап үйінің өзін­ше бір үздік нұсқасы. Өйткені екі ғима­раттың да дизайнері – Айжан Ос­панова. 

Ыбырай атындағы Кітап үйі екі қа­­батты ғимарат. Ерекше дизайны мен стиль­ді интерьерімен ерекшеленеді. Бірін­ші қабатында ұлттық құндылы­­ғы­­мызды насихаттйтын түрлі түсті топ­та­малар мен «Менің Қазақстаным» се­риясы бойынша жарық көрген кітап­­­­тар молынан қойылыпты. Барлығы 6 мыңнан астам кітап атауы ұсынылған.  Бұл жерде ұлы тұлғалар сериясымен таны­сып қана қой­май, Абай Құнан­байұлы, Ыбырай Ал­тынсарин туралы әдеби оқулықтар мен олардың шығар­машылығының заманауи үлгісін көресіз. Ғимараттың іші кітапсүйер қауым кітап­пен асықпай таныса ала­тындай ыңғайлы, жарық әрі жайлы етіп жасалған. Со­­нымен қатар  «TopIQ» веб-платфор­масына арналған бұрыш пен оқытушылар мен оқушыларды жаттық­тыратын тре­нинг орталық та бар. Екінші қабатта сыйлық ретінде беруге болатын кітап­тардың мол қоры орналас­тыры­лыпты. Мұнда ұнаған дүниеңді асық­пай отырып қарап шығуға да болады. Кітап үйінің қонақтарын таңқалдырар ең бір қайта­­ланбас тұсы – Ұлы тұлғалардың ұлағатты сөздері жазылған тақтайшалары мен Ыбырайдың кітаптан құралған ерек­ше портреті. Мәселен, ғимаратқа кірген бетте сізді «Кел, балалар, оқы­лық!», «Ар­тық білім кітапта, Ерінбей оқып кө­руге» сынды ғажап қанатты сөз­дер қарсы алады. Бұл да өскелең ұрпаққа кітап пен оқудың маңыздылығын нұс­қауға үлес қосатыны сөзсіз.

Кітап үйінің ашылуы төл тіліміз бен Ахмет Байтұрсынұлының туған күніне тура келіпті. Бұл да бір жақсы істің жақ­сы күнге ұласқандығының дәлелі шығар. Көз тартар көркем ғимаратқа Астана әкімінен бөлек, көпшілікке танымал тұлғалар да жиналыпты. Қонақтарды ұлттық киімдегі «Жастар» театрының актерлары мен жүр­гі­­зушілері қарсы алды. Ал баспаның бас­шылық құрамы Гаухар Айтжанқызы мен Элеонора Нығметқызы Кітап үйіне экскур­сия жүргізді. Кейін Тренинг орта­лықта биылғы «Leader TopIQ – 2023» кон­­курсының «Білімді ер» номинациясы бойынша жеңімпазы, Атырау облысы, Индер ауданы, Ш.Уәлиханов атындағы орта мектептің қазақ тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі – Қайырбек Кенжеәлиев пен осы конкурстың «Жас маман» бойынша жеңімпазы, Астана қаласы, Д. Қонаев атындағы №66 гимназияның ин­форматика пәні мұғалімі – Асыл­бекова Алтынай 6-сынып оқушыларымен бірге шеберлік сабақтарын көрсетіп, өздеріне тиесілі ақшалай сертификаттары мен дипломдарына да ие болды. Шашу ша­шылды. Құттықтау сөздер легін жоба­ның идеялық дем берушісі Эленора Баталова өзі бастады. 

– Кітап үйі елордамыздың көрнекті жеріне айналатынына сенемін. Осы жо­баны жүзеге асыруға көмек­тескен­дердің барлығына алғысымды білдіремін және елорда тұрғындары мен қонақтарын осы кітап ордасына шақырамын. Бұл жерде мұғалімдер мен оқушыларды жат­тықтыру орталығы жұмыс істейді, баспа­герлермен және жазушылармен кезде­сулер өткізі­ле­ді, – деді Эленора Баталова. 

– Қазір қазақ жастары қазақ ин­тел­лигенциясын, Алаш зиялыларын, ұлт­тың мүддесін қорғап жүрген бабалары жайлы жақсы білуі керек. Бұл жерде кітаптардың басым бөлігі қазақ тілінде екен. Оның ішінде бәрі өте әдемі бе­зендірілген. Қазақ автор­ларымен қоса әлемдік авторлардың да кітаптары көп. Өзім автор ретінде айтатын болсам, «Алматыкітап баспасы» барлық автор­ларға шығармашылық ер­кіндік береді. Ешбір шаблон, шектеу қоймайды, – деп Ы.Алтынсарин атындағы Ұлттық білім академиясының вице-пре­зиденті Руслан Қаратабанов баспа мен жаңадан ашыл­ған Кітап үйінің ерекше­лігіне тоқталып өтті.

Гүлмарал ҚАБДОЛАШЕВА