Малға бай деген Батыс Қазақстанның оңтүстік өңірінің шаруа қожалықтары «биыл мал азығын жинай алмадық, малымыз қырылып қалса кім жауап береді» деп ашынып отыр. Себебі даланы кезген киіктер жем-шөптің бәрін отап тастаған. Отамағаны киіктің тұяғында тапталып қалған. Оралда өткен Парламент Сенатының көшпелі отырысы осы мәселеге арналды.
– Биыл оңтүстік аудандардағы табиғи шөптің түсімі төмен. Шектен тыс көбейген киіктердің оңтүстік аудандардағы шабындық пен жайылым жерлерді таптауынан мал азығын дайындау қиындап кеткен. Бүгінде киіктен шаруаларға келген залал құны – 7,9 млрд теңге. Бұл – тек жайылым жерлерге келтірілген шығын құны», – деді облыстық Ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин.
Осы ретте айта кетейік, облыс әкімінің тапсырмасымен киіктен келтірілген шығынды есептеп, акт толтыру үшін арнайы комиссия құрылған болатын. Сол комиссия әр шаруашылық көлемінде акт жасақтап, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасына тапсырған. Комиссия берген ақпаратқа сәйкес, облыс көлемінде 913 мың гектар ауыл шаруашылығы мақсатындағы жерге залал келтірілген.
Сонымен қатар киіктің көбеюі түрлі инфекциялық аурулардың таралуына да әкеліп соғуы мүмкін дейді мамандар. Себебі қазір киік бұрынғыдай адамнан қашпайды. Керісінше, ауылдың ішінде адамдармен, малмен бірге араласып кеткен.
– Киіктердің биологиялық негіздемеде көрсетілген санынан күрт өсуі облысымыздағы ветеринарлық жағдайына да кері әсерін тигізуі әбден мүмкін, себебі жер тапшылығына байланысты, киіктер үй жануарларымен тығыз араласады, сол себептен олардың бір-біріне түрлі ауруларды жұқтыру мүмкіндігі ұлғаяды, – дейді ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы Наурызбай Қарағойшин.
Ауыл шаруашылығы ғылымдарының кандидаты Табылғали Сапаровтың пікірінше, киікті Бөкей Орда, Жаңақала жерінен алыстатып, бұрынғы ата қонысы Сарыкөл ауылына қарай айдау керек.
– Ол үшін сол аймақтардағы көлшіктердің бәрін суға толтыру керек. Киік бұрын сол жерде болды, су болмаған соң олар Ордаға қарай көшіп, шаруаларға кедергі келтіріп отыр, – деді ол.
Шаруалар бұған дейін Үкіметтен компенсация сұраған еді. Өкінішке қарай, ол мәселе әлі шешілмеген. Экология министрлігінің өкілі компенсация мәселесі әлі қаралып, ұсыныстар талқыланып жатқанын айтты.
Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,
Батыс Қазақстан облысы