Ұлттық музейдің бұрынғы директоры Арыстанбек Мұхамедиұлының ісі бойынша сыбайластардың бірі Айым Сәдуақасова сот шешімімен босатылды, - деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Астана қаласының қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотының 2023 жылғы 20 маусымдағы Айым Сәдуақасоваға қатысты үкімі өзгертілсін. ҚР Қылмыстық кодекстің 74-бабының 1-бөліміне сәйкес, Қылмыстық кодекстің 5-бабы 2-тармағы 28-тармақшасы және 189-бабы 4-бөлігі бойынша тағайындалған 7 жыл бас бостандығынан айыру жазасын өтеу 5 жылға кейінге қалдырылсын», - деді судья Мұрат Солтыбаев.
Судьяның айтуынша, Айым Сәдуақасова 5 жылға босатылып, содан кейін сот тағайындаған жазаны өтейді.
«А.Сәдуақасоваға қатысты бұлтартпау шарасы жойылсын, қамаудан дереу босатылсын. Айым Сәдуақасованы үкім заңды күшіне енгеннен кейін 1 күн мерзімде тұрғылықты жері бойынша пробация қызметіне есепке қою үшін келуге міндеттесін», - дейді ол.
Еске салайық, биыл 20 маусымда Арыстанбек Мұхамедиұлының сыбайластары Айым Сәдуақасова, Алмаз Нұразхан және Азамат Көшенов сот шешімімен 7 жылға сотталған еді.
Айта кетсек, жаңа ғана апелляция Арыстанбек Мұхамедиұлына шыққан үкімді өзгеріссіз қалдырғаны белгілі болды.