Су тапшылығы Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді – Тоқаев

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Тәжікстан Республикасына жұмыс сапары жалғасып жатыр. Бұл туралы Ақорданың баспасөз қызметі хабарлады.

Мемлекет басшысы Халықаралық Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысына қатысу үшін «Қасри Миллат» сарайына келді.

Қасым-Жомарт Тоқаевты Тәжікстан Президенті Эмомали Рахмон қарсы алды.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Аралды құтқару қорының құрылтайшы мемлекеттері басшылары кеңесі отырысындағы баяндамасы басталды.

«Біздің бүгінгі кездесуіміздің символдық мәні зор. Биыл Халықаралық Аралды құтқару қорының (ХАҚҚ) құрылғанына 30 жыл толды.

Қор құрылғаннан бергі уақыт аралығында трансшекаралық су ресурстарын бірлесіп пайдалану, Арал теңізі бассейніндегі экологиялық және әлеуметтік-экономикалық проблемаларды шешу мәселелері бойынша аймақтық ынтымақтастықтың маңызды институтына айналды.

Орталық Азияның қауіпсіздігін, тұрақтылығын және орнықты дамуын қамтамасыз ету ісінде Қор зор рөл атқарады. Бұған қоса ХАҚҚ – халықаралық аренада Орталық Азияның субъектілігін танытатын аймақтық ынтымақтастықтың санаулы табысты механизмдерінің бірі», – деді Қасым-Жомарт Тоқаев. 

 

Сонымен қатар Президент су тапшылығы мәселесіне де тоқталды. Әсіресе, суармалы егістікке су жетіспейді. 

«Жаһандық климаттық өзгерістер, су тапшылығы кезеңінің басталуы және суармалы егістікке судың жетіспеушілігі Орталық Азияның қауіпсіздігіне қатер төндіреді.

Халықаралық сарапшылардың мәліметіне сәйкес біздің аймақтағы температура жер шарындағы орташа көрсеткішпен салыстырғанда, әлдеқайда тез көтеріліп келеді. Бұл Арал теңізі бассейнінің негізгі су көзі саналатын мұздықтар көлемінің кішіреюіне әкеп соқтырады. Олардың көлемі соңғы 50 жылда 30 пайызға кішірейген.

Сарапшылардың бағалауы бойынша 2050 жылға қарай Орталық Азиядағы қуаңшылық жылына ЖІӨ-нің 1,3 пайыз мөлшерінде зиян келтіруі мүмкін. Бұл 5 миллионға жуық ішкі «климаттық» мигранттың пайда болуына түрткі болады», – деді Мемлекет басшысы.