Арыстанбек Мұхамедиұлына тағайындалған сот үкімі өз күшінде қалды. Ұлттық музейдің бұрынғы директоры жазасын сот үкіміне сай өтейді, – деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Арыстанбек Мұхамедиұлының апелляциялық шағымы қанағаттандырусыз қалдырылсын. Қаулы заңды күшіне енді. А.Мұхамедиұлының кінәсі толық дәлелденді, оны қорғаушылардың дәлелдері расталмады. Сотталушыны атауға негіз жоқ. Аталған іс бойынша аудиторлық зерттеу жүргізілді», – деді судья Мұрат Солтыбаев.
Еске салайық, Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлы 2022 жылы 28 мамырда қамауға алынған еді.
Оған «Алтын адамның әлем музейлеріне шеруі» халықаралық көрмесін өткізу кезінде мемлекеттік сатып алу туралы шарт аясында бюджет қаражатын жымқырды деген айып тағылды.
Айта кетсек, сот барысында Арыстанбек Мұхамедиұлы өз кінәсін мойындамады.
Биыл 20 маусымда сот үкімімен Арыстанбек Мұхамедиұлы 8 жылға бас бостандығынан айырылды.
Сонымен қатар елорда соты оның сыбайластарына да үкім шығарды. Ұлттық музейдің бұрынғы басшысының 3 сыбайласы да 7 жылға сотталды.
Еске салайық, биыл 26 шілдеде Арыстанбек Мұхамедиұлының қорғаушысы сотқа істі қайта қарау туралы апелляциялық шағым түсірген еді.
12 қыркүйек күні елорда соты Арыстанбек Мұхамедиұлының қорғаушысынан түскен апелляциялық шағымды қарауды бастады.
Бүгін таңертең өткен сотта А.Мұхамедиұлының адвокаты жазаны жеңілдетуді сұраған еді.
Фото: Аделаида Әуесбекова