Алматы қаласындағы Кеңсай зиратының аумағынан қару-жарақ табылды. Бұл туралы ІІМ баспасөз қызметі хабарлады.
Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары бойынша ҚАЖ департаменті №72 мекемесі жедел бөлімінің ақпараты бойынша, Алматы қаласы Полиция департаменті Ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес басқармасымен бірлесіп өткізілген жедел-іздестіру іс-шарасының нәтижесінде, Кеңсай зиратының маңынан ИЖ және ТОЗ екі тегіс ұңғылы мылтық, Урал бір мылтығы және патрондар табылды.
"Сондай-ақ аталған мекеме жедел қызметкерлерінің ақпараты бойынша, Түрксіб ауданына қарасты аймақтан да тегіс ұңғылы бір мылтық пен патрондар табылды. Аталған фактілер бойынша Медеу және Түрксіб аудандық полиция басқармаларынан жедел-тергеу тобы шақырылып, тіркелген факт бойынша Қылмыстық кодекстің 287-бабы 1-бөлімі бойынша қылмыстық іс қозғалды", – деп хабарлайды Алматы қаласы, Алматы және Жетісу облыстары ҚАЖД баспасөз қызметі.
Фото: Polisia.kz