Жұмыссыздықпен жүйелі күрес

Батыс Қазақстан облысында жұмыссыздықтың алдын алу әзірге мүмкін болмай отыр. Облыстың Жұ­мыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдар­ламалар басқармасының дерегінше, аймақта 17 524 адам жұ­мыссыз.

Халқының саны бар болғаны 691,1 мың адамды құрайтын өңір үшін, әрине, көрсеткіш азғантай емес. Бұл еңбек орындарында тіркелген ресми дерек қана, ал тіркелмегені қаншама?

Облыс билігі жұмыссыздықпен күре­судей-ақ күресіп жатыр. Бірақ елде екі қолға бір күрек таппай сенделіп жүр­гендер саны азаймай отыр. Статистикаға сүйенсек, жұмыссыз ретінде тіркелген 17 524 адамның 6 219-ы – жастар. Бұл – басқарманың берген мәліметі. 

Қазір облыста жұмыссыздардың санын азайту бағытында бірқатар мем­лекеттік бағдарламаға жастарды тарту шаралары жүргізіліп жатыр. 

– Бұл бағытта облыста мемлекет тарапынан субсидия­ланатын жұмыс орындары – әлеуметтік жұмыс орны, жастар практикасы, қоғамдық жұмыс орны, «Алғашқы жұмыс орны», «Күміс жас», «Ұрпақтар келісімшарты» жоба­лары, сонымен қатар қайтарымсыз негізде берілетін грантты атап өткен жөн, – дейді БҚО Жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бөлім басшысы Асан Нарымбаев. 

Облыс бойынша биыл әлеуметтік жұмыс орындары бағдарламасы не­гізінде 562 адам жұмысқа орна­ласыпты. 

Әлеуметтік жұмыс орны – аза­маттарды жұмыспен қамтып қоймай, сонымен қатар жұмыс берушілерге жалақы төлеуге кететін шығынын қысқарту арқылы мемлекеттік қол­дау­дың бір инструменті.

Ал жастар практикасы 35 жасқа тол­маған жастарды жұ­мыспен қамтуға арналған. Бұл – оқуды жаңа бітірген жас­тар үшін тиімді жоба. Биыл бұл бағдарлама аясында 849 жас маман жұмысқа орналасқан. Жыл аяғына дейін 1704 адамды жұмысқа орналастыру көз­деліп отыр. Жастарды жұмысқа орналас­тыруда «Алғашқы жұмыс орны» жобасы да айтарлықтай оң әсерін беріп отыр. Мамандардың айтуынша, биыл осы жоба арқылы 179 жас маман жұ­мысқа тұрыпты. 

Арнайы білімі жоқ, кәсіби даярлығы жоқ адамдарды қо­ғамдық жұмыстарға тарту шарасы да бар. Биыл аймақта 4 422 адам қоғамдық жұмысқа тарты­лыпты. Ерек­шелігі – жұмысты толық емес жұмыс күні шарттарында немесе икемді кесте бойынша ұйымдастыру және арнайы білімі жоқ адамдарға уақытша жұмысқа орна­ласуға мүмкіндігі беріледі.

Еліміз бойынша жұмыс істеп тұрған «Күміс жас» және «Ұрпақтар келі­сім­шарты» жобаларын да айта кеткен жөн. «Ұрпақтар келісімшарты» жобасы бойын­ша бар болғаны 5 адам жұмысқа тұрыпты, ал «Күміс жастың» игілігін 331 адам көрген. «Күміс жас» жобасы – жасы 50-ден асқан адамдарды жұмысқа орналастыруды көздейтін жоба. 

Биыл аймақта 317 адам қайтарымсыз грант алып үлгерген. Бұл жоба аясында кәсіп бастағысы келіп жүргендерге мем­лекет тарапынан қаржылай қолдау көр­сетіледі. Бастысы, заманауи, жаңа­шыл идеяң болса болғаны.

– Аталған гранттар 2022 жылдан бастап тек әлеуметтік осал топтарға ғана берілуде. Жаңа бизнес идеяларды іске асыруды көздейтін жобаларға мемлекет тарапынан қайта­рымсыз негізде 400 АЕК немесе 1 млн 380 мың тең­геге дейін мемлекеттік қайтарымсыз грант­тар берілуде, – дейді БҚО Жұмыс­пен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқар­масының бөлім басшысы Асан Нарымбаев.

Биыл Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тап­сырмасымен жасы 35-ке дейінгі жастарға 2,5 пайызбен жеңіл­детілген несие беру шаралары ұйым­дастырылып жатыр. Бұл да – жұмыссыз жастардың санын азайтуға, кәсіпке ұм­тылған жастарды қолдауға арналып отыр­ған жобалардың бірі. Бұл жоба бойын­ша облыста 181 жас төмен пайыз­дық мөлшер­лемемен несие алып, бү­гінде жұмысқа кірісті. Микрокредиттің мерзімі бес жылға дейін, ал мал шаруа­шылығы саласындағы жобалар үшін жеті жылға дейінгі мерзімге рұқсат етіледі. 

Жұмыссыз адамға жұмыс тауып бер­геннен бөлек, әлеуметтік қолдау көр­сету де аса маңызды. 

– Міндетті әлеуметтік сақтандыру жүйесіне қатысушы жұмыссыз ретінде тіркелген күннен бастап жұмысынан айы­рылу жағдайы бойынша әлеуметтік төлем алуға құқылы. Бүгінгі күні 3 534 жұ­­мыссыз аталған әлеуметтік тө­лемді алуда, – дейді Асан Нарымбаев.

Жанат ҚАЙЫРҒОЖИНА,

Батыс Қазақстан облысы